Жүйеге кіру
ЕЭК министрі Татьяна Валовая ЕАЭО мен Чилидің арасындағы таяу келешектегі ынтымақтастықтың басым бағыттарын атап айтты

ЕЭК министрі Татьяна Валовая ЕАЭО мен Чилидің арасындағы таяу келешектегі ынтымақтастықтың басым бағыттарын атап айтты

27.07.2017

Кедендік ынтымақтастық, цифрлық күн тәртібі мен аграрлық сектордағы ынтымақтастықтың перспективалары 2018 жылға арналған Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері мен Чили арасындағы өзара іс-қимылдың басым  бағыттары болады. Бұл туралы 26 шілдеде Мәскеудегі кездесуде Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Интеграция және макроэкономика жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Татьяна Валовая мен Чили Республикасы Сыртқы істер министрінің сауда жөніндегі орынбасары Паулина Назаль уағдаласты.

ЕАЭО жаңа Кеден кодексінің күшіне енуін ескере отырып, кедендік мәселелер жөнінде сараптамалық консультациялар өткізу ұйғарылды. Бұдан басқа, ЕЭК пен Чили үкіметінің арасындағы өзара іс-қимыл жөніндегі бірлескен комиссияның жыл сайынғы отырысы шеңберінде ЕАЭО мен Чили цифрлық күн тәртібі жөнінде пікір алмасу, аграрлық өнеркәсіптегі, атап айтқанда балық аулау шаруашылығында ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары бойынша салалық консультациялар өткізу жоспарланып отыр.

«Чилиді ЕАЭО-мен ынтымақтастықты дамытуға қатысты Латын Америкасы елдерінің арасындағы алғашқылардың бірі деп санауға болады. Соңғы жылдары осы елмен меморандумға қол қою арқылы байланыстарды қалыптастырғаннан кейін ынтымақтастық жеделдетілді, ал Чили Республикасы ЕЭК үшін сол өңірдегі негізгі әріптес болып отыр, – деп атап өтті министр. – Біз 2017-2018 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын құрдық, Чилидің ЕАЭО-да және Одақтың Чилиде экспорттық мүдделері болатын тауарлар тізбесімен алмастық. Бұл ЕАЭО мен Чилидің арасындағы тауар айналымын ұлғайту жөніндегі  күш-жігерді арттыруға мүмкіндік береді.

Чили ЕАЭО елдерімен әріптестік байланыстарын дамытуға әдеттегіше белсенді жұмыс істейді. Өткен жылы ресми және іскерлік топтардан құралған делегация бірлескен комиссияның 2-отырысын өткізгеннен кейін Беларусь Республикасы мен Армения Республикасына сапармен барған болатын. Осы жылы ресми және іскерлік топтармен кездесу үшін әрі ынтымақтастықты, атап айтқанда аквамәдениет саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің мүмкіндіктерін іздеу үшін кездесулер өткізуге Қырғыз Республикасына сапармен бару жоспарланды. Бұл  Чили делегациясының осы  елге алғашқы сапары болды.  Чили мен ЕЭК ынтымақтастығы республикаға Еуразия өңірінде жаңа әріптестер табуына мүмкіндік берді.

Паулина Назаль ЕЭК-пен көпжақты деңгейде байланыстарды дамытуға - Мексиканың, Чилидің, Колумбияның және Перудің интеграциялық бірлестігі - Тынық мұхит альянсының қызығушылығы еске түсірді. Ол осындай өзара іс-қимыл ынтымақтастықтың көкжиектерін кеңейтіндігін атап өтті.

Анықтама
ЕЭК мен Чили Республикасының үкіметі арасындағы ынтымақтастық Өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде жүзеге асырылады. Құжатқа 2015 жылғы  19 маусымда қол қойылды.

Меморандумға сәйкес бірлескен комиссияның отырыстары жыл сайын өткізіледі. 2015 жылғы 2 қазанда Сантьяго қаласында осындай 1-отырыс өткізілді.
2016 жылғы 26 қыркүйекте Мәскеу қаласында бірлескен комиссияның 2-отырысы болып өтті, соның шеңберінде ЕАЭО елдерінің өкілдері үшін еркін сауда аймағы (ЕСА) туралы келісімдер бойынша келіссөздер жүргізу жөнінде тәжірибе алмасу семинары өткізілді.

2017 жылғы 20-21 наурызда Сантьяго қаласында бірлескен комиссияның 3-отырысы өткізілді, соның нәтижелері бойынша алдын ала уағдаластықтарға сай іс-қимыл жоспары бекітіліп, экспорттық мүдде тауарларының тізбелерімен алмасу жүргізілді. Отырыстың шеңберінде техникалық реттеуге, ЕАЭО-да санитариялық, фитосанитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдануға арналған семинар өткізілді, сондай-ақ монополияға қарсы реттеу мен мемлекеттік сатып алу жүйесінің мәселелері талқыланды.