Жүйеге кіру
ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары: Одақ қалыптасып болды және ойдағыдай жұмыс істеуде

ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары: Одақ қалыптасып болды және ойдағыдай жұмыс істеуде

IMG02382.jpg
29.05.2019
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) 29 мамырда Нұр-Сұлтанда (Қазақстан) өткен мерекелік отырысы барысында интеграция, макроэкономика, сауда, электр энергетикасы, кедендік ынтымақтастық, қаржы саясаты, қызметтер көрсетудің бірыңғай нарығы, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің экономикаларын цифрландыру, өнеркәсіптік ынтымақтастық, бәсекелестік салаларындағы және басқа бірқатар саладағы маңызды шешімдер қабылданды. Іс-шара екі мерекелік күнге - Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) туралы шартқа қол қойылуының 5 жылдығына және Еуразиялық интеграцияның 25 жылдығына орайластырылды.

Отырысқа Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекеттің басшысы ретінде - Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон, құрметті қонақ ретінде Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) атқарушы хатшысы – Атқару комитетінің төрағасы Сергей Лебедев қатысты.

Отырысты ашқан ЖЕЭК Төрағасы, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян «Мен үшін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте төрағалық ету үлкен абырой. Биылғы жылы ЕАЭО екі мерекені атап өткелі отыр. Одақ біздің елдеріміздің бизнесі мен экономикалары үшін жаңа мүмкіндіктер аша отырып, жоспарлы түрде дамып келе жатыр деп түйіндеуге болады» деп атап көрсетті.

Беларусь Республикасынң Президенті Александр Лукашенко «ЕАЭО әлі тым жас. Алайда ол біздің елдерімізді әлемдегі теріс үрдістерге қарсы әрекет жасауға мүмкіндік беретін экономикалық өсудің жаңа көздерімен қамтамасыз ете отырып, өзінің тиімділігі мен дербестігін дәлелдеді» деп атап өтті.
 
«Қазақстан Тұңғыш Президентінің саяси сұңғылалығы мен стратегиялық көрегендігі арқасында Еуразиялық интеграция идеясы өзінің практикалық жүзеге асырылуына ие болды»,- деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЕАЭО-ның бес елдің мүмкіндіктерін біріктіре отырып, орасан зор аумақта құрылғанын атап өтті. Одақта дамудың жаңа стратегиясын тұжырымдау қажеттігі пісіп-жетілді. Стратегиялық контурларды кеңейтіп, интеграция идеясын күшейте түскен жөн. «Бізге ЕО-мен, ШЫҰ-мен, мүмкін болса, АСЕАН-мен де толық мәніндегі экономикалық ынтымақтастықты жолға қою қажет»,- деп санайды Нұрсұлтан Назарбаев. Ол бірлескен ірі инфрақұрылымдық жобаларды пысықтау мен іске асыру жөніндегі жұмысты жеделдету қажеттігін де атап көрсетті.

«ЕАЭО-ның тиімділігі оның мүшелері арасындағы, сол сияқты үшінші елдермен арадағы тең бәсекелестік жағдайларын жасау қабілеттілігіне байланысты»,- деп мәлімдеді Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков. Мемлекет басшысы Одақты қалыптастырудың жаһандық экономикалық сын-қатерлерге қарамастан жалғасып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде ЕАЭО тез дамып келе жатқан интеграциялық бірлестік ретінде орнықты. Өсу үрдісін сақтаған маңызды. Бұл мақсаттар үшін Одақтың басым бағыттарын одан әрі ілгерілету қажет. Қырғызстан Президенті бұл бағыттардың бірі ретінде цифрлық күн тәртібін іске асыруды атады.

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин «Бүгінгі Еуразиялық экономикалық одақ - бұл қызметі тең құқыққа, өзара пайдаға және бір-бірінің мүддесін құрметтеуге негізделіп құрылған тиімді интеграциялық бірлестік» деп мәлімдеді. Ол сонымен бірге «Еуразиялық интеграцияның жұмыс істейтінін және шынайы нәтижелерге жеткізіп отырғанын барлық көрсеткіштер айқын айғақтайды» деп атап көрсетті. Ресей мемлекеттінің басшысы Еуразиялық экономикалық комиссияның зейнетақы тағайындау кезінде Одақтың барлық мемлекеттерінің аумағындағы еңбек қызметінің кезеңі ішіндегі өтілін есептеуге мүмкіндік беретін келісімді дайындағанын дербес атап өтті. «Өмір бойы жұмыс істеген нақты азамат, қарапайым адам үшін мұның өте маңызды мағынасы бар деп ойлаймын» деді ол.

