Жүйеге кіру
ЕЭК ЕАЭО-ға әкелінетін тауарларды кедендік бақылау ерекшеліктерін айқындады

ЕЭК ЕАЭО-ға әкелінетін тауарларды кедендік бақылау ерекшеліктерін айқындады

28.03.2018

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Алқа мүшелері 27 наурыздағы отырыста кедендік әкімшілік жүргізу және Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) өнеркәсіптік саясаты саласында шешімдер қабылдады.

ЕЭК Алқасы ЕАЭО-ға әкелінетін тауарлардың декларацияда мәлімделген құнын кедендік бақылаудың ерекшеліктерін айқындады.

Комиссия шешімінде тауар құнын кедендік бақылау кезінде кеден органы сұрата алатын құжаттар санамалап көрсетілген. Олардың арасында - өндірушінің прайс-парақтары, оның коммерциялық ұсыныстары, әкелінетін тауарлардың төлемі туралы құжаттар, тиеу (қаптау) парақтары және басқалар бар.

Құжат кеден органының иелігінде бұрыннан бар, Одаққа әкелінетін тауарлардың құнын растау үшін пайдаланылуы мүмкін ақпаратқа қойылатын талаптарды қамтиды.

Мұндай ақпаратқа салыстырмалы тауарлар туралы деректер, бірдей, біртектес тауарлармен, сол сыныптағы немесе сол түрдегі тауарлармен мәмілелер туралы мәліметтер немесе биржалық баға белгілеулер, индекстер, аукциондардағы бағалар туралы және басқа да кейбір мәліметтер жатқызылады.

ЕЭК Алқасы шешімінде тауарлардың кедендік құны туралы мәлімделген мәліметтердің анық еместік белгілері туралы айғақтайтын мән-жайлар, сондай-ақ құжаттар мен мәліметтерге тексеру жүргізілмейтін жағдайлар көрсетілген.

Ұқсас белгілерге, мысалы, нақ сол бір құжатта баға туралы деректердің сәйкес келмеуін, әкелу шарты бірдей кездегі бірдей тауардың бағасымен салыстырғанда тауардың неғұрлым төмен бағасы анықталуын жатқызуға болады.

Егер бұрын әкелінген тауарлар бірдей болса, бір сыртқы экономикалық шарт немесе келісімшарт шеңберінде әкелінсе, ал мәміле талаптары өзгертілмесе, баға туралы мәліметтерді тексеру жүргізілмейтін болады.

Шешім Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексін іске асыру үшін қабылданды және кедендік құнды бақылау рәсіміне қойылатын тәсілдемелердің біркелкі болуын қамтамасыз етеді.

ЕЭК Алқасы Ресей Федерациясына РФ Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің 2012 жылғы 10 желтоқсандағы № 580н бұйрығын түзету қажеттігі туралы хабар білдірді.

Бұл құжатты өнеркәсіптік субсидиялар берудің бірыңғай Одақтық қағидаларымен сәйкес келтіру талап етіледі.

Еске сала өтсек, Ресей Еңбекминінің бұйрығымен сақтандырушының арнаулы киімдер сатып алуға жұмсаған шығыстары, егер мұндай арнаулы киім Ресей Федерациясында, шығарылған елі де Ресей Федерациясы болып табылатын матадан, трикотаж жаймаларынан немесе тоқылмаған материалдардан әзірленсе, қаржылық қамтамасыз етуге жатады деп белгіленген.