Жүйеге кіру
ЕЭК министрі Виктор Назаренко: «Мемлекеттік бақылау органдарының белсенділігінің төмендігі ЕАЭО-да қауіпті өнім туралы хабардар етудің ақпараттық жүйесін ендіруді тежейді»

ЕЭК министрі Виктор Назаренко: «Мемлекеттік бақылау органдарының белсенділігінің төмендігі ЕАЭО-да қауіпті өнім туралы хабардар етудің ақпараттық жүйесін ендіруді тежейді»

20190926160258.jpg
26.09.2019

Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) ішкі нарығын қауіпсіз емес өнімнен қорғаудың тиімді жүйесін құру - Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) мен мүше мемлекеттердің түбірлі міндеттерінің бірі. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Алқа мүшесі (министр) Виктор Назаренко 26 қыркүйекте Бішкекте «Еуразиялық апта» шеңберінде өткен «Одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келмейтін өнім туралы хабардар ету жүйесі» дөңгелек үстелінде мәлімдеді.

2018 жылы ЕАЭО-да қауіпті өнім туралы хабардар етудің бірыңғай жүйесі бойынша пилоттық жоба басталды. Ол Одақ елдеріне бірыңғай нарықта жөнсіз өнімнің анықталғаны туралы ақпарат алмасудың және оның ЕАЭО кеңістігіндегі айналысын алдын ала ескерту жөнінде жедел шаралар қабылдаудың механизмін тестілік режимде сыннан өткізуге мүмкіндік берді.

Бірыңғай техникалық регламенттерінің талаптарына сай келмейтін қауіпті өнім анықталған кезде мемлекеттік бақылау органдары оны бүкіл одақтық аумақтан алып қоюға дейін тиісті шаралар қабылдайтыны көзделген.

 

Жобаланған жүйе сондай-ақ бақылау (қадағалау) органдарының негізсіз іс-қимылдарына байланысты тосқауылдарды алып тастау үшін жағдайлар жасайды және тұтынушыларға қауіпсіз емес, соның ішінде импорттық өнім туралы дер кезінде ақпарат алуға мүмкіндік береді.

 

ЕЭК-тің Техникалық реттеу және аккредиттеу департаментінің директоры Тимур Нұрашев дөңгелек үстелге қатысушыларды Комиссияның Одақ елдерінің мемлекеттік бақылау органдарымен бірлесіп жүргізіп жатқан оны құру жөніндегі жұмысы туралы хабардар етті. Бұл ретте ол биылғы тамыз-қыркүйекте Комиссия өткізген пилоттық жобаны тестілік пайдалануға ЕАЭО елдерінің 14 мемлекеттік бақылау органы ішінен алтауы ғана қатысқанын атап өтті. Еуразиялық Үкіметаралық кеңестің мүше мемлекеттердің үкіметтеріне берген тапсырмасына деген мұндай қатынас оның дер кезінде әрі толық орындалуына шүбә келтіреді.

 

«Пилоттық жобаны іске асырудағы мемлекеттік бақылау органдары белсенділігінің төмендігі, өкінішке қарай, Одақта қауіпсіз емес өнімнен тұтынушыларды қорғаудың тиімді жүйесі дер кезінде құрылады деп санауға мүмкіндік бермейді», - деп атап көрсетті Виктор Назаренко. 

 

Іс-шараға қатысушылар пилоттық жобаны іске асыруды ойдағыдай аяқтау үшін барлық мемлекеттік бақылау органының қатысуымен тестілік пайдалану мерзімін ұзартуды жақтады.

 

Дөңгелек үстелді қорытындылай келіп, Виктор Назаренко ЕАЭО мемлекеттерінің уәкілетті органдарына қауіпті өнім туралы хабардар етудің бірыңғай жүйесін қалыптастыруға қатысуды жандандыруды ұсынды.