Жүйеге кіру
ЕАЭО мен Үндістан еркін сауда туралы келісім жасасу бойынша ресми келіссөздерді бастады

ЕАЭО мен Үндістан еркін сауда туралы келісім жасасу бойынша ресми келіссөздерді бастады

03.06.2017

3 маусымда Петербург халықаралық экономикалық форумында Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен Үндістан Республикасы арасында Еркін сауда аймағы (ЕСА) туралы келісім жасасу бойынша келіссөздердің басталғаны туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылды. Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) тарапынан құжатқа ЕЭК Сауда жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Вероника Никишина қол қойды. Үндістан тарапынан – осы елдің өнеркәсіп және сауда мемлекеттік министрі Нирмала Ситхараман қол қойды.  

2016 жылы ЕСА туралы келісім жасасудың орынды екендігі туралы зерттеу жүргізген бірлескен топ жұмысын аяқтады. Талдау сауда режимін өзара ырықтандыру қысқа мерзімдік перспективада-ақ ЕАЭО барлық елдерінің және Үндістанның ЖІӨ өсуіне алып келетінін көрсетті. Бұдан басқа, сараптамалық бағалауға сәйкес, еркін сауда режиміне ауысқан кезде тауар айналымы келіссөздердің нәтижелері бойынша қол жеткізілетін тарифтік ырықтандырудың тереңдігіне қарай ағымдағы деңгейден 30-40%-ға дейін артуы мүмкін.

«Бүгін ЕАЭО мен Үндістан арасындағы өзара қарым-қатынастың жаңа кезеңі басталады. Ол біздің елдеріміздің экономикалары қажет ететін сауданы кеңейту және өзара инвестициялар тарту үшін қосымша мүмкіндіктерді ашады, – деп атап өтті Вероника Никишина. – Бізде ынтымақтастықты сапалы дамыту мүмкіндігі пайда болады. Біз нарықтарда өз өнімдеріміздің бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру, кооперацияны күшейту, экономиканың барлық салаларында бизнес-диалог орнатуға арналған ынталандыруды құру үшін қажетті жағдайлар жасай аламыз».

Нирмала Ситхараман өз кезегінде Үндістанның ЕСА туралы келісім жасасуға жоғары қызығушылық танытуын атап өтті. Оның пікірінше, келісім ЕАЭО мен Үндістан арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін ең жоғары әсерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Алдағы келіссөздер кедендік әкімшілендіруді, зияткерлік меншік құқықтарын сақтауды және қорғауды, өзара саудада тарифтік және тарифтік емес тосқауылдарды төмендетуді және басқаларды қоса алғанда, сауданы реттеу тақырыптарының кең спектрін қамтитын болады.

Келісім күшіне енгеннен кейін тарифтерді жою ЕАЭО елдерінен Үндістанға ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыруға ықпал ететін болады. Бұл дәнді дақылдарға, өсімдік майларына, көкөністерге, минералды суды қоса алғанда сусындарға қатысты. Сонымен бірге, тыңайтқыштар, машиналар мен жабдықтар, көлік құралдары, турбореактивті қозғалтқыштардың кейбір түрлері, тұз, болаттан, сүректен жасалған бұйымдар, химикаттар, резеңке, пластмасса секілді өнеркәсіптік тауарлар тобын экспорттық жеткізу туралы сөз болып отыр.