Жүйеге кіру
Ресей техникалық реттеу саласындағы тосқауылдарды жойды

Ресей техникалық реттеу саласындағы тосқауылдарды жойды

29.01.2020

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері мен Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) ортақ нарықты құру және тосқауылдарды, шектеулер мен алып қоюларды жою бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруда.

Ресей құрылыс материалдары және инфрақұрылымдық объектілер тұрғызу саласындағы тосқауылдарды жойды. Сөз темір жолдарға арналған қиыршық тас (темір жолдардың табиғи тастан жасалған балласты қабаты) сәйкестігін растау нысанына қойылатын жеке талаптарды белгілеу туралы болып отыр. 2020 жылғы 4 қаңтарда Ресей Федерациясы Үкіметінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы қаулысы күшіне енді, ол мұндай қиыршақ тасты міндетті сертификаттауға жататын өнімдердің бірыңғай тізбесінен алып тастады.

Сондай-ақ, Ресей заңнамасында спорттық ойындар мен күннен қорғайтын көзілдіріктерге арналған құрал-жабдыққа қойылатын міндетті талаптарды белгілеуге байланысты тосқауыл жойылды. Бұл жағдайда Ресей Федерациясы Үкіметінің 2020 жылғы 15 қаңтарда тиісті қаулысы қабылданды. Осы құжатқа сәйкес спорттық ойындарға арналған құрал-жабдық міндетті сертификаттауға жататын өнімдердің бірыңғай тізбесінен алынып тасталды, ал күннен қорғайтын көзілдірік сәйкестік туралы декларацияны қабылдау нысанында сәйкестігін растау жүзеге асырылатын өнімдердің бірыңғай тізбесінен алынып тасталды.

«Комиссия Алқасы мүше мемлекеттердің кедергілермен бұдан да қарқынды жұмыс істей бастауына және Одақтың ішкі нарығындағы тосқауылдарды жоюына қол жеткізді», – деп атап өтті ЕЭК Ішкі нарықтар, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Карине Минасян.

Анықтама

Балласты қабат жылжымалы құрамнан динамикалық жүктемелердің әсер етуі және өзгермелі температуралар кезінде жолдың сатылас және деңгейлес орнықтылығын қамтамасыз ететін жалпы пайдаланудағы темір жолдардың элементі. Балласты қабаттың конструкциясы мен сапасына темір жолдың жалпы жай-күйі, поездар қозғалысының рұқсат етілген жылдамдығының деңгейі, үстіңгі құрылыстың (рельстердің, бекітпелердің, шпалдардың) барлық элементтерінің қызмет ету мерзімі, жолды ағымдағы күтіп ұстауға арналған шығындар және оны жөндеудің барлық жүйесі байланысты.

Тосқауылдар Одақ құқығына сәйкес келмейтін, Одақтың ішкі нарығының жұмыс істеуі шеңберінде тауарлардың, қызметтер көрсетудің, капиталдың, жұмыс күшінің еркін қозғалысына кедергілер.

Алып қоюлар Одақтың ішкі нарығының жұмыс істеуінің жалпы қағидаларын мүше мемлекеттің қолданбауы туралы Одақ құқығымен көзделген алып тастау (шегіну).

Шектеулер дамуы Одақ құқығымен көзделген экономикалық қатынастарды құқықтық реттеудің болмауы салдарынан туындаған Одақтың ішкі нарығының жұмыс істеуі шеңберіндегі тауарлардың, қызметтер көрсетудің, капиталдың, жұмыс күшінің еркін қозғалысына кедергілер.