Жүйеге кіру
ЕЭК ТМД Мемлекетаралық кеңесімен диалогты жалғастырады

ЕЭК ТМД Мемлекетаралық кеңесімен диалогты жалғастырады

28.07.2020
Еуразиялық экономикалық комиссияның делегациясы бейнеконференция форматында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық кеңесінің (МАК) 57-отырысына қатысты.

Отырысқа Әзербайжанның, Арменияның, Беларусьтің, Қазақстанның, Қырғызстанның, Ресейдің, Молдованың, Тәжікстанның, Өзбекстанның стандарттау, метрология, сәйкестікті бағалау және аккредиттеу жөніндегі ұлттық органдарының өкілдері, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитетінің, Стандарттау жөніндегі бюроның және Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілдері қатысты.

Талқылаудың түйінді тақырыптарының бірі – ТМД-ны дамыту стратегиясымен, қызметтің белгіленген салаларындағы халықаралық ұйымдардың нормаларымен әрі қағидаларымен үндестірілген, МАК-ке беркітілген ынтымақтастық бағыттарын дамытуды жалпы пайымдауды бейнелейтін МАК-ті дамытудың 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған стратегиясының жобасын қабылдау болды. Стратегияны МАК шеңберінде іске асыру үшін оның түйінді көрсеткіштерін қамтитын кешенді жоспар әзірленетін болады.

ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Виктор Назаренко сыртқы саудадағы, ғылыми-техникалық және сауда-экономикалық байланыстарын нығайтудағы техникалық тосқауылдарды жою жөніндегі өзекті міндеттерді шешу үшін жүйелі ЕЭК – ТМД МАК өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті. Стандарттау, метрология, сәйкестікті бағалау және аккредиттеу салаларында келісілген стратегиялық шешімдер тұжырымдау, замани мемлекетаралық стандарттарды әзірлеуді тиімді үйлестіру қауіпсіздікті де, сол сияқты ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер өнімінің, соның ішінде халықаралық нарықтардағы жоғары бәсекеге қабілеттілігін де қамтамасыз етеді.

Отырысқа қатысушылар МАК қызметінің әртүрлі бағыты бойынша бірқатар маңызды мәселені қарады, олардың арасында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сыртқы саудасындағы техникалық тосқауылдар туралы келісімнің, Сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеуді өзара тану туралы келісімнің жобаларын әзірлеу, ТМД шеңберінде аккредиттеу жөнінде өңірлік ұйым құру бар.

Отырыста 2019-2021 жылдарға арналған мемлекетаралық стандарттау жөніндегі жұмыстар бағдарламасына № 1 өзгеріс те бекітілді. Бұл өзгеріске, соның ішінде ЕАЭО техникалық регламенттерінің міндетті талаптарын іске асыру мақсатында әзірлеу жоспарланған стандарттау жөніндегі мемлекетаралық құжаттардың 167 жобасы кірді.

Анықтама

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық кеңесі (МАК) – ТМД-ның стандарттау, метрология және сертификаттау бойынша келісілген саясатты қалыптастыру және жүргізу жөніндегі үкіметаралық органы. Оның негізі 1992 жылы қаланған. МАК-тің жоғары органы - МАК мүшелерінің отырысы болып табылады. Еуразиялық экономикалық одақтың барлық елі МАК-тің қатысушы мемлекеті болып табылады.