Жүйеге кіру
ЕАЭО елдері BEPS жоспары шеңберінде электрондық саудаға салық салу қағидаларын үйлестіру және үндестіру бойынша жұмыс жүргізуде

ЕАЭО елдері BEPS жоспары шеңберінде электрондық саудаға салық салу қағидаларын үйлестіру және үндестіру бойынша жұмыс жүргізуде

27.03.2017

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері BEPS (Base Erosion and Profit Shifting) жоспары – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының салық салынатын базаның жылыстауына қарсы іс-қимыл және пайданы салық салудан тысқары шығару жөніндегі стратегиясы шеңберінде электрондық саудаға салық салу қағидаларын үйлестіру және үндестіру бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл туралы «Халықаралық салық салу: теория мен практиканың қазіргі заманғы мәселелері» VІ Халықаралық ғылыми конференциясында Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасы жанындағы Салық саясаты және әкімшілендіру жөніндегі консультативтік комитеттің жауапты хатшысы Нурматбек Мамбеталиев айтып берді.

Конференцияны Ресей Федерациясының үкіметі жанындағы Қаржы университеті ЕЭК-пен, Еуразиялық фискалдық академиямен, Халықаралық салық құжаттамасы бюросымен (IBFD), IFA (Рос-ИФА) халықаралық салық қауымдастығымен бірлесе отырып ұйымдастырды. Оған Ресей Федерациясы министрліктері мен ведомстволарының, ғылыми қоғамдастықтың өкілдері, аса ірі халықаралық консалтингтік компаниялардың сарапшылары қатысты. 

«ЕАЭО кеңістігінде цифрлық экономиканы дамыту басым бағытқа ие бола бастады. Мұнда, соның ішінде BEPS жоспары шеңберінде электрондық саудаға салық салу қағидаларын үйлестіру және үндестіру өз рөлін атқарады. Одақтың экономикалық кеңістігін «цифрландыру» ЕЭК қызметіндегі негізгі бағыттардың бірі болып табылады. Осыған байланысты ЕАЭО елдерінде электрондық бизнеске салық салу қағидаттарын үндестіру мәселелері жиірек айтылуда», – деп атап өтті Нұрматбек Мамбеталиев.

ЕЭК өкілі Одақтың барлық елдерінің тауарлардың трансшекаралық электрондық саудасының үндестірілген механизмін әзірлеудегі мүдделілігін ескере отырып, Комиссия ЕАЭО деңгейінде осы салада салық салу режиміне стратегиялық тәсілдемелерді әзірлеуді жоспарлап отырғанын айтып өтті. Қажет болған жағдайда, ЕАЭО туралы шарттың № 18 қосымшасына Одақтың уәкілетті органдарымен келісілетін тиісті өзгерістер енгізілуі мүмкін. Нұрматбек Мамбеталиевтің айтуы бойынша, Комиссия үшін қатысушы мемлекеттердің, атап айтқанда Ресей Федерациясының осы саладағы тәжірибесі аса құнды. Бұл ретте ақпарат және нормативтік-құқықтық құжаттар алмасуды жолға қою маңызды міндет болып табылады. ЕЭК осы міндеттерді шешу үшін бірқатар іс-шараларды, соның ішінде осы жылдың маусым айында Минскіде бизнес-форумды өткізуді, осы тақырыпты Парижде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен (ЭЫДҰ) талқылауды жоспарлап отыр.

Нурматбек Мамбеталиев өзінің баяндамасында BEPS жоспары – бұл халықаралық ынтымақтастықты дамытудың ерекше кезеңі екендігін атап өтті. Мүше мемлекеттер үшін жоспарды іске асыру бойынша іс-шаралар ұсынымдық сипатқа ие. ЕЭК өкілінің айтуы бойынша, оларды қолдану және заңнамаға ендіру кезінде Одақ елдерінің экономикалық және әлеуметтік даму ерекшеліктерін назарға алу қажет.

ЕАЭО-да BEPS жоспарын іске асыру мақсатында ЕЭК жұмысының басқа басым бағыттары трансферттік баға белгілеудің біркелкі қағидаларын жасауды үйлестіру және салық органдары арасында қаржылық сипаттағы ақпарат алмасуды жолға қою болып табылады. 

Бүгінгі таңда мүше мемлекеттердегі трансферттік баға белгілеуді реттейтін заңнама саласындағы жағдай әртүрлі. Мәселен, Армения Республикасында және Қырғыз Республикасында осы мәселе бойынша заңнама қалыптастырылу сатысында. ЕАЭО-ның қалған елдерінде толыққанды нормативтік-құқықтық архитектура қалыптасқан, құқық қолданудың жеткілікті тәжірибесі жинақталған.

ЕАЭО қаржы және салық ведомстволары қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру үшін Комиссия Вена экономика және бизнес университетімен және Дүниежүзілік банкпен бірлесе отырып осы жылғы 10-13 сәуірде «Трансферттік баға белгілеу және ақпарат алмасу. Бақыланатын шетелдік компанияларға салық салу» атты семинар өткізуді жоспарлап отыр.

ЕЭК өкілі, сонымен қатар 2017 жылдан бастап ЕЭК Алқасы жанындағы Салық саясаты және әкімшілендіру бойынша консультативтік комитет шеңберінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер аясында қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімдерді (конвенцияларды) қолдану мәселелері бойынша тәжірибе алмасу жөніндегі жұмыс тобы жұмыс істей бастайды, - деп айтты. Осы алаңда сарапшылар Одақ елдерінің екіжақты салық салу қатынастары шеңберінде туындаған нақты проблемалық жағдайларды талқылауды, сондай-ақ басым мәселелер бойынша тәжірибе алмасуды жоспарлап отыр.

Болып өткен конференция нәтижелерінің бірі ЕЭК пен Қаржы университетінің «Еуразиялық фискалдық академия» білім беру бағдарламасы шеңберінде семинарларды бірлесіп ұйымдастыру туралы уағдаластық болды.

Анықтама
«Еуразиялық фискалдық академия» – ЕЭК-тің Вена Экономика және бизнес университетімен қол қойған Өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде жүзеге асырылатын білім беру бағдарламасы, Дүниежүзілік банктің қаржылық қолдауымен жүргізіледі. Бірінші семинар «Салықтық келісімдер. BEPS жоспары. Ақпарат алмасуды автоматтандыру бойынша ЕЫДҰ стандарты» тақырыбында 2016 жылғы қазанда өтті. «Трансферттік баға белгілеу және ақпарат алмасу. Бақыланатын шетелдік компанияларға салық салу» атты екінші семинар ағымдағы жылдың сәуір айына жоспарланған.