Жүйеге кіру
ЕЭК Алқасы ЕЭК пен Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумның жобасын мақұлдады

ЕЭК Алқасы ЕЭК пен Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумның жобасын мақұлдады

30.03.2016

29 наурызда Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының кезекті отырысында ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисянның жетекшілік етуімен энергетика және инфрақұрылым, экономика және қаржы саясаты салаларындағы мәселелер қаралды.

Атап айтқанда, ЕЭК Алқасы Еуразиялық экономикалық комиссия мен Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (ИАТА) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумның жобасын мақұлдады.

Меморандумға негізделген өзара іс-қимыл авиатасымалдаушылар қызметтерін үйлестіру жөніндегі қолда бар халықаралық тәжірибені пайдалануға, әуе қатынастарын реттеудің, авиатасымалдаушылардың коммерциялық қызметтерінің ерекшеліктерін, жүктерді тасымалдау кезінде электрондық құжаттарды пайдалану тәжірибесін есепке алуға мүмкіндік береді, сондай-ақ ұшулар қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік мәселелері бойынша үздік практикаларды пайдалану туралы ұсынымдарды әзірлеуге мүмкіндік туғызады.

Бұдан басқа, ЕЭК Алқасының отырысында «Теміржол көлігіндегі қауіпсіздік сертификаты бойынша талаптарға және оны беру тәртібіне қолданылатын жалпы тәсілдемелер туралы» ұсыным бекітілді.

Жалпы тәсілдемелер теміржол көлігінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тасымалдарды жүзеге асырғанда бұзушылықтардың туындау тәуекелдерін төмендету мақсатында Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің заңнамаларын үйлестіруге бағытталып отыр. Сонымен қатар құжат қауіпсіздік сертификатын беру тәртібін, соның ішінде тасымалдаушының теміржол көлігінде тасымалдау қауіпсіздігін басқару жүйелерін әзірлеуіне және енгізуіне қойылатын талаптарды айқындайды.

ЕЭК Алқасының отырысында Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақшалай қаражатты және (немесе) ақша құралдарын тасымалдау кезінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау саласындағы ақпаратпен алмасу туралы келісімнің жобасы да мақұлданды.

Келісімнің жобасында қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында мүше мемлекеттер үкіметтер айқындайтын органдар арқылы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақшалай қаражатты және (немесе) ақша құралдарын тасымалдағанда «Қолма-қол ақша және (немесе) ақша құралдары декларациясы» жолаушылар кедендік декларациясының қосымша формулярында мәлімделген мәліметтермен алмасуды және өзара іс-қимылды жүзеге асыратыны көзделген.

ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақшалай қаражатты және (немесе) ақша құралдарын тасымалдау туралы ақпаратпен алмасу мүше мемлекеттердің тиісті деректер базасын қалыптастыруға жауапты органдарының сұраулары бойынша жүзеге асырылады.

Жоба сұрауларды ресімдеу тәртібін, олардың орындалу мерзімдерін және сұрауларды орындаудан бас тарту жағдайларын бекітеді. Құжат алынатын ақпаратты қорғау жөніндегі талаптарды белгілейді, өйткені мұндай ақпарат құпия болып табылады және сондай ақпаратты ұсынған органның жазбаша келісімінсіз, оны арнайы сұратылған және табыс етілгеннен өзге мақсаттарда пайдалануға болмайды.

Мүше мемлекеттердің Келісімнің және 2011 жылғы 19 желтоқсандағы Шарттың ережелерін іске асыруына мониторингті жүзеге асыру үшін Еуразиялық экономикалық комиссия қажетті ақпаратты сұрата алады және қажет болғанда Еуразиялық үкіметаралық кеңесті мониторинг нәтижелері туралы хабардар етіп отыра алады.

Келісімнің жобасы мемлекетішілік келісу өткізу үшін мүше мемлекеттерге жіберіледі.

Анықтама

Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақшалай қаражатты және (немесе) ақша құралдарын тасымалдау кезінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау саласындағы ақпаратпен алмасу туралы келісімнің жобасы 2011 жылғы 19 желтоқсандағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақшалай қаражатты және (немесе) ақша құралдарын тасымалдау кезінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау туралы шартты іске асыру шеңберінде әзірленіп отыр.