Жүйеге кіру
ЕАЭО-да зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды бұзушылықтарға қарсы күресті күшейтуге ниетті

ЕАЭО-да зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды бұзушылықтарға қарсы күресті күшейтуге ниетті

28.11.2016

Ереванда «Антиконтрафакт-2016» халықаралық форумы шеңберінде Еуразиялық экономикалық комиссиясының (ЕЭК) Алқа мүшесі (министр) Тимур Сүлейменов Комиссия мен Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау саласындағы бірлескен жұмысының негізгі бағыттары туралы әңгімелеп берді.

ЕЭК министрі тақырыптық секция өткізіп, оның жұмысына ЕАЭО елдерінің құқық қорғау, кеден және әкімшілік органдарының, бизнес қоғамдастығының, ғылыми топтардың 150-ден астам өкілдері, құқық иеленушілері мен сарапшылары қатысты. 

Тимур Сүлейменов құқық қорғаушыларға: «Контрафакті мен жалған өнімнің таралуы бойынша өсе түскен сын-қатерлерді ескере отырып, уәкілетті органдардың зияткерлік меншікті қорғау жөніндегі рөлі негізгі болып табылады. Шындығында сіздер біздің Одақ елдері азаматтарының денсаулығы мен өмірін қорғап отырсыздар», – деді.

Контрафактілік тауарларды интернет-дүкендер арқылы таратуға қарсы күрес және оларды бұғаттаудың  бірыңғай оңайлатылған тетігін құру жөніндегі ұсыныстар іс-шараға қатысушылар арасында ерекше пікірталастар туғызды. Бұдан өзге, Одақта зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту және үндестіру мүмкіндіктері қаралды.    

ЕЭК өкілі Зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіру туралы шартты іске асыруға байланысты Комиссияның және одақтас мемлекеттердің жұмысы туралы хабарлады. Секция қатысушыларына осы жылғы 1 қазанда күшіне енген Зияткерлік меншік объектілеріне  құқықтарды қорғау саласындағы уәкілетті органдардың ақпараттық өзара іс-қимылының регламенті таныстырылды. Құжат Одақтың барлық елдерінің құқық қорғау органдарының деңгейі мен есеп берушілігіне қарамастан олардың өзара іс-қимылы тетігінің егжей-тегжейін ашады.