Молдова Республикасының Президенті Игорь Додонның сөзінше, Молдова азаматтары Еуразиялық интеграциялық процестерді мұқият қадағалап отыр және бұл процестер Молдова қоғамында әрқашан қолдауға ие. ЕАЭО жанындағы байқаушы мәртебесі Молдоваға Одақта өткізілетін көптеген іс-шараларға қатысуға мүмкіндік берді. «Біз Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен сауданың және экономикалық ынтымақтастықтың артықшылықтарын барынша пайдалануға ниеттіміз» деп мәлімдеді Молдова Республикасының Президенті.

Өз кезегінде ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян ЖЕЭК мүшелерін Еуразиялық экономикалық одақтың бес жылдығымен құттықтады. Ол ЕАЭО шеңберінде бірінші рет цифрлық күн тәртібінің құрылымы ойластырылғанын, бұл біздің елдеріміздің тең құқықтық негізде толық шамасында өзінің цифрлық егемендігін қалыптастыруына мүмкіндік беретінін атап өтті. «Біз іске қосқалы отырған он жоба және қалыптастырып жатқан экожүйе біздің елдерімізге жаһандық трансұлттық корпорациялар ұсынып отырған технологиялық және техникалық шешімдерді пайдалануды ғана беріп қоймай, Одағымыздың экономикалық қызметінің барлық саласына қатысы болатын меншікті цифрлық өнімдерге ие бола алатын осы бірегей мүмкіндікті де береді»,- деді Тигран Саркисян. Бұл тақырып қатысушы елдердің Одаққа мүше болып табылмайтын көршілері үшін де тартымды. «Одақ қызметінің барлық саласын цифрлау олардың бізбен әріптестігін өзекті ете түседі. Әйтпесе, бұл, егер біз қызметтің барлық саласында – кеденде, логистикада, еңбек биржасында, тасымалдарда цифрлық трансформацияны жүзеге асырсақ, біздің шешімдерімізге қосылмайтын елдер үшін объективті кедергілер тудыруы мүмкін екендігін білдіреді. Біздің Одағымыздың шеңберінде тең құқықтық жағдайындағы цифрлық егемендік тұрғысынан қарағанда, біздің көршілерміз үшін бұл тартымды болуы мүмкін»,- деп атап көрсетті ол. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындылары бойынша журналистер алдында сөйлеген Тигран Саркисян ЖЕЭК мүшелерінің алғашқы бес жылды ойдағыдай деп бағалағанын, Одақ және ұлтүсті орган ретінде Комиссияның қалыптасып, танылғанын хабарлады – бұл туралы халықаралық тану айғақтайды. Көптеген елдер мен халықаралық ұйымдар ЕАЭО-мен ынтымақтастық орнатқысы келеді. ЕАЭО елдерінің бюджеттері арасында кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлу нормативтерін қоспағанда, күн тәртібінің барлық мәселелері бойынша шешім қабылданды. Баждарды бөлшектеп ыдырату жөнінде әділ тәсілдеме іздеу жұмысы жалғасады. Мәселе кезекті Кеңестің және Үкіметаралық кеңестің талқылауына шығарылатын болады. ЖЕЭК мүшелері бірнеше халықаралық шартқа – Одақтың ортақ электр энергиясы нарығын (ОЭН) қалыптастыру туралы шартқа, ЕАЭО-ның кедендік аумағына әкелінген тауарлардың бақылану механизмі туралы келісімге қол қойды, сондай-ақ цифрлық күн тәртібінің 2019 жыл ішіндегі іске асырылуын талқылады. ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары Одақ туралы шартқа қол қойылуының бес жылдығына байланысты бірлескен мәлімдеде жаһандық өсу мен өркениетті прогресс көшбасшылары қатарына енуге деген ұмтылыстары туралы мәлімдеді.