Жүйеге кіру
ЕАЭО-да Еуропалық инвестиция үшін жаңа секторлар ашу жоспарлануда

ЕАЭО-да Еуропалық инвестиция үшін жаңа секторлар ашу жоспарлануда

TS_09808_S.jpg
27.11.2019

Еуропалық бизнес өкілдері Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерімен инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетуге ұмтылатынын мәлімдеді. ЕАЭО өз кезегінде инвестиция үшін жаңа секторлар ашып, инвесторлар режимін реттеу қағидаларын жақындастыруды жоспарлап отыр. 22 қарашада VI Мәскеу халықаралық қаржы-экономикалық форумында кәсіпкерлер Еуропалық одақ пен Еуразиялық экономикалық одақтың өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Хатшылығының басшысы Асқар Кішкембаев атап өткендей, ЕАЭО-ның инвестициялық әлеуетін дамыту және трансконтиненталдық байланысты кеңейту мәселелері Еуразиялық интеграцияны тереңдету үшін басымдыққа ие болады. Бұл ретте инвестициялар интеграциялық бірлестіктер арасындағы ұзақ мерзімді табысты ынтымақтастықтың кепілі мен негізі болып табылады.

«Ынтымақтастықты тереңдету және өзара инвестицияларды дамыту бағыты жекелеген елдердің экономикасын дамытуға ғана емес, тұтастай Еуразиялық өңір үшін де оң серпіліс беретініне сенімдімін», – деді Асқар Кішкембаев.

Ол өз сөзін Еуропалық одақта осындай трансконтиненталдық көпір құрудың заңнамалық негіздері жасалған, деп толықтырды. 2018 жылы Еуропалық одақтың Азия бойынша іс-қимыл стратегиясы, ал 2019 жылғы жазда - Орталық Азия бойынша стратегиясы қабылданды. Стратегиялар ұштастыру қағидаттарына негізделген және қаржы-экономикалық, саяси және әлеуметтік-мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған. Алайда егер бес жыл ішінде Еуразиялық экономикалық комиссия Шығыс елдерімен ынтымақтастықты дамытуда айтарлықтай табыстарға қол жеткізсе (мұның мысалы Вьетнаммен, Сингапурмен еркін сауда туралы келісім, Қытаймен сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім болып табылады) де, Еуропа елдерімен қарым-қатынаста мұндай деңгейге жеткен жоқ. Бірақ Еуропа бизнесінің өкілдері мен жекелеген саясаткерлер ЕАЭО елдеріне инвестицияларды дамытуға деген қызығушылықтарын танытуда.

Континентте байланыс инфрақұрылымын дамытуда даму банктері маңызды рөл атқаруға тиіс. Еуропалық және көпжақты даму банктерінің инвестициялық жобаларды қаржыландыруға қатысуы жеке капиталды кеңінен тарту үшін жағдай жасайды.

«Ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру кезінде даму банктері әкеліп қосатын жоғары стандарттар үздік әлемдік тәжірибені таратуға ықпал етеді, бұл салалық реформаларды ынталандыру үшін де, нарыққа деген сенімді арттыру үшін де маңызды. Қолайлы инвестициялық климат құру әлеуетті инвесторларды – мемлекеттік және жеке инвесторларды тартуға тиіс», – деді Асқар Кішкембаев.

Комиссия өкілі ЕАЭО туралы шартқа қол қойылған сәттен бергі бес жыл ішінде Одақ кеңістігінде инвестицияларды құқықтық қорғау тәртібі құрылғанын атап өтті. «Біздің міндетіміз инвестиция үшін жаңа секторларды ашу және инвесторлар режимін реттеу қағидаларын жақындату болып табылады», – деп түйіндеді Асқар Кішкембаев.

Форумды Еуразиялық экономикалық комиссияның қолдауымен Еуроазиялық ынтымақтастықтың Қаржы-банк қауымдастығы ұйымдастырды. Оның жұмысына Еуропа мен ЕАЭО-ның ірі бизнес-қауымдастықтары мен компанияларының басшылары, ЕЭК өкілдері қатысты.​