Жүйеге кіру
ЕАЭО мен Қытай арасындағы кедендік ақпарат алмасу туралы келісімді жылдың соңына дейін әзірлеу жоспарланып отыр

ЕАЭО мен Қытай арасындағы кедендік ақпарат алмасу туралы келісімді жылдың соңына дейін әзірлеу жоспарланып отыр

28.03.2017

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің кеден қызметтері мен Қытай Халық Республикасының (ҚХР) Бас кеден басқармасы Кедендік ақпарат алмасу туралы келісімнің жобасын әзірлеуді жылдың соңына дейін аяқтауға уағдаласты. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік инфрақұрылым департаментінің директоры Бактыбек Байсеркеев Кедендік реттеу жөніндегі консультативтік комитеттің 27 наурызда өткен кезекті отырысында айтып берді.

Консультативтік комитеттің мүшелері бүгінгі таңда сыртқы экономикалық қызметті (СЭҚ) реттеу саласын цифрландыру кезінде Комиссия мен ұлттық атқарушы билік органдары ұшырасып отырған бірқатар мәселелерді шешуге бағытталған екі ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізудің орындылығын талқылады.

ЕЭК мамандарының айтуы бойынша, электрондық өзара іс-қимылмен байланысты жоғары ұлтүсті шешімдер жобаларымен жұмыс істеу барысында олар жалпы жүйелік сипаттағы бірқатар проблемаларды анықтаған.

Электрондық құжаттарды тіркеу (тіркеуден бас тарту) туралы шешімдерді қабылдау кезінде ақпараттық жүйе автоматты түрде тексерулердің тұтас кешенін жүзеге асырады, олар: форматтық-құрылымдық, форматтық-логикалық тексерулер, өзара байланысты өрістердің қарама-қайшы келмеуін тексеру. Ұлтүсті деңгейде мұндай тексерулер қағидаларын реттейтін нормативтік-құқықтық актілердің болмауына байланысты мүше мемлекеттердің кеден органдары ақпараттық жүйелерді жобалау кезінде осындай тексерулер қағидаларын өз бетінше анықтауға мәжбүр. Мұндай практика сыртқы экономикалық қызметтің (СЭҚ) қатысушылары үшін  ЕАЭО-ның бір елінде тапсырылған бір кедендік декларацияның автоматты тіркеуден өтуі, ал екінші елде оның формалдық белгілер бойынша қабылданбай қалуы мүмкін тең емес жағдайды тудырады.

ЕЭК мамандары «Кедендік операцияларды жасау кезінде пайдаланылатын электрондық құжаттарды қалыптастыруға қойылатын талаптардың әдіснамалық сипаттамасын әзірлеу» ғылыми-зерттеу жұмысы электрондық құжаттарды қалыптастырудың бірыңғай қағидаларын жасауға мүмкіндік беретін әмбебап құралдарын айқындайтынына және айқынсыздықты жоятынына сенімді. Зерттеу барысында айқындалған бірыңғай қағидаларды ортақ нормативтік актіде бекіту кеден органдарының ілеспе құжаттарды қабылдаудан негізсіз бас тартуы санын азайтуға мүмкіндік береді.

Екінші ғылыми-зерттеу жұмысы кеден саласында заңды маңызы бар электрондық құжат айналымын ендіруден болатын экономикалық және интеграциялық әсерлерді анықтауы тиіс. Зерттеулерді жүргізудің орындылығы туралы түпкілікті шешім Консультативтік комитеттің келесі отырысында шығарылады.