Жүйеге кіру
ЕЭК мемлекетаралық электрондық құжат айналымы жүйесін енгізетін болады

ЕЭК мемлекетаралық электрондық құжат айналымы жүйесін енгізетін болады

30.05.2017

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасы бірқатар тауарларға салықтық баж мөлшерлемелерін белгіледі, репродуктивті материалға қойылатын ветеринариялық талаптарға өзгерістер енгізді, ЕЭК және Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия және Тынық мұхитқа арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (БҰҰ АТМЭӘК) арасындағы ынтымақтастық бағдарламасының жобасын мақұлдады, Комиссияның куәландыру орталығын құруға және электрондық қолтаңбаларды өзара танумен мемлекетаралық электрондық құжат айналымы жүйесін енгізуді бастауға мүмкіндік беретін ақпарат қауіпсіздігі қатерлерінің моделін бекітті.

30 мамырда ЕЭК Алқасының кезекті отырысында БҰҰ АТМЭӘК-пен ынтымақтастық бағдарламасы мақұлданды. Өзара іс-қимыл макроэкономикалық саясатты, сауданы, инвестициялар мен кәсіпкерлік қызметті қолдауды, көлікті, энергетиканы, статистиканы, ақпараттық технологияларды, еңбек көші-қонын қоса алғанда, 10 бағыт бойынша жүргізілетін болады. Осы мәселелер бойынша өзара іс-қимыл қаржылық тұрақсыздық, бағалардың және халықаралық валюталарды айырбастау бағамдарының құбылмалылығы жағдайында Еуразиялық өңір елдерінің

орнықты дамуына, транзиттік және логистикалық әлеуетті тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге, теміржол және автожол тасымалдары кезінде кедендік транзитті оңайлатуға ықпал ететін болады. 

ЕЭК Алқасы мүшелерінің шешімімен бірқатар тауарларға (қоюландырылған жеміс шырындарының, моторлы көлік құралдарының, қол сағаