Жүйеге кіру
ЕЭК Салық саясаты және әкімшілендіру жөніндегі консультативтік комитеті ЕАЭО-да электрондық саудаға салық салу тұжырымдамасын әзірлеу туралы шешім қабылдады

ЕЭК Салық саясаты және әкімшілендіру жөніндегі консультативтік комитеті ЕАЭО-да электрондық саудаға салық салу тұжырымдамасын әзірлеу туралы шешім қабылдады

03.05.2017

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) жанындағы Салық саясаты және әкімшілендіру жөніндегі консультативтік комитеттің отырысында Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) туралы шартқа және Тауарлар экспорты мен   импорты, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде жанама салықтар алу тәртібі мен олардың төленуін бақылау тетігі туралы хаттамаға өзгерістер мен толықтырулар қаралды.

Одақтың салық саясаты мәселелеріне жетекшілік ететін уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары мен сарапшылары, бизнес және ғылыми қоғамдастық өкілдері тікелей және жанама салық салу және мүше мемлекеттердің салық органдары арасында ақпарат алмасу мәселелерін талқылады. ЕАЭО-да электрондық саудаға салық салу тәсілдемесін талқылауға ерекше назар аударылды. 

ЕЭК Қаржы саясаты департаментінің директоры Тигран Давтян Консультативтік комитеттің жұмысын аша отырып, ЕАЭО мемлекеттерінің салықтық әкімшілендіру нормалары мен қағидаттарын жақындату қажеттілігіне назар аударды.

Отырыста тауарларды әкелу және тауарларды импорттау кезінде Одақ елдерінің салық органдары иемденетін жанама салықтарды төлеу туралы өтініштердің құрылымын біріздендіру және тіркеу нөмірлерін дараландыру идеясы мақұлданды. Біріздендіру мақсаты – өтініштер деректерінің интеграцияланған базасын құру арқылы әкімшілендіруді оңайлату. «Нөмірлеуді енгізу бизнес-қоғамдастық үшін бақылау функцияларын жүргізу шығындарын төмендетуге және салық төлеушілердің осы өтініштерді ұсыну кезіндегі құжат айналымын жылдамдатуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ЕЭК Қаржы саясаты департаментінің директоры Тигран Давтян.

Қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімді (Конвенцияны) жетілдіру және ЕАЭО мемлекеттері шеңберінде кіріске және капиталға салынатын салықтарды төлеуден жалтаруды болдырмау мақсатында Консультативтік комитеттің мүшелері халықаралық тәжірибені талдауға және бірқатар тақырыптар бойынша ұсынымдар дайындауға шешім қабылдады. Олардың арасында – тұрақты өкілдікке, нақты иесіне, өзара келісілетін рәсімдерге қатысты халықаралық салық келісімдерінің құқық қолдану практикасы; бірыңғай стандарт (CRS) негізінде автоматты түрде ақпарат алмасу практикасы; Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының салық салу базасын жасыруға және салық салудан пайданы жалтаруға қарсы тұру бойынша іс-шараларының (BEPS жоспары) салық келісімдерін қолдануға ықпалы және т.б. бар.

Отырысқа қатысушылар мүше мемлекеттердің салық органдары арасында сұрату және жеке бастама бойынша салық мақсаттары үшін ақпарат алмасу мониторингі жүйесін бекітті. 2009 жылғы 11 желтоқсандағы Одақ елдерінің салық органдары арасында төленген жанама салықтар сомасы туралы электронды түрде ақпарат алмасу туралы хаттамаға және оған № 2 және № 3 қосымшаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар қаралды.

ЕАЭО-да электрондық саудаға салық салу тұжырымдамасын әзірлеу туралы шешім қабылданды. «Экономиканы одан әрі цифрландыру болмай қоймайды, – деп сенімділік білдірді Тигран Давтян. – Біз тауарлар мен қызметтер көрсетуді еркін өткізу жолында адал бәсекелестік және әкімшілік шығындарды төмендету, салық тосқауылдарынан және басқа кедергілерден кету үшін жағдайлар жасауды қамтамасыз ететін ойын қағидаларын қазіргі кезден құруымыз қажет». Құжаттың жобасын ЕЭК Қаржы саясаты департаменті Одақ елдерімен бірлесіп дайындайтын болады. Тауарлардың электрондық саудасына салық салудың үндестірілген механизмі құрылып, салық және кеден органдары арасында тауарлар ағымын бақылап отыру бойынша ақпарат алмасу жолға қойылатын болады деп бағамдалуда. 

Консультативтік комитеттің жауапты хатшысы Нурматбек Мамбеталиев айтып өткендей, электрондық коммерция мәселелерін Минскіде өтетін «Электрондық қызметтер көрсетулер бойынша жанама салықтар алу» халықаралық бизнес-форумында егжей-тегжейлі талқылау жоспарланып отыр. Іс-шараны Беларусь тарапы ЕЭК-пен бірлесіп ұйымдастыратын болады.

Консультативтік комитеттің келесі отырысы 2017 жылғы күзде Қырғыз Республикасында өтеді.

Анықтама
Салық саясаты және әкімшілендіру жөніндегі консультативтік комитет ЕЭК Алқасының 2012 жылғы 15 наурыздағы № 13 шешімімен құрылды. Бұл Комиссияның салық саясаты, ЕАЭО туралы шарттың XVII бөліміне сәйкес өзара саудада салықтар алу механизмін жетілдіру мәселелері бойынша консультативтік органы. Сонымен қатар, Консультативтік комитеттің құзыретіне Одақ мемлекеттерінің салық саясаты және әкімшілендіру саласындағы бағдарламалары мен жобаларын әзірлеу және іске асыру мәселелері бойынша консультациялар беру жатады. Консультативтік комитеттің төрағасы – ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Тимур Жақсылықов.