Жүйеге кіру
Татьяна Валовая: «ЕАЭО-ға криптовалюталар мен блокчейн бойынша келісілген тәсілдеме тұжырымдау қажет»

Татьяна Валовая: «ЕАЭО-ға криптовалюталар мен блокчейн бойынша келісілген тәсілдеме тұжырымдау қажет»

dd.jpg
30.03.2018

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Интеграция және макроэкономика жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Татьяна Валовая бұл туралы өзі модератор болған «Криптовалюталар: ақша айналысы жүйесіндегі орны және ЕАЭО елдерінің экономикасына ықпалы» панельдік сессиясында мәлімдеді.

Іс-шара 28 наурызда «БЛОКЧЕЙНРФ-2018» конгресі шеңберінде өтті және Еуразиялық экономикалық одақтағы (ЕАЭО) криптовалюталар және блокчейн технологиялары тақырыбын талқылау сериясының жалғасы болды. Пікірсайысқа бизнестің, криптовалюталар және блокчейн ұлттық қауымдастықтарының өкілдері қатысты. Пікірсайысты аша келіп, Татьяна Валовая ЕАЭО интеграциялық әлеуетін іске асыру үшін криптовалюталар феномені мен блокчейн технологияларының маңызын атап өтті: «Одақ шеңберінде 2025 жылға дейінгі экономикалық интеграция бағдарламасы бар, бірақ әлемнің өзгеріп жатқаны соншалық, міндетті бағдарламаны орындаумен бірге, әлем тап болып жатқан жаңа сын-қатерлерге тез әрі дер кезінде жауап беру қажет болуда. Криптовалюталар сияқты феноменнің пайда болуы, соның ішінде макроэкономикалық саясатты жүргізу тұрғысынан келгенде сөзсіз сын-қатер болып табылады, ал бұл Одақ шеңберінде келісілген тәсілдемелер тұжырымдауды талап етеді».

Спикерлер тарапынан ұлтүсті криптовалюталар архитектурасын қалыптастыру және блокчейн саласында Еуразиялық құзыреттер орталығын құру жөніндегі бастамаларды қоса, бірқатар тұжырымдамалық ұсыныстар айтылды. ЕЭК министрі интеграцияның ағымдағы деңгейінде бірыңғай ұлтүсті криптовалютасына деген экономикалық қажеттіліктің жоқ екенін, бірақ бұл осы құралдарға қатысты бірыңғай тәсілдемелер тұжырымдаудың қажеттігі жоқ дегенді білдірмейтінін атап өтті. «Әлемде не болып жатқанын түсіну қажет және соған орай әрекет ету керек. Криптовалюталар феноменіне және блокчейн технологияларына ЕАЭО елдерінің жауабы жүйелі әрі келісілген болуға тиіс».

Спикерлер қозғаған маңызды аспектілердің бірі криптовалюталардың ақша айналысы жүйесіндегі орны туралы мәселе болды.Макроэкономика тұрғысынан қарағанда, криптовалюталар ақша айналысына деген тәсілдемелерді ауыстырады және тиісінше макроэкономикалық орнықтылық пен тұрақтылыққа ықпал етуі мүмкін. Осыған байланысты аталған мәселе бойынша дербес белсенді позиция қалыптастыру үшін аталмыш саладағы соңғы әлемдік трендтерді түсіну қажет болады.

Пікірсайысқа қатысушылар бүгінгі таңда блокчейн технологияларын және криптовалюталарды дамытуды нормативтік-құқықтық және институционалдық қамтамасыз ету бойынша ЕАЭО көшбасшысы болып табылатын Беларусьтың тәжірибесін талқылады. Өз кезегінде, Арменияның және Қазақстанның өкілдері ұлттық реттеушінің бұл реттегі криптовалюталар мәселесі бойынша ұстамды позициясын атап өте келіп, өз елдеріндегі блокчейн технологиялары дамуының үдемелі сипаты туралы айтты. Сондықтан да ЕАЭО елдерінің криптовалюталарды реттеу саласындағы тәжірибесі олар үшін аса қызығушылық тудырады.

Анықтама

«БЛОКЧЕЙНРФ-2018» конгресі - блокчейн технологияларын және соның негізінде жасалған өнімдерді әзірлеушілер мен пайдаланушылардың салалық конгресі.

Ресейдің криптовалюталар және блокчейн қауымдастығы (РКЖБҚ) ұйымдастырған іс-шараға цифрлық экономиканың елеулі тұлғалары мен жетекші сарапшылары – реттеуші органдардың өкілдері, депутаттар, маман-практиктер, экономистер, қаржыгерлер, әзірлеушілер, заңгерлер мен инвесторлар қатысты.

Конгрес шеңберінде жалпы пікірсайыс, көрме, өзекті тақырыпқа арналған панельдік сессиялар болып өтті. Іс-шара барысында спикерлер Ресейдегі цифрлық экономиканы, технологиялық платформаларды дамыту мәселелерін, саланы заңнамалық реттеуге қатысты тәсілдемелерді, криптоинвестициялардың өсу мүмкіндігі мен динамикасын, криптовалюталар майнингін, мемлекеттік басқару жүйесіндегі және коммерциялық сектордағы блокчейнді, бизнесті және аумақтарды дамыту үшін жеке ақшаларды пайдалануды талқылады.

28 наурызды Беларусь Республикасында № 8 Декрет күшіне енді, ол Беларусь Республикасы Жоғары технологиялар паркі резиденттерінің технология саласындағы қызметтің 36 түрі бойынша құқықтарын бекітеді, бұлардың ішінен төрт түрі криптобиржаның, криптоайырбастаудың, ICO операторларының қызметін қоса, блокчейн негізіндегі технологияларға арналған.