Жүйеге кіру
ЕАЭО-да әуе көлігі қызметтерінің ортақ нарығы үшін әділ және адал бәсекелестікті қамтамасыз ету бойынша келісілген тәсілдемелер әзірленуде

ЕАЭО-да әуе көлігі қызметтерінің ортақ нарығы үшін әділ және адал бәсекелестікті қамтамасыз ету бойынша келісілген тәсілдемелер әзірленуде

26.11.2019
Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасы 26 қарашада энергетика және көлік салаларындағы, ішкі нарықтың жұмыс істеуі, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің экономикаларын цифрландыру, техникалық реттеу, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың ортақ нарықтары және басқа да бірқатар мәселелерді қарады.

ЕЭК Алқасы ЕАЭО мемлекеттеріне 2025 жылға дейін әуе қатынасын кеңейтуге және Еуразиялық экономикалық одақтың әуе көлігі қызметтерінің ортақ нарығын кезең-кезеңмен қалыптастыру кезінде әділ және адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге бағытталған шаралар пакетінің бір мезгілде іске асырылуын қамтамасыз етуді ұсынды.

Осы шараларды іске асыру жолаушылар және жүк әуе тасымалдары кезінде көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қол жетімділік дәрежесін арттыруға ықпал ететін болады. Мәселен, аэронавигациялық және әуежай қызметтерін көрсеткені үшін алымдар алу кезінде қатысушы елдердің арасында тұрақты халықаралық әуе қатынастарын орындайтын басқа мүше мемлекеттердің әуе кемелерін пайдаланушылар үшін өз пайдаланушыларына арналған тарифтік ставкаларды қолдану ұсынылады. Ал аэронавигациялық және әуежай қызметтерін көрсеткені үшін ұлттық валютамен немесе үшінші елдердің валюталарымен есеп айырысу кезінде – мүше мемлекеттердің ұлттық банктерінің тиісті күнтізбелік күнге белгіленген ресми бағамдарын пайдалану ұсынылады.

Басқа мүше мемлекеттердің әуе кемелерінің транзиттік ұшуы кезінде өзінің әуе кеңістігін пайдаланғаны үшін қосымша төлемдер (өтемақы төлемдерін) алуға жол бермеу ұсынылады. Бұдан басқа, өз заңнамасына әуежайлар мен авианавигацияның басқа мүше мемлекеттердің тұтынушыларына қызметтер көрсетуі осы қызметтерді өз тұтынушыларына көрсететін шарттардан қолайлылығы кем емес шарттарда жүзеге асырылатын ережелерді енгізу ұсынылады.

ЕЭК Алқасы дәрілік препараттарға клиникалық зерттеулер жүргізу және оларды тіркеу мақсатында олардың қауіпсіздігін клиникаға дейін зерттеу жөніндегі нұсқаулықты бекітті.

Нұсқаулықта адамның қатысуымен жүргізілетін клиникалық зерттеулерді кейіннен қауіпсіз жүргізу мүмкіндігінің негіздемесі ретінде қауіпсіздікті клиникаға дейінгі зерттеулердің түрі мен ұзақтығын таңдауға қатысты бірыңғай тәсілдемелер белгіленеді. Құжат сондай-ақ мүше мемлекеттерде дәрілік заттарды тіркеу кезінде, оның ішінде жаңа дәрілік препаратқа тіркеу дерекнамасын қалыптастыруға және оны қауіпсіздіктің дәлелдемесі және пайдасы мен қаупінің қатынасы тұрғысынан бағалауға қойылатын талаптар көлеміндегі айырмашылықтарды жояды.

Нұсқаулықты қабылдау мүше мемлекеттерде тіркеу дерекнамасына өзгерістер енгізу кезінде клиникаға дейінгі зерттеулерді қайталап жүргізу қажеттігін болдырмауға мүмкіндік береді.

«Минералдық тыңайтқыштарға қойылатын талаптар туралы» ЕАЭО техрегламентіне (ЕАЭО ТР 039/2016) оның талаптарын орындау, сондай-ақ өнімнің техрегламент талаптарына сәйкестігін бағалау кезінде зерттеулер және өлшемдер жүргізу мақсатындағы стандарттар тізбесі қабылданды.

Стандарттар тізбесіне енгізілген мемлекетаралық стандарттар, мүше мемлекеттердің ұлттық (мемлекеттік) стандарттары негізінен халықаралық және еуропалық стандарттармен бірдей немесе оларға қатысты өзгертілген болып табылады.

Сондай-ақ ЕЭК Алқасының шешімімен кедендік декларация беру Кеден одағының «Машиналар мен жабдықтың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің (КО ТР 010/2011) талаптарына сәйкестігін бағалау туралы құжатты ұсынумен сүйемелденетін өнімдердің тізбесі пневмоұрғыштарға қатысты СЭҚ ТН 8412 кодымен толықтырылды.