Жүйеге кіру
Тигран Саркисян: «ЕАЭО жастарының Одақтың барлық елінде кәсіби қалыптасып танылуына мүмкіндігі бар»

Тигран Саркисян: «ЕАЭО жастарының Одақтың барлық елінде кәсіби қалыптасып танылуына мүмкіндігі бар»

6.jpg
27.09.2019
Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян 26 қыркүйекте Қырғыз-Ресей Славян университетінде (ҚРСУ) болып, ҚРСУ ректоры Владимир Нифадьевпен кездесті және студенттер мен оқытушылар алдында лекция оқыды.

Тигран Саркисян мен Владимир Нифадьев Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріндегі жоғары оқу орындары ынтымақтастығының мәселелерін талқылады. Кездесуде Одақтың дипломдарды өзара тану және жастардың ЕАЭО-ның барлық елінде кәсіби қалыптасып танылу мүмкіндігі сияқты артықшылықтары атап өтілді.

ЕЭК Алқасының Төрағасы лекцияда ЕАЭО жұмыс істеген бес жылдың аралық қорытындыларын келтірді және ішкі сауда көлемі үшінші елдермен сауда өсімінің қарқынымен салыстырғанда неғұрлым тез қарқынмен өсіп келе жатқанын айтты.

Тигран Саркисян Қырғызстанның интеграциялық бірлестікке мүшелігінің азаматтар мен бизнеске әкелген артықшылықтарына жан-жақты тоқталды. «Қырғыз Республикасының ЕАЭО-ға қосылуы экономикалық жағынан орынды болып шықты және оны халықтың көпшілігі қолдады. Елде интеграцияны қоғамдық қолдаудың деңгейі ең жоғары - 86% болды»,- деп атап көрсетті ЕЭК Алқасының Төрағасы.

Интеграциялық жетістіктер арасынан, атап айтқанда, ол еңбек нарығын ырықтандыруды атап өтті, оның пікірінше, бұл Қырғыз Республикасы үшін ең анық байқалған оң нәтиже болып табылады. ЕАЭО-да 2015 жылдан бастап бірыңғай еңбек нарығы жұмыс істейді. Еңбекшілер кедергісіз жүріп-тұрады, жұмысқа қосымша талаптарсыз және рұқсаттарсыз орналаса алады, олардың дипломы өзара танылады. Еңбекшілердің әлеуметтік және медициналық қамтамасыз етілу құқығы бар, олардың балалары бала бақшаларға баруға, білім алуға құқықты.

ЕЭК Алқасының Төрағасы студенттер мен оқытушылардың сұрақтарына жауап берді.

Лекцияның соңында ҚРСУ ректоры Владимир Нифадьев Тигран Саркисянға университеттің құрметті профессоры атағы берілгені туралы хабарлады. «Мен үшін бұл үлкен құрмет»,- деді Тигран Саркисян.

ЕЭК Алқасы Төрағасының лекциясы «Ала-Арча» Мемлекеттік резиденциясында 25-27 қыркүйекте өтіп жатқан IV «Еуразиялық апта» халықаралық көрме форумы шеңберінде болып өтті.