Жүйеге кіру
ЕЭК пен АСЕАН коронавирустық кезеңнен кейін экономиканы қалпына келтіру жөнінде семинар өткізеді

ЕЭК пен АСЕАН коронавирустық кезеңнен кейін экономиканы қалпына келтіру жөнінде семинар өткізеді

27.07.2020
Екі өңірдің экономикасын коронавирустық кезеңнен кейін қалпына келтіру мәселелері, сондай-ақ өзара іс-қимылдың ағымдағы күн тәртібі АСЕАН-ның экономика жөніндегі аға лауазымды адамдары мен Еуразиялық экономикалық комиссия атынан өкілдік еткен Интеграцияны дамыту департаментінің директоры Гоар Барсегянның кездесуінде ортақ назарда болды. Іс-шара 25 шілдеде бейнеконференция форматында өтті.

«2018 жылы ЕЭК пен АСЕАН арасында экономикалық ынтымақтастық саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін бірлестіктер арасындағы өзара іс-қимыл барынша серпінді дамыды. 2020 жылы Петербург халықаралық экономикалық форумы шеңберіндегі ЕАЭО-АСЕАН бизнес-диалогын қоса, бірқатар бетпе-бет іс-шараларды тоқтатуға тура келгеніне қарамастан, біз бұрынғыша бірлескен жұмысты жандандыру және ұйымдарымыздың арасындағы Ынтымақтастық бағдарламасын іске асыру жолын ұстанып отырмыз»,- деп мәлімдеді ЕЭК-тің Интеграцияны дамыту департаментінің директоры.

Гоар Барсегян АСЕАН-дық әріптестерін Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарымен жұмысты қоса, Еуразиялық экономикалық одақтың ағымдағы күн тәртібі жайында хабардар етті. ЕЭК өкілі сондай-ақ COVID-19 пандемиясынан кейін экономиканы қалпына келтіру мәселелері бойынша бірлескен семинар өткізуді және интеграциялық бірлестіктер деңгейінде қажетті шараларды іске асыруды ұсынды. Іс-шараның форматы таяу уақытта айқындалады.

АСЕАН-ның экономика жөніндегі аға лауазымды адамдары «ЕАЭО-дағы және АСЕАН-дағы өңірлік экономикалық интеграция» семинарының қорытындысы бойынша әзірленген ұсынымдарды мақұлдады. Бұдан басқа, ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович пен АСЕАН бас хатшысы Лим Джок Хой арасында 2020 жылғы ақпандағы келіссөздер барысында қозғалған мәселелер қаралды.

Қатысушылар ЕЭК пен АСЕАН-ның экономика жөніндегі министрлері деңгейінде тамыздың соңында өткізу жоспарланып отырған келесі кездесудің күн тәртібін келісті.

Анықтама

Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығы (АСЕАН) – 1967 жылы құрылған экономикалық бірлестік. Индонезия, Малайзия, Сингапур, Таиланд, Филиппиндер, Бруней-Даруссалам, Вьетнам, Лаос, Мьянма, Камбоджа қауымдастықтың қатысушылары болып табылады. Папуа-Жаңа Гвинея мен Шығыс Тимор байқаушы мәртебесіне ие. Бұл -жиынтық ЖІӨ 2,6 трлн АҚШ долл., сыртқы сауда айналымы 2,5 трлн АҚШ долл.құрайтын және 622 млн халқы бар аса ірі өңірлік интеграциялық бірлестіктің бірі.

ЕЭК пен АСЕАН арасында өзара түсіністік туралы меморандумға 2018 жылғы қарашада қол қойылды. Ол Еуразиялық құрылық ауқымында интеграциялық блоктардың өзара іс-қимыл мәселелерінің кең спектрін талқылау жөніндегі диалог алаңын қалыптастыру үшін іргетас қалайды.

Меморандумды іске асыру үшін 2019-2020 жылдарға арналған Ынтымақтастық бағдарламасы қабылданды.Ол кеден заңнамасы мен құқық қолдану практикасын, сауда саясатын, кәсіпкерлік қызметті, техникалық және монополияға қарсы реттеуді, СФС-шараларды, энергетиканы, ішкі нарықтардың жұмыс істеуін және басқаларды қамтиды.​