Жүйеге кіру
Еуразиялық спутниктер стартқа дайындалуда

Еуразиялық спутниктер стартқа дайындалуда

28.04.2020

ЕЭК Алқасы 28 сәуірдегі отырысында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің Жерді қашықтан зондтау (ЖҚЗ) деректері негізінде ғарыштық және геоақпараттық қызметтер көрсетуді ұсыну саласындағы жаһандық кооперациялық жобасын мақұлдады.

 

Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіп кешен жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Артак Камалян аталған саладағы Еуразиялық мемлекетаралық бағдарламаның Одақтың барлық елдерімен келісілгені туралы хабарлады. Мұны енді ЕЭК Кеңесі қарауға тиіс, содан кейін Үкімет басшылары деңгейінде Еуразиялық үкіметаралық кеңес бекітеді.

 

Бұл құжатты «Ғарыштық және геоақпараттық технологиялар - жаһандық бәсекеге қабілеттілік өнімдері» Еуразиялық технологиялық платформасының қатысушылары болып табылатын Ресей, Қазақстан және Беларусь кәсіпорындары бастамасының арқасында әзірлеу мүмкін болды.

 

«Біздің елдеріміз президенттерінің мемлекетаралық бағдарламаны әзірлеу жөніндегі тапсырмасынан кейін бір жыл ішінде ғарыш ведомстволары мен Одақтың ғарыш техникасын жетекші өндірушілердің өкілдері іргелес еңбек етті. Қорытындысында перспективалық дайындамасы бар сапалы әрі пысықталған құжат дайын болды», - деп атап өтті министр.

 

Ғарышта тұрып Жерді қашықтан зондтау технологиялары - біздің планетамызды зерделеудің таптырмас, дәлдігі жоғары, жедел құралы, ол оның ресурстарын тиімді басқаруға көмектеседі. Бүгінгі технологиялар пайдалы қазбаларды барлау және өндіру тиімділігін арттыру, ауыл шаруашылығына ең жаңа практикаларды ендіру, төтенше жағдаяттарды алдын ала ескерту және олардың салдарын жою, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруін бақылау үшін бірегей шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді.

 

Спутниктердің көмегімен, атап айтқанда, егістіктің жай-күйін, топырақтың сипаттамасын бағалайды, нақты алқапта барынша мол өнім жинауға қол жеткізу үшін ауыл шаруашылығы өсімдіктерін қалай жақсы өңдеу керектігін талдайды. Спутниктер жердің әртүрлі өңірінде сол немесе өзге де аграрлық дақылдардың уақытқа қарай қалай дамып келе жатқанын түсінуге көмектеседі. Ауа райы болжамдары жасалатын ақпараттың шамамен 80%-ы ғарыштан алынады. Спутник әдістері орман картасын жасауға, өртті жедел анықтауға және оларды сөндіру жұмысын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Планетаны ғарыштан байқап отыру жүйесінің мүмкіндіктері ұдайы өсу үстінде.

 

Орбитада қашықтан зондтаумен айналысатын шамамен 500 спутник ұшып жүр. Биылдың өзінде олардың саны 1200-1300-ге дейін жеткізіледі деп жоспарлануда. Және жақын уақыттың өзінде оларға Еуразиялық топталым қосыла алады.

 

Мемлекетаралық бағдарламаны 2021-2025 жылдар аралығында іске асыру белгіленген. Бұл үшін Одақ елдері мен Комиссияға үш кезеңнен бірлесіп өтуі керек болады. Бірінші кезеңде Одақ елдері спутниктерінің қолданыстағы және перспективалық топталымдары біріктіріледі. Оның нәтижесінде байқап отыратын аумақты жабу алаңы ұлғаяды, шолу мерзімділігі және тұтынушыларға ақпарат берудің жеделдігі артады. Тиісінше әлемдік ғарыш нарығында біріккен спутник ресурстарының бәсекеге қабілеттілігі артады.

 

Екінші кезеңде ЕАЭО елдері бірыңғай ақпараттық портал – біріккен ғарыштық түсірілім материалдары бойынша деректер банкін құрады, деректерді қабылдау мен өңдеудің ұлттық жерүсті кешендерін жаңғыртады. Бұл Одақ мемлекеттері экономикасының әртүрлі секторларын пайдаланушыларға ұсынылатын геоақпараттық қызметтер көрсету сапасын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.