Жүйеге кіру
ЕЭК Кеңесінің қорытындылары: ЕАЭО-ның жаңа Кеден кодексі 2018 жылғы 1 қаңтарда күшіне енеді

ЕЭК Кеңесінің қорытындылары: ЕАЭО-ның жаңа Кеден кодексі 2018 жылғы 1 қаңтарда күшіне енеді

28.04.2017

28 сәуірде Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттер үкіметтері вице-премьерлерінің қатысуымен Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесінің отырысы өтті. Кедендік реттеу, Одақ елдері еңбекшілерін әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру, Одақ нарығында тосқауылдар мен шектеулерді жою, техникалық реттеу, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу кезіндегі агроөнеркәсіптік кешенді кооперациялау мәселелері талқыланды.

ЕЭК Кеңесінің Төрағасы, Қырғыз Республикасы үкіметінің вице-премьері Олег Панкратов Кеңес мүшелерінің назарын отырыстың негізгі мәселелері арасында ЕАЭО елдері еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың жобасын талқылауға аударды. «Осы құжатты 2017 жылы қабылдау Еуразиялық экономикалық комиссия қызметі басымдықтарының бірі болып табылады, – деп атап өтті Олег Панкратов. – Осылайша біз Одақ елдерінің барлық азаматтары үшін өз болашағына сеніммен қараудың тағы бір факторын қалыптастырамыз». Қырғызстанның бірінші вице-премьерінің пікірі бойынша, зейнетақы есептеудің түсінікті жүйесін құру еңбекке жарамды халықтың ақылға қонымды географиялық жұмылғыштығын ынталандыратын болады, сондай-ақ бизнес-қоғамдастыққа инвестициялық ресурстарды тиімдірек пайдалануға, персоналды тарту және дамыту бағдарламасын іске асыруға мүмкіндік береді.

Пікірталас қорытындысы бойынша зейнетақы есептеуді қамтамасыз ететін қағидалар мен нормаларды, сондай-ақ Одақтың басқа мемлекетіндегі зейнетақы міндеттемелерін экспорттау және жұмыс өтілін есепке алу тәртібін қалыптастыру бойынша жұмыстарды жалғастыру туралы шешім қабылданды. Атап айтқанда, зейнетақы мөлшерін есептеу кезінде қолданылатын жеке зейнетақы коэффициентінің шамасын айқындау мәселесіне ерекше назар аударылатын болады.

ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян Комиссияның ЕАЭО бірыңғай нарығын дамыту жолындағы кедергілер мен шектеулерді алып тастау бойынша ағымдағы жұмысы туралы айта келіп, Одақ елдерінде анықталған бірқатар тосқауылдарды талқылауды ұсынды.

Атап айтқанда, Беларусь Республикасында ЕАЭО техрегламенттері талаптарына қосымша Одақ туралы шартта көзделмеген санитариялық-гигиеналық сараптама рәсімі енгізілген. Оны тамақ өнімдері, балаларға арналған тауарлар, парфюмерлік-косметикалық құралдар, ауыз қуысының гигиена құралдары, құрылыс шикізаты мен материалдары, тұрмыстық техника, автомобиль құрамдас бөліктері және т.б. үшін жүргізу міндетті болып табылады. 

Тағы бір тосқауыл Қазақстанда әрекет етеді: бұл - тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бағдарламасы шеңберінде бюджет қаражаты есебінен дәрілер, вакциналар және басқа да иммунды биологиялық препараттарды сатып алу рәсімінің ЕАЭО құқығына сәйкес келмеуі. Мұндай сатып алу кезінде ұлттық жеткізушілерге конкурс рәсімдеріне қатысуға преференциалды жағдайлар ұсынылады. Қазақстан өкілдері өздеріне осы тосқауылды 2017 жылғы 1 шілдеге қарай жою бойынша міндеттеме алды.

Алкоголь өнімдерін өткізу кезінде қамсыздандыру төлемін алудың бірыңғай қағидаларының болмауы шектеу деп танылды. Қамсыздандыру төлемі Армениядан басқа барлық қатысушы елдерде қолданылады. Бұл ретте Ресейде ол шетелдік жеткізушілер үшін отандық жеткізушілерге қарағанда жоғары, Беларусьте және Қазақстанда тек шетелдік сатушылардан ғана, Қырғызстанда – тек ЕАЭО елдерінің жеткізушілерінен ғана алынады. Бұл экспорттаушылар үшін кемсітушілік жағдай тудырады.

ЕЭК Кеңесінде Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексін ратификациялау рәсімдерін синхрондау туралы шешім қабылданды. Бұл оның 2018 жылғы 1 қаңтарда күшіне енуіне мүмкіндік береді.

Кодекспен бір мезгілде Комиссияның ұлтүсті деңгейге жатқызылған жиырма бес мәселе бойынша бірінші кезектегі шешімдері қолданыла бастайды. Олар уәкілетті экономикалық операторлардың қызметін реттеуге, тауарларды жеке тұлғалардың тасымалдауы қағидаларына және т.б. қатысты. 

Комиссияның Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Мукай Кадыркулов ЕЭК Кеңесі мүшелерін Одақтың әрбір елінде «бірыңғай терезе» механизмін қалыптастыру бойынша жұмыс барысы туралы хабардар етті. 

ЕЭК Кеңесінің мүшелері мүше мемлекеттерде сыртқы экономикалық қызметті реттеу жүйесіндегі «бірыңғай терезе» жобасын дамытуды қамтамасыз ететін, 2017 жылға арналған жұмыс жоспарын мақұлдады. Атап айтқанда, Комиссия мен ЕАЭО елдері Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес деңгейінде функциялары мен архитектураларының егжей-тегжейлі сипаттамасын қамтитын «бірыңғай терезе» ұлттық механизмінің эталондық моделін бекітуі тиіс. Сонымен қатар, эталондық модельді ендіруге және дамытуға бағытталған құралдарды, стандарттарды және регламенттерді әзірлеу жоспарланып отыр.


Еуразиялық үкіметаралық кеңестің ЕАЭО мемлекеттері мен Комиссияның АӨК саласында бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды әзірлеу және іске асыру кезіндегі өзара іс-қимылы тәртібі туралы шешімінің жобасы мақұлданды. Одақ елдерінің үкіметтері басшыларының шешім қабылдауы ғылыми әлеуетті тиімді пайдалануға, агроөнеркәсіптік кешенде инновациялық әзірлемелерді ендіруге жәрдемдесуге мүмкіндік береді.