Жүйеге кіру
ЕАЭО елдері ұжымдық негізде авторлық және сабақтас құқықтарды басқару туралы уағдаласты

ЕАЭО елдері ұжымдық негізде авторлық және сабақтас құқықтарды басқару туралы уағдаласты

eric-park-408241-unsplash.jpg
28.05.2019
Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) 27 мамырда Ұжымдық негізде авторлық және сабақтас құқықтарды басқару тәртібі туралы келісім күшіне енді. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Тимур Жақсылықов хабарлады. «Одақтың барлық елдері Ұжымдық негізде авторлық және сабақтас құқықтарды басқару тәртібі туралы келісімді ратификациялауды аяқтады. Құжат құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдардың жұмысын ашық, ал құқық иеленушілерге сыйақы бөлуді әділетті жасауға мүмкіндік береді»,- деп атап көрсетті Тимур Жақсылықов.
Құжаттың негізгі жаңашылығы – құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдардың меншікті шығыстарын жабуға арналған әрі әлеуметтік, мәдени және білім беру мақсаттарына жұмсалатын қаражатқа арналған ұстап қалудың шекті мөлшерін белгілеу. Бұл ұстап қалу сыйақы сомасының 50%-ынан аспауға тиіс. Келісімде сондай-ақ құқық иеленушілерге сыйақы бөлудің және төлеудің сирек дегенде жылына бір рет болатын кезектілігі белгіленген.
«Құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдар өз қызметі туралы ақпаратты Интернетте ашық қол жеткізетіндей етіп орналастыруға, сондай-ақ құқық иеленушілер тізілімін, авторлық немесе сабақтас құқықтар объектілерін және оларға басқаруға берілген құқықтарды қалыптастыруға, орналастыруға және өзектілендіруге тиіс»,- деп толықтырды ЕЭК министрі. Құжат жария есептіліктің қажеттігін және сыйақыларды жинау, бөлу әрі төлеу механизмінің сирек дегенде екі жылда бір рет өткізілетін міндетті аудитін де белгілейді. Одақ мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында келісімде көзделген ережелерді сақтамағаны үшін жауапкершілік белгіленетін болады деп бағамдалуда.
Тимур Жақсылықовтың сөзінше, авторлық құқықтар мен сабақтас құқықтарды иеленушілерді тиімді қорғауды қамтамасыз ету әлемдік тренд болып табылады. Зияткерлік меншік, ғылым мен мәдениет саласындағы беделді халықаралық ұйымдар (Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы, ЮНЕСКО) зияткерлік меншік объектілерін жаппай пайдалану кезінде авторлық және сабақтас құқықтардың бұзылуын болдырмауға мүмкіндік беретін неғұрлым оңтайлы механизм ретінде ұжымдық басқаруды дамытуды жақтайды.