Жүйеге кіру
ЕАЭО-ны Қытаймен және Еуропамен ұштастыру – Үлкен Еуразиялық әріптестіктің түйінді идеясы

ЕАЭО-ны Қытаймен және Еуропамен ұштастыру – Үлкен Еуразиялық әріптестіктің түйінді идеясы

27.10.2020
ЕАЭО мен Қытайдың сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру жөніндегі Бірлескен комиссиясының бірінші отырысы қарсаңында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Қытай Халық Республикасының экономикалық және сыртқы саясат министрліктерінің басшылары, сонымен қатар Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Андрей Слепнев пандемияның жаһандық және ұлттық экономикаларға әсерін, сондай-ақ сыртқы сауданы нығайту шараларын талқылады. Пікірсайыс ЕАЭО Іскерлік кеңесінің, РӨКО-ның және «Іскер Ресейдің» басты қолдауымен ЕЭК ұйымдастырған «Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын ұштастыру» бейнефорумының жалпы сессиясы шеңберінде өтті.

«Пандемия бірқатар процестің катализаторына айналды. Бәрінен бұрын, бұл цифрландыру мен жаңа технологиялық салтқа көшу. Пандемияның ең алаңдататын үрдісі мен салдары – Дүниежүзілік банк болжап отырған әлемдік экономиканың Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі терең рецессиясы емес, саяси жанжалдардың да, сол сияқты сауда жанжалдарының да шиеленісіп отырғаны, Дүниежүзілік сауда ұйымы сияқты бірегей институт қызметінің берекесі кеткен жағдайдағы халықаралық өмірдің бытыраңқылығы», –  деп мәлімдеді өз сөзінде Андрей Слепнев. Ол замани әлем халықаралық қатынасқа қатысушылардың бәрінің де күш-жігерін талап етеді деген сенім білдірді. Ұтымды экономикалық шешімдерді басшылыққа ала отырып, жаһандық сын-қатерлерге тек осылай ғана жауап беруге болады.

Пандемия салдарынан болған сауда айналымындағы елеусіз азаюға қарамастан, Қытай сыртқы тауар айналымында бірінші орын ала отырып, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің Азиядағы басты стратегиялық және сауда әріптесі болып табылады. 2020 жылғы қаңтар-тамызда ЕАЭО-ның сыртқы сауда тауар айналымының 20,1%-ы Қытайдың үлесіне тиді. Әлемдегі іскер белсенділіктің ағымдағы жылдың екінші тоқсанының ортасында дейінгі құлдырауын ескере келгенде, ЕАЭО мен ҚХР арасындағы өзара сауда айналымының 6,3% қысқаруын елеусіз деп есептеуге болады.

Андрей Слепневтің пікірінше, қолайлы географиялық жағдайының және жалпы реттеп отыруының арқасында ЕАЭО Еуроодақ пен Азия-Тынық мұхит өңірі арасында экономикалық көпір бола алар еді. «ЕАЭО-ны бір жағынан Қытаймен және, екінші жағынан Еуропамен үштастыру Үлкен Еуразиялық әріптестіктің түйінді идеясы болып табылады, біз осыған ұмтыламыз», –  деп мәлімдеді министр.

Қытай Халық Республикасы Коммерция министрінің орынбасары Ван Шоувэнь ЕАЭО елдері Қытайдың маңызды әріптестері болып табылатынын атап өтті. ҚХР өкілінің пікірінше, ЕАЭО мен Қытайдың сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімі – Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын ЕАЭО-мен түйістіруді іске асыру үшін маңызды жетістік. «Тараптардың бірлескен күш-жігерімен келісімді іске асыру өңірлік экономикалық интеграция үшін саяси орта құрады және біздің ынтымақтастығымыз үшін сезінерліктей институционалдық дивидендтер жасайды деп сенемін», –  деп атап көрсетті ҚХР Коммерция министрінің орынбасары.

Ол да биылғы ақпан-тамыз арасында ЕАЭО елдерімен сауданың төмендегенін айтты, алайда басқа әріптестерге қарағанда, мүше мемлекеттермен сауданың азаю қарқыны төмен болды деді. Одақ елдеріне инвестициялар үрдістерге қарамастан өсті және ол өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 7,9% артып, 710 млн АҚШ долл. жетті.

