Жүйеге кіру
ЕЭК ЕАЭО нарықтарындағы бәсекелестікті бастамашыл әдістермен қорғауды ұсынады

ЕЭК ЕАЭО нарықтарындағы бәсекелестікті бастамашыл әдістермен қорғауды ұсынады

28.09.2018
Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) нарықтарындағы бәсекелестікті қорғауда бастамашылдық іс-әрекет жасауды ұсынады. Бұл туралы ЕЭК Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Марат Құсайынов жыл сайынғы «Ресейдегі бәсекелестік аптасы» халықаралық іс-шарасы шеңберіндегі Федералдық монополияға қарсы қызмет Алқасының кеңейтілген отырысы барысында хабарлады. «Біз мұндай институттарды пысықтаудамыз және таяудағы уақытта  оларды Одақ елдері уәкілетті органдарының қарауына енгізуді жоспарлап отырмыз» деп атап көрсетті ЕЭК министрі.
Атап айтқанда, Комиссия  жария бастама механизмін әзірлеуді және ендіруді ұсынады. Бұл бәсекелестікті шектеуді бастамашыл табудың, анықтаудың және жолын кесудің құралы болады деп бағамдалуда. Жария бастама проблеманы алдын ала құлақтандырудан бастап, бәсекелестікті шектеудің бар болуы немесе жоқ болуы туралы тұжырымдармен және алдын ала ден қою шараларын айқындаумен аяқталуға тиіс.
ЕЭК Монополияға қарсы реттеу департаментінің директоры Алексей Сушкевич  Комиссияның  бастамасына «Комиссия бәсекелестіктің  жалпы қағидаларының бұзылғаны туралы арыздарды қараумен шектелмеуге тиіс. Біз бәсекелестік жеткіліксіз дамыған нарықтарды өз бетімізше анықтауымыз керек»,- деп түсінік берді. Сол себепті ол «Комиссияға  бұзушыларға ескертулер шығару бойынша өкілеттіктер берілгені және сол арқылы бәсекелестікті шектеуге бастамашылдық ден қою механизмі құрылғаны орынды» деп санайды.
Марат Құсайыновтың сөзінше, ЕЭК-тің  бәсекелестікті қорғау жөніндегі бұл механизмінің негізі - трансшекаралық нарықтардағы дербес тергеп-тексерулердің нәтижелері және ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындылары болады. Бұдан басқа, «жария бастама ЕЭК-тің және монополияға қарсы ұлттық органдар мамандарының талдау жұмыстарының интеграциясына негізделетін болады»,- деп атап өтті министр.
ЕЭК Комиссияға Одақ нарықтарында шетелдік тұлғалардың бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерінің жолын кесу бойынша өкілеттіктер берілуін де жақтауда. «Ірі халықаралық компаниялардың мұндай іс-әрекеттері ЕАЭО-ның трансшекаралық нарықтарында бәсекелестікке қарсы практиканы ауыстыруға әкеп соқтыруы мүмкін. Осыған байланысты, Комиссияның бәсекелестікті қорғау жөніндегі бастамашылдық жұмысын осы саладағы қисынсыз шектеулерден арылту ұсынылады»,- деді Марат Құсайынов.
ЕЭК-тің басқа бастамаларының бірі  - бәсекелестікті  адвокаттандыруды күшейту.  Бұл үшін 2017 жылы ЕЭК-тің бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі блогы бизнеспен өзара іс-қимылдың жаңа форматын – Қоғамдық қабылдауды ұсынды. Бұл әрбір кәсіпкердің ЕАЭО трансшекаралық нарықтарындағы бәсекелестікті қорғаудың құқықтық негіздері және Комиссияға бұзылған құқықтарды қорғау үшін жүгіну қағидалары туралы білім алуына мүмкіндік береді.