Жүйеге кіру
ЕЭК көші-қон процестерін тиімді басқару үшін көші-қон саясаты саласындағы озық халықаралық тәжірибені зерделеуде

ЕЭК көші-қон процестерін тиімді басқару үшін көші-қон саясаты саласындағы озық халықаралық тәжірибені зерделеуде

29.06.2016

28-29 маусымда Алматыда Еуразиялық экономикалық комиссияның Еңбек көші-қоны департаменті директорының міндетін уақытша атқарушы Самат Әлиев «Солтүстік және Орталық Азияда көші-қонды басқаруды жетілдіру» атты халықаралық форумда Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) көші-қон саясаты шешуі тиіс міндеттер туралы айтып берді.

Іс-шараны Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Азия мен Тынық мұхитына арналған Экономикалық және әлеуметтiк комиссиясы (БҰҰ АТМЭӘК) ұйымдастырды. Форумның жұмысына БҰҰ АТМЭӘК Солтүстік және Орталық Азияға арналған субөңірлік бөлімінің, Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ), Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ), Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД), Армения, Әзербайжан, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан мемлекеттік құрылымдары мен ғылыми топтарының өкілдері қатысты.

Отырыс барысында еңбек көші-қоны саласындағы проблемалық мәселелер, еңбекші-мигранттарды жұмысқа орналастыру үшін қолайлы жағдай жасау жөніндегі тетіктер, Солтүстік және Орталық Азия елдерінің көші-қон саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдарының өзара іс-қимылын жетілдіру аспектілері қаралды.

Өз сөзінде Самат Әлиев форумды өткізудің және оның тақырыбының өзінің әсіресе, бүкіл әлемде көші-қон процестерінің жандануы жағдайында өте өзекті мәні бар деп атап өтті. Осы процестер неғұрлым үлкен ауқымға ие болуда және нақты жобаларда іске асырылуда. Тауарлардың, капиталдың, қызметтер көрсетудің еркін қозғалысы, инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру, бірлескен өндірістерді дамыту, заманауи еңбек нарығын қалыптастыру үшін жағдай жасалуда. «Еңбек көші-қоны процестерінің көпвекторлы сипаты бар екенін ескере отырып, көші-қон саясатын жетілдіру тетіктері, біздің пікіріміз бойынша, кешенді сипатқа ие болуы тиіс, – деді ЕЭК өкілі. – Оны іске асыру басты міндеттерді шешуге: көші-қон саясатын осы салада қабылданған және ең алдымен, мигранттардың еңбек қызметін заңдастыруға, бүкіл көші-қон циклі бойында олардың заңды құқықтарын қорғауға бағытталған негізгі халықаралық конвенцияларға және басқа да құжаттарға сәйкес жолға қою мақсатында заңнаманы барынша ырықтандыруға көмектеседі».

Самат Әлиев Одақ елдерінде еңбек қызметін жүзеге асырған кезде мүше мемлекеттер азаматтарына Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартпен берілетін артықшылықтарға егжей-тегжейлі тоқтала отырып, Еуразиялық экономикалық комиссияның көші-қон саласындағы жұмысының құрылымы, мақсаттары мен міндеттері, қағидаттары туралы айтып берді.

Комиссия өкілі көші-қон мәселелері бойынша халықаралық ұйымдармен және бірлестіктермен өзара тиімді ынтымақтастық үшін Еуразиялық экономикалық комиссияның әрдайым ашық екенін атап өтті. «Осы саладағы озық халықаралық тәжірибені зерделеу және талдау сайып келгенде біздің елдеріміздің жұмыс істеуі мен дамуына ықпал ететін көші-қон процестерін тиімді басқару үшін жағдай жасауға, азаматтардың өмір сүру және әл-ауқаты деңгейін арттыруға септігін тигізетін болады», – деп атап айтты Самат Әлиев.

Анықтама

Комиссияның БҰҰ АТМЭӘК-мен өзара іс-қимылы 2013 жылғы 22 қарашадағы Еуразиялық экономикалық комиссия және  Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Азия мен Тынық мұхитына арналған Экономикалық және әлеуметтiк комиссиясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум негізінде іске асырылады.