Жүйеге кіру
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ЕАЭО елдерінің негізгі жұқпалы емес ауруларға қарсы күрестегі алға басушылығын атап өтті

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ЕАЭО елдерінің негізгі жұқпалы емес ауруларға қарсы күрестегі алға басушылығын атап өтті

27.02.2019
Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) нарығындағы тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі, трансмайларды қоса, оларда қалған антибиотиктер мен басқа да зиянды заттар санын анықтау Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) қалт етпейтін қадағалауы аясында. Тәуекелдің негізгі факторларын, соның ішінде дұрыс тамақтанбауды жою жүрек ауруларының, инсульт пен диабеттің барлық жағдайларының кем дегенде 80%-ның, сондай-ақ обыр жағдайларының 40%-ың пайда болуын болдырмайды.

Бұл туралы 25-26 ақпанда Комиссияда өткен жұқпалы емес аурулардың (ЖЕА) профилактикасы үшін тамақ өнімінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы саясатты әзірлеу мен іске асыру жөнінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен (ДДҰ) бірлескен семинарда ЕЭК Санитариялық, фитосанитариялық және ветеринариялық шаралар департаментінің директоры Игорь Гаевский мәлімдеді.

«Климат пен қоршаған ортаның үздіксіз өзгерісі, өндірістің жаһандық жүйелерінің дамуы және тамақ өнімін жеткізу тұтынушыларға, өнеркәсіпке және планетаның өзіне әсер етуде: тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйелері осы өзгерістердің қарқынына бейімделуге тиіс»,- деп атап көрсетті Игорь Гаевский.

Оның сөзінше, Еуразиялық экономикалық комиссия жүргізіліп жатқан жұмыстар шеңберінде ЕАЭО кедендік аумағында адамның өмірі мен денсаулығына қауіпсіз жануарлар мен өсімдіктер өнімінің еркін айналысы үшін бірыңғай құқықтық өріс қалыптастыруды қамтамасыз етеді.

ДДҰ Еуропалық бюросының жұқпалы емес аурулардың профилактикасы және оларға қарсы күрес жөніндегі офисінің басшысы доктор Жоао Бреда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік комитеті ДДҰ-ның Еуропалық өңірінде ЖЕА профилактикасы және оған қарсы күрес жөнінде 2016-2025 жылдарға арналған Іс-қимыл жоспарын қабылдағанын хабарлады. Мақсат – 2030 жылға қарай жұқпалы емес аурулардан қайтыс болуды үштен бірге азайту. ДДҰ-ның жоспар шеңберіндегі басқа да міндеттері арасында - тамақ өнімінде, атап айтқанда, жүрек-қан тамырлары ауруларының пайда болу қатерін артыратын майлы қышқылдардың трансизомерлерін пайдалануға тыйым салу бар. Осыған байланысты Жоао Бреда «ЕАЭО мемлекеттері бұл мәселеде айтарлықтай алға басуға қол жеткізді» деп атап өтті.

Ол Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде экономикалық механизмдерді пайдалана отырып, азық-түліктердің қауіпсіздігі мен халықтың денсаулық деңгейін арттыру мәселесін шешудің бірегей мүмкіндігі қалыптасқанын атап көрсетті.

Өткен жылы, өтпелі кезең аяқталғаннан кейін, осындай өнімде майлы қышқылдардың трансизомерлері болуының жол берілетін деңгейі жөнінде май өніміне арналған одақтық техникалық регламентте белгіленген қатаң нормативтер күшіне енгенін еске сала өткен жөн. Оның үстіне бұл пайдалануға дайын өнімге ғана емес, сол сияқты нан-бөлке және кондитер бұйымдарын, құрамында сүт бар өнімдерді және сүт майын алмастырғыш бар балмұздақты, спредтерді, кулинарлық бұйымдарды және т.б. әзірлеу үшін пайдаланылатын азық-түлік шикізатының толып жатқан атауларына да қатысты. Қатты, жұмсақ және сұйық маргариндердің, сүт майын алмастырғыштың және арнаулы мақсаттағы майлардың құрамында трансмайлардың болуы тамақ өніміндегі жалпы май құрамының 2%-нан аспауға тиіс. Бұрын өнім құрамында мұндай трансизомерлердің 8-ден 20%-ға дейін болуына жол беріліп келді.
 
Семинарға қатысушылар Одақтың әрбір елінде ЕАЭО техрегламенттерінің талаптарын сақтауға мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) қамтамасыз ететін уәкілетті орган бар екенін атап көрсетті. Соған қарамастан, ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросы өткізген таяудағы мониторинг процесінде ЕАЭО-ның кейбір елдеріндегі тамақ өнімдерінде өнеркәсіптік трансмайлардың өте жоғары көлемі әлі де бар екені анықталды. Өтпелі кезеңнің аяқталуына байланысты мүше мемлекеттер тамақ өнімінің құрамындағы майлы қышқылдардың трансизомерлерін май өнімі техрегламентінде белгіленген нормаларға сәйкес келтіруді қаматамасыз етеді деп күтілуде.

Семинарға қатысқан ЕЭК-тің және Одақ елдері уәкілетті органдарының өкілдері де Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдерімен жұқпалы емес ауруларға қарсы күрес және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы уағдаласты. Атап айтқанда, ЕЭК пен ДДҰ Комиссияның және Еуропалық өңірлік бюро арқылы іс-әрекет жасайтын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қояды.