«ҚХР мен ЕАЭО арасындағы сауда айналымының азаю қарқыны басқа елдермен салыстырғанда айтарлықтай төмен, біз тауар айналымын пандемия қарсаңындағы деңгейде тез қалпына келтіруді ғана емес, оны бұдан да тез өрістету перспективаларын көріп отырмыз. Мұндай мүмкіндіктер біздің елдеріміздің арасында еркін сауда туралы келісім жасасуды ашуы мүмкін. Қытай қазірдің өзінде Оңтүстік Шығыс Азия елдерімен еркін сауда туралы 17 келісімге қол қойды, бұл шарттардың нәтижесі әлден-ақ байқалуда: Қытай мен әріптес елдер арасындағы сауда айналымы бірнеше есе өсті», –  деп санайды Ван Шоувэнь.

Тараптар еркін сауда туралы келісім бойынша келіссөздерді іске қосу мәселесін бірлесіп талқылап және көлік логистикасы мен Еуразия арқылы сауда рәсімдерін оңайлату саласында Қытай-ЕАЭО-ЕО үшжақты ынтымақтастығын практикаға айналдыра отырып, бәрінен бұрын өңірлік экономикалық ынтымақтастық процесінде ЕАЭО-мен көпбейінді сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді белсенді іске асыратын болады, деп санайды Ван Шоувэнь.

ҚХР өкілі Қытай барлық тарапты көптарапты сауда жүйесін қорғауға, қолдампаздыққа қарсы тұруға, еркін сауданы қолдауға, ДСҰ құндылықтарын ұстануға, нарықты ашық сақтауға шақырады деп те атап өтті.

Ван Шоувэнь Қытайдың сын-қатерлерді еңсеру, Еуразиялық өңірдің гүлденуі мен жарқын болашағы үшін Одақтың барлық елімен өзара іс-қимыл жасауға дайын екенін атап өтті. «Қытай ЕАЭО елдерімен жұмыс істеуге, экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге, Қытайдың орасан нарығын ескере отырып екіжақты сауданы кеңейтуге дайын. Өзара инвестицияларды өсіре түскен, өңірлік іскер ортаны белсенді жақсартқан, өндірісте, құрылыста, инфрақұрылымда, ауыл шаруашылығында және қызметтер көрсету саласында ынтымақтастықты тереңдеткен маңызды», –  деп мәлімдеді ҚХР Коммерция министрінің орынбасары.

Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрінің орынбасары Игорь Моргулов ЕАЭО мен Қытай арасында қол қойылған келісімнің күшіне енуінің маңыздылығын атап көрсетті. СІМ басшысының орынбасары келісімді іске асыру жөніндегі Бірлескен комиссияның бірінші отырысы ЕАЭО мен «Бір белдеу, бір жол» бастамасын дамыту жоспарларын ұштастырудың сапалық жаңа сатысының басталуына жол ашады деген сенімділік білдірді.

Игорь Моргулов пандемияға адамдардың денсаулығына төнген сын-қатер факторы болуымен қатар, нәтижесінде жаһандық рецессияға әкеп соқққан экономикаға да төнген сын-қатер ретінде тоқталды. Бұл ретте ол ЕАЭО мен Қытай аймағында әлемнің басқа өңірлеріне қарағанда іс жақсырақ деп тұжырымдады.

Ресей СІМ өкілі ЕЭК министрінің пандемияның цифрландыруды қоса, бірқатар процеске катализатор болды деген пікірімен де келісті. Сондай-ақ жаһандық геосаяси ландшафттың трансформациясын, неғұрлым демократияшыл әлемқалып қалыптасқанын байқауға болады.

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов дағдарысқа дейінгі жоғары қарқынды қалпына келтіру үшін ЕАЭО мен ҚХР арасындағы күш-жігерді үйлестірген маңызды деп санайды. «Карантин уақыты ішінде онлайн-сауданың 2,5 есе артқаны байқалды. Қазақстан 2025 жылы онлайн-сауданың үлесін 15%-ға дейін арттыру міндетін қойып отыр. Электрондық алаңдардың негізгі міндеті – орта бизнестің нарыққа түсуі үшін тосқауылдарды азайту», –  деп мәлімдеді министр. Бұл ретте Қазақстанда «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» жаңа заңның шеңберінде «бір терезе» қағидаты бойынша тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі цифрлық платформаны іске қосу көзделген.

Бақыт Сұлтанов Халықаралық сауда орталығымен және Қытай Қорымен бірлесіп Оңтүстік-Оңтүстік желісі бойынша іске асырылатын Қазақстан экономикасындағы электрондық сауда компонентін кеңейту жобасы туралы айтты және Қытай тарапына қолдағаны үшін ризашылығын білдірді. «Өткен жылы Алибаба алаңында ілгерілету үшін алтын жеткізуші мәртебесімен Қазақстанның 50 компаниясы іріктеліп алынды. Келісім-шарттар әлдеқайда жасасу барысында», –  деп хабарлады Бақыт Сұлтанов.

Халықаралық «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы орталығының қалыптасқан теміржол және автомобиль коммуникацияларын пайдалана отырып, логистикалық инфрақұрылымды дамыту бөлігіндегі жұмыс нәтижелерімен және болашақтың жоспарларымен бөлісе келіп, Бақыт Сұлтанов бұл нақты инфрақұрылымды Еуразиялық тарихқа кірістіруге шақырды.

Армения Республикасы Экономика министрінің орынбасары Варос Симонян пандемия жағдайындағы әлеуметтік қолдау және экономикалық даму бағдарламаларымен бөлісті. Ол да «пандемиядан кейін әлем бұрынғыдай болмайтынын» атап өтті. Бұл ретте неғұрлым күшті, жаңа ұсыныстармен және идеялармен шығу қажет. ЕАЭО мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын ұштастыру туралы айта келіп, ол жобаға ірі ойыншылар ғана емес, сонымен бірге «кіші экономикалар» деп аталатындар үлкен икемділік бере алуы мүмкін екендігін атап өтті.

Қырғыз Республикасының Экономика министрі Санжар Муканбетов Қытай мен ЕАЭО елдерінің арасындағы сауда қатынастарын нығайту үшін елдер арасындағы тосқауылдарды қысқарту, өзара экспортты көтермелеу, бірлескен өндірістер құру, сауда саласында белгіленген жобаларды одан әрі іске асыру қажеттігіне сенімді. Бұл ретте ол ЕАЭО мен Қытай арасындағы интеграция «ойдан шығарылған жоқ әрі кеше ғана басталған жоқ, ол мыңжылдық тамыры бар ежелгі тарихтан тарайды» деп санайды. Осымен бірге, егер ұлттық басымдықтар туралы айтатын болсақ, Санжар Муканбетовтің пікірінше, Қырғызстан үшін Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолының құрылысы болып табылады.

Беларусь Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Александр Гурьянов ЕАЭО мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтан бүгінде әлемде қалыптасқан күрделі жағдаяттан шығудың жолы көрінеді деп атап өтті. Бұл – бір жыл бұрын күшіне енген Одақ пен Қытайдың сауда-экономикалық ынтымақтастығы туралы келісім шеңберінде ЕАЭО мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің үлкен перспективалары.

Оның пікірінше, өзін ойдағыдай жоба ретінде көрсетіп үлгерген, Беларусь пен Қытайдың ғана емес, ЕАЭО-ның барлық елінің инвесторларының қатысуы үшін ашық «Ұлы тас» индустриалдық паркінің елеулі перспективасы бар. Беларусьтің шығысында тағы бір айрықша экономикалық аймақ – «Бремино – Орша» дамып келеді, онда көлік-логистика маршрутының авиациялық құрамдасы пысықталады.

Пікірсайысты қорытындылай келе, Бүкілресейлік ғылыми-зерттеу конъюнктуралық институтының директоры, РҒА корреспондент-мүшесі Андрей Спартак бейнефорумға қатысушылардың дағдарыстан шығуға қатысты абайлап қана оптимизм білдіргенін, экономикалардың орнықтылығын қамтамасыз етудің және цифрлық шешімдерді жетілдіру және цифрлық платформаларды, соның ішінде электрондық сауда бағытында дамыту салаларындағы жобаларды, ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қабілеттіліктің факторы ретінде ЕАЭО ішінде де, сол сияқты Одақ пен ҚХР арасында сауда-экономикалық байланыстарды тереңдетудің маңыздылығын көрсеткенін атап өтті.​