Жүйеге кіру
Сергей Глазьев Еуразиялық валюта-қаржы жүйесін қалыптастыруды ұсынды

Сергей Глазьев Еуразиялық валюта-қаржы жүйесін қалыптастыруды ұсынды

26.10.2020
Еуразиялық экономикалық комиссияның Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев 26 қазанда онлайн-режімде өтіп жатқан «ЕАЭО мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын ұштастыру» форумында ЕАЭО мен Қытай арасындағы қаржылық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары жөніндегі сессияда Еуразиялық экономикалық одақтың ұлттық валюталарға сүйенген валюта-қаржы жүйесін құру жайындағы өз ұсынысын білдірді.

Сергей Глазьев атап көрсеткендей, ЕАЭО-да ұлттық валюталарда өзара есептесуге көшу жұмысы жүргізілуде, бірақ олардың үлесі бұрынғысынша тым қарапайым: Одақ ішінде шамамен 50% және Қытаймен есептесуде шамамен 15%.

«Ресейде және Қытайда өз төлем жүйелері, банктер арасында ақпарат алмасудың электрондық жүйесі құрылған, бірақ шаруашылық қызметінің қатысушылары әзірге инфрақұрылымның бұл элементтерін өте баяу пайдалануда және бұрынғысынша бөтен валюталарда жұмыс істейді. Жағдаятты түбегейлі өзгертуіміз, өзіміздің Еуразиялық валюта-қаржы жүйесін құруымыз керек деп санаймын. Ол бізді тәуекелдерден сақтандыратын әрі сенімді, ашық, қолайлы, тиімді және шаруашылық жүргізушілер үшін салмақ салмайтын жүйе болар еді», – деп атап өтті Сергей Глазьев.

Ол бұл нәтижеге қалай келу жөніндегі өз ұсыныстарын да естіртті. Оның пікірінше, бәрінен бұрын, ұлттық валюталардың бағамын тұрақтандырған маңызды. «ЕАЭО мемлекеттері арасында валюта бағамдарын тұрақтандыруды қамтамасыз ету жөніндегі келісімге қол қою, Еуропалық одақ елдерінде жұмыс істеген сол «валюталық жыланды» құру қажеттігі пісіп-жетілді», – деді Сергей Глазьев.

Екінші бағыт – Еуразиялық биржаларды және баға белгілеу механизмдерін қалыптастыру. Бұл бағыт Одақ мемлекеттерінің басшылары тұтастай мақұлдаған Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарының жобасында көзделген.

Үшінші бағыт – ұлттық валюталарда есептесу үшін артықшылықтар беру. Сергей Глазьевтің пікірінше, ТМД-ның Мемлекетаралық банкі коммерциялық банктерге қарағанда неғұрлым төмен тарифтермен конверсиялық операцияларды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқара алар еді.

Бұдан басқа, Сергей Глазьев ұлттық валюталардағы есептесулерге валюталық бақылауды қолданбауды және өзара сауда мен бірлескен инвестицияларға кредит беру және қаржыландыру мәселелерін қарауды ұсынды.

«Стратегия-2025 іске асыру шеңберінде біз мұны істеп шыға аламыз деген үміттемін. Құжаттың қазірдің өзінде мақұлданған бағыттары арасында Еуразиялық интеграцияның символдарын бірлескен даму бағдарламаларын, бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды әзірлеу, инвестициялық жобаларды қалыптастыру, өндіріс кооперацияларын кеңейту бар. Мұның бәрі ұзақ мерзімдік кредиттің қуатты көзін құруды талап етеді», – деп түйіндеді ЕЭК министрі.​