Жүйеге кіру
ЕЭК ЕАЭО-дағы мемлекеттік-жекеше әріптестік бойынша инвесторлар мен кәсіпкерлерге арналған алғашқы практикалық нұсқаулықты ұсынды

ЕЭК ЕАЭО-дағы мемлекеттік-жекеше әріптестік бойынша инвесторлар мен кәсіпкерлерге арналған алғашқы практикалық нұсқаулықты ұсынды

30.03.2017

«МЖӘ 2017 Ресей апталығы» төртінші Инфрақұрылымдық конгресі шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақтағы (ЕАЭО) Мемлекеттік-жекеше әріптестік (МЖӘ) механизмдерін дамыту жөніндегі сараптамалық топтың бесінші отырысы өтті.

Іс-шараға қатысушылар даму институттарының инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудағы рөлі, МЖӘ- мәмілелерді құрылымдау кезінде орын алатын қиындықтар және оларды шешу нұсқалары, муниципалдық деңгейдегі МЖӘ жобаларын іске асыру, ЕАЭО елдерінде шетелдік инвесторлар мен даму банктері үшін мұндай жобалардың тартымдылығын қамтамасыз ету секілді мәселелерді талқылады. Еуразиялық экономикалық одақта мемлекеттік-жекеше әріптестік саласындағы жобалық бастамаларды қолдау бағдарламасының тұжырымдамасын талқылауға жеке көңіл бөлінді.

Отырыстың маңызды тақырыптарының бірі ЕАЭО мемлекеттерінде МЖӘ саласындағы мемлекеттік-жекеше әріптестік жобаларын қарау рәсімдерін жеңілдету және мерзімдерін қысқарту бойынша нормалар болды. Бұл, отырысқа қатысушылардың пікірі бойынша, МЖӘ құралын әлеуетті инвесторлар үшін барынша тартымды етуі тиіс.

Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) өкілі ЕАДБ-ның басымдық міндеттерінің бірі интеграциялық әсері бар еларалық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру болып табылатындығын атап айтты.

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Кәсіпкерлік қызметті дамыту департаментінің директоры, сарапшылық топтың жетекшісі Бауыржан Бекешев заңнамалық және институционалдық базаның қазіргі күйі МЖӘ жобаларына инвестицияларды еркін негізде тартуға мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Бұл ретте, оның айтуы бойынша, бизнес-қоғамдастық аз мерзімді үйреншікті жобалардан салынған инвестициялардың өтелімділігі ұзақ мерзімді МЖӘ жобаларын іске асыруға көшуге дайын ба деген сұрақ туындайды. «Мәселе кәсіпкерлердің басым бөлігін инвестицияларды жылдам кері қайтаруға кепілдік беретін жобалар қызықтыратындығында, ал МЖӘ жобалары, әдетте, ең кемінде 10 жылдан 20 жылға дейінгі ұзақ мерзімдік циклды қамтитындығында болып отыр. Бұл проблема Одақтың барлық мемлекеттеріне тән», – деп атап өтті ЕЭК өкілі.

Бауыржан Бекешев отырысқа қатысушыларға ЕАЭО-дағы МЖӘ бойынша инвесторлар мен кәсіпкерлерге арналған алғашқы практикалық нұсқаулықты таныстырды. Брошюраны тараптардың уәкілетті органдары мен ұлттық даму институттарының қатысуымен ЕЭК әзірледі. Практикалық нұсқаулық ЕАЭО аумағында мемлекеттік-жекеше әріптестік жобаларын іске қосуға және іске асыруға қатысу мүмкіндіктерін қарастыратын инфрақұрылымдық компаниялардың, қаржыландыратын ұйымдардың, сондай-ақ басқа да мүдделі тараптардың өкілдеріне арнап арнайы әзірленді. Көмекші құрал Одақ елдерінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін жеке инвесторларды тартуға ықпал ететін болады. 

Сарапшылық топтың жетекшісі айтып өткендей, МЖӘ дамуы жөніндегі ақпаратты әрбір мемлекет ұсынды. «Ақпаратты жинау және материалдарды өңдеу көп уақыт алды, бірақ нәтижесінде мүше мемлекеттердегі МЖӘ бойынша жап-жақсы көмекші құрал жасап шығарылды. Біздің алдымызда МЖӘ саласында инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін жол көрсетуші болатын осындай брошюраны шығару міндеті тұрды», – деп атап өтті Бауыржан Бекешев. 

Нұсқаулықта ЕАЭО-дағы мемлекеттік-жекеше әріптестік саласындағы нормативтік-құқықтық база, сондай-ақ МЖӘ жобаларын іске асыру модельдері, инвесторларға арналған кепілдіктер мен преференциялар, жобаларды әзірлеу, келісу және тиімділігін бағалау рәсімдері және т.б. ұсынылған. Көмекші құралда ЕАЭО елдерінде МЖӘ механизмдерін қолдану шарттарының, ерекшеліктерінің және практикасының салыстырмалы сипаттамасы беріледі. Одан мұндай жобаларды Еуразиялық кеңістікте іске асырудың табысты мысалдары туралы оқып білуге болады.


Отырыстың қорытындылары бойынша Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде мемлекеттік-жекеше әріптестікті дамыту мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру шеңберінде 2017 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді. Іс-шаралардың арасында, соның ішінде Ресей Федерациясының және Қазақстан Республикасының жеке қаржылық бастамасы арқылы МЖӘ жобаларын дайындау және іске асыру тәжірибесі, ЕАЭО елдеріндегі әлеуметтік саладағы МЖӘ жобалары тәжірибесі секілді тақырыптар бойынша семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер бар. Сонымен қатар, бірлескен талдамалық бағдарламалар, жобалар, соның ішінде үздік халықаралық стандарттарды пайдалана отырып МЖӘ саласында ұлттық кәсіби және білім беру стандарттарын қалыптастыру бойынша білім беру бағдарламалары жоспарланған.

ЕЭК және ұлттық даму институттарының ақпараттық ресурстарында мүше мемлекеттерде жүзеге асырылып жатқан немесе іске асыру жоспарланып отырған МЖӘ жобаларын тұрақты түрде жариялап отыру туралы шешім қабылданды.

Анықтама
ЕАЭО шеңберінде МЖӘ механизмдерін дамыту жөніндегі сарапшылық топ ЕЭК Алқасының Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі консультативтік комитеті жанынан 2015 жылғы маусымда құрылған. Оның қызметінің мақсаты МЖӘ саласында заңнамалық база қалыптастыру бойынша мониторингті жүзеге асыру және тәжірибе алмасу, сондай-ақ осы саладағы нормативтік-құқықтық және әдіснамалық базаны ықтимал синхрондау (үндестіру) бойынша жоспарларды дайындау және іске асыру болып табылады.

Қазіргі кезде сарапшылық топтың төрт отырысы өткізілді: 2015 жылғы шілдеде Санкт-Петербургте (Ресей Федерациясы), 2015 жылғы қарашада Минскіде (Беларусь Республикасы), 2016 жылғы мамырда Астанада (Қазақстан Республикасы), 2016 жылғы қазанда Бішкекте (Қырғыз Республикасы). Оларда ЕАЭО елдерінде МЖӘ-ні дамыту мәселелері және іске асырылған жобалар талқыланды. 

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің даму институттары арасындағы мемлекеттік-жекеше әріптестікті дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумды ұлттық даму институттарының бастамасымен ЕЭК әзірледі. 2016 жылы Астанада қол қойылған құжат Одақ елдеріне ЕАЭО шеңберінде мемлекеттік-жекеше әріптестік жобаларын іске асыру бойынша, соның ішінде интеграциялық сипаттағы ұсыныстар енгізуге, бірлескен талдамалық жұмыс жүргізуге, осы салада үздік практикалар негізінде ұлттық заңнаманы жетілдіруге мүмкіндік береді.