Жүйеге кіру
Словакияның іскер топтары ЕАЭО-мен және ЕО-мен неғұрлым тығыз өзара іс-қимылға мүдделі

Словакияның іскер топтары ЕАЭО-мен және ЕО-мен неғұрлым тығыз өзара іс-қимылға мүдделі

26.11.2019
Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері нарығындағы шетелдік компаниялардың жұмысы мәселелеріне арналған халықаралық конференцияға қатысушылар ЕАЭО мен Еуропалық одақтың (ЕО) арасында толыққанды диалог орнату қажеттілігі туралы мәлімдеді. Конференция 21 қарашада Братиславада (Словакия) өтті.

Еуразиялық экономикалық комиссия делегациясының басшысы – Интеграцияны дамыту департаментінің директоры Сергей Шухно аудиторияны ЕАЭО жұмыс істеген бес жылдың қорытындылары және оның даму перспективалары туралы хабардар етті.

«Одақ институционалдық тұрғыдан қалыптасты және өзіне мүше мемлекеттердің макроэкономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етті. Одақ елдерінің басшылары осы заманғы экономикалық ақиқатқа жауап беретін интеграцияны одан әрі тереңдетуді мақсат етеді. Интеграциялық жаңа бағдарлар ЕАЭО шеңберіндегі интеграциялық процестерді одан әрі дамыту туралы декларацияның негізіне айналды және бүгінде Комиссия Декларацияның ережелерін нақтылауға және дамытуға және ішкі нарықтағы тосқауылдарды жою жөніндегі жұмысты оңтайландыруға арналған стратегиялық құжатты әзірлеу бойынша жұмыс істеуде», – деп атап өтті Сергей Шухно.

ЕЭК делегациясының басшысы Еуропалық одақтың ЕАЭО елдері үшін негізгі технологиялық және сауда-инвестициялық әріптесі болып қала беретінін атай келіп, ЕАЭО елдерінің Словакиямен және тұтастай ЕО-мен сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамыту туралы әңгімеледі. Дей тұрғанмен, ЕО экспорттаушылары Азия-Тынық мұхиты елдеріндегі бәсекелестеріне ЕАЭО-ның бірыңғай нарығындағы позицияларын беріп қоюды жалғастыруда. Сергей Шухно қалыптасқан жағдайды түзету қажеттігін атап өтті және оған еуропалық әріптестермен бірлескен жұмыстың ықпал ететініне сенімін білдірді.

 Братислава Сауда-өнеркәсіптік палатасы Басқармасының төрағасы Игорь Юнас Еуропада және Азияда жүріп жатқан интеграциялық процестер сапалық жағынан жаңа сауда-экономикалық өзара іс-қимыл үшін кең мүмкіндіктер беретінін айтты. Шығыс Еуропа елдерінің ЕАЭО елдерімен дәстүрлі тығыз байланыстарына сүйене отырып, ынтымақтастықты дамыту қажет. Одақаралық диалогты жолға қою тақырыбын қозғай отырып, Игорь Юнас осы өзара іс-қимыл әлеуетін іске асыру Словакияның және ЕАЭО елдерінің жаһандық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін толық көлемде сақтауға және арттыруға мүмкіндік береді, ал қазіргі жағдайлардағы негізгі міндет нарықтарға өзара шығуды оңайлату болады деп атап өтті.

ЕЭК өкілдері де Словакия аудиториясын техникалық реттеу, СФС-шараларды қолдану және ЕАЭО өнеркәсіптік саясатын жүргізу туралы, сондай-ақ ЕАЭО-ның бірыңғай нарығында жұмыс істейтін немесе оған шығуды жоспарлап отырған шетелдік бизнес үшін еуразиялық экономикалық интеграцияның тиімділіктері туралы хабардар етті.

 Анықтама

Братиславадағы халықаралық конференцияны Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Қырғыз Республикасының Словакия Республикасындағы дипломатиялық миссияларының өзара іс-қимылы жағдайында Ресей Федерациясының Елшілігі ұйымдастырды. Төтенше және өкілетті елшілер А. Федотов, И. Лещеня, Б. Джусупов, Қазақстан Республикасы істеріндегі уақытша сенім білдірілген өкіл Д. Изанова, сондай-ақ Ресей Федерациясының сауда өкілі С. Ступарь құттықтау баяндамаларымен сөз сөйледі.

Іс-шараға шағын және орта бизнес өкілдерін қоса алғанда, 100 астам словак кәсіпкерлері қатысты.