Жүйеге кіру
Ірі Еуропалық бизнес ЕАЭО-мен кең ауқымды диалогқа мүдделі

Ірі Еуропалық бизнес ЕАЭО-мен кең ауқымды диалогқа мүдделі

30.04.2019
Прагада (Чехия) өткен жыл сайынғы «Еуропалық одақтың Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерімен сыртқы экономикалық байланыстары» конференциясына қатысқан Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Интеграцияны дамыту департаментінің директоры Сергей Шухно осындай тұжырым жасады. «Біз Еуропалық одақтың әртүрлі мемлекеттік құрылымдарының және іскер топтарының өкілдерімен жүйелі кездесіп тұрамыз,- деп атап көрсетті Сергей Шухно.- Әсіресе соңғы уақытта ірі Еуропалық кәсіпкерлердің біздің Еуразиялық жобаға, Еуразиялық экономикалық одақпен кең ауқымды ынтымақтастық жасауға деген мүдделілігі артуда».
 
ЕЭК-тің Интеграцияны дамыту департаментінің директоры үстіміздегі жылы Еуразиялық интеграциялық жобаның 25 жылдығы және ЕАЭО туралы шартқа қол қойылуының бес жылдығы атап өтілетінін айта келіп, форумда түбегейлі баяндама жасады. Ол конференцияға қатысушыларға Одақтың 2018 жылғы жұмыс істеу нәтижелері, оны одан әрі дамытудың перспективалары туралы хабарлады. Атап айтқанда, Сергей Шухно іскер топтардың өкілдерін өткен жылы желтоқсанда мемлекет басшылары қабылдаған ЕАЭО шеңберіндегі интеграциялық процестерді одан әрі дамыту туралы декларацияға сәйкес жоспарлар мен Еуразиялық интеграцияның 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын айқындайтын құжат дайындау туралы хабардар етті.

ЕЭК өкілі ЖІӨ-нің 2,5%, өнеркәсіп өндірісі көлемінің 3,1%, жүк тасымалының 2,8%, өзара және ішкі сауданың тиісінше 9,2% және 18,8% өсуін Одақтың жұмыс істеп тұруының оң нәтижесі деп атады.

ЕАЭО-ның халықаралық қызметіне, шетелдік әріптестермен байланысуды дамытуға және Еуропалық одақпен ынтымақтастық перспективаларына ерекше назар аударылды. Сергей Шухно ЕАЭО-ның халықаралық аренада өзара іс-қимылды кеңейтуге, қазіргі әріптестерімен байланысты қолдауға және жаңа байланыстар түзуге ұмтыла отырып, сыртқы әлемге ашықтығын сақтайтынын атап көрсетті.

Сергей Шухно халықаралық өңірлік бірлестіктермен қатынастарға қатысты атап өткеніндей, «ЕЭК-тің АСЕАН-мен және МЕРКОСУР-мен қол қойылған меморандумдары шеңберінде бүгінгі таңда ЕАЭО-ның ынтымақтастығы Азия және Латын Америкасы тректерінде белсенді дамуда. Бұл ретте басқа өңірлердегі әріптестермен өзара іс-қимылдың қарқынынан ЕО-мен байланысу деңгейі айтарлықтай кем түседі. ЕАЭО мен ЕО ынтымақтастығының деңгейі және ауқымы мүше мемлекеттердің Комиссияға берген құзыреттерінің көлемін және ірі Еуропалық бизнес өкілдері тарапынан ЕАЭО-ға деген қызығушылықтың тұрақты өсуін ескере келгенде, оның шынайы әлеуетіне сәйкес келмейтіні көрініп отыр».

Сергей Шухно ЕАЭО мен ЕО диалогы үшін тиімді алаңшалар дәстүрлі форумдар ғана емес, сонымен бірге 2018 жылғы мамырда алғаш рет өткен «Минск диалогы» сияқты жаңа алаңшалар да бола алатынын айқынырақ айтып өтті.       

Анықтама

Конференцияның модераторы Ресей Федерациясының Чех Республикасындағы сауда өкілі Сергей Ступарь болды. Іс-шараға Армения Республикасының Чех Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ашот Овакимян, Беларусь Республикасының Чех Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Валерий Курдюков, Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сержан Әбдікәрімов, Чехияның бизнес-қоғамдастықтарының және мемлекеттік билік органдарының өкілдері қатысты.