Жүйеге кіру
ЕЭК 2020 жылы трансшекаралық нарықтарда сегіз тергеп-тексеру жүргізеді

ЕЭК 2020 жылы трансшекаралық нарықтарда сегіз тергеп-тексеру жүргізеді

Фото-1.jpg
28.02.2020

Тергеп-тексеру медициналық жабдықтар мен қызметтер көрсету, дәрілік препараттар, интернетте бейнеконтент іздеу және орналастыру қызметтерін көрсету нарықтарына қатысты болады. Бұл туралы 28 ақпанда Мәскеуде Комиссияның штаб-пәтерінде ЕЭК Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің монополияға қарсы (бәсекелестік) ведомстволары басшыларының кеңесінде сөз болды.

Кездесуге қатысушылар бәсекелестік қағидаларының сақталуын бақылау бойынша құқық қолдану практикасы саласындағы тәжірибелерімен бөлісті. ЕЭК Монополияға қарсы реттеу департаментінің директоры Алексей Сушкевич Комиссияның бастамашылық тергеп-тексерулері туралы әңгімеледі. Оның сөзінше, биыл Комиссия Одақтың трансшекаралық нарықтарында сегіз тергеп-тексеру өткізуді жоспарлап отыр.

Іс-шара шеңберінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумақтарында халықаралық роумингте әділ тарифтерді белгілеу туралы пікір алмасылды. Қатысушылар мәселені шешудің бірнеше сценарийін, соның ішінде оператораралық роуминг тарифтерін өзара төмендетуді, жаңартылған роуминг тарифтерін қалыптастыруды, роумингтегі кірежақ дауыстық шақырулар үшін төлемді жоюды, халықаралық трафикті өткізу кезінде «фродты» алдын ала ескерту және жолын кесу бойынша шаралар тұжырымдауды көздейтін іс-шаралар жоспарының жобасын қарады.

Ресей монополияға қарсы ведомствосы ЕАЭО кеңістігінде биржалық сауданы дамыту бойынша ұсыныстар берді. Бұлар биржалық сауда-саттықты дамытуға және Одақ кеңістігінде биржалық (биржадан тыс) индикаторларды қолдануға бағытталған келісілген тәсілдемелерді тұжырымдауға саяды. Тауарлардың ортақ биржалық нарығын дамыту идеясын іске асыру баға белгілеудің ашықтығын, саудаға қатысушылардың кең ауқымы үшін нарық құралдарының қолжетімділігін, транзакциялық шығындарды төмендетуді қамтамасыз етуде оң рөл атқарады.

Кеңестің түбірлі тақырыптарының бірі - өмірлік маңызы бар дәрілік препараттар нарығындағы бәсекелестік болды. Кеңеске қатысушылар денсаулық сақтау саласындағы ұлттық реттеушілердің сарапшыларымен Еуропалық одақтың тәжірибесі бойынша дәрілік заттардың бірыңғай тіркеу органын құруды талқылауды ұсынды. Армян тарапы бестіктің монополияға қарсы ведомстволары үшін өзара қызығушылық тудыратын тауар нарықтарын талдау ақпаратымен және зерттеулермен алмасу жөнінде бірыңғай алаң құруды ұсынды. Бұл монополияға қарсы ведомстволар арасындағы ақпарат алмасуды жақсарту үшін қажет.​