Жүйеге кіру
Комиссия ЕАЭО аграрлық индустриясының даму картасын әзірлейді

Комиссия ЕАЭО аграрлық индустриясының даму картасын әзірлейді

29.04.2020

Еуразиялық экономикалық комиссия Еуразиялық экономикалық одақтың агроөнеркәсіптік кешенін дамыту үшін маңызды болатын ірі инвестициялық және инновациялық жобалар туралы мәліметтері бар ақпараттық ресурсты қалыптастырады. Тиісті шешімді ЕЭК Кеңесі 29 сәуірде қабылдады. Одақтық елдер үкіметі басшыларының деңгейіндегі Үкіметаралық кеңестің таяудағы отырыстарының бірінде оған қолдау білдіріледі деп күтілуде.

«Біз «Еуразиялық экономикалық одақ аграрлық индустриясының даму картасы» деп атайтын ресурс үш бөлімді қамтитын болады. Біріншісіне - ЕАЭО елдерінде жүзеге асырылатын немесе іске асыру жоспарланып отырған ауыл шаруашылығындағы ірі инвестициялық және инновациялық жобалар туралы ақпарат кіреді. Екіншісінле – АӨК-ті ресурстық қамтамасыз ету және импорт алмастыру үшін жобаларды іске асыру орынды болатын бағыттар туралы мәліметтер болады. Үшіншісіне - Одақта олар бойынша импорттың үлкен үлесі байқалып отырған ауыл шаруашылығы тауарлары мен ресурстары туралы деректер кіреді»,- деп атап өтті Комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян.

Оның сөзінше, карта кешенді ақпараттық ресурс болмақ. Ол Одақтың әр мемлекетінде ауыл шаруашылығын орнықты дамыту жүйесін ұйымдастыру және ортақ аграрлық нарықты қалыптастыру кезінде интеграциялық әлеуетті тиімді пайдалануға көмектеседі.

Картаға ортақ аграрлық нарықты одақтық елдердің тауарларымен молықтыру мәселелерін шешуге бағытталған әдетте құны 10 млн долл. асатын ірі жобалар кіргізілетін болады. Бұған мемлекетаралық өзара іс-қимылды, шикізатты немесе дайын өнімді өзара жеткізуді бағамдайтын кооперациялық жобалар, сондай-ақ ЕАЭО-ның екі және одан да көп мемлекетінің қатысуымен инновациялық технологиялық шешімдерді әзірлеп, ендіруге бағытталған жобалар да кіреді.

Бұл мәліметтер мүше мемлекеттерге ұлттық жоспарларды дайындау кезінде өндірістердің қосарласуын болдырмауға, ортақ аграрлық нарықтың даму және тауарлармен қамтамасыз ету үрдістерін ескеруге мүмкіндік береді.

Жобаларды іске асыру орынды болатын бағыттар Одақ шеңберінде өндірістің кооперациялық тізбектерді қалыптастыруын бағамдайды. Бұл импорт алмастырушы өндірістерді дамытуға, АӨК-ті ресурстық қамтамасыз етуді жақсартуға және ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалануға көмектеседі.

Картаны ЕАЭО-ның ресми сайтында орналастыру және оны одақтық елдердің ұсыныстарына сәйкес жүйелі түрде жаңартып отыру көзделуде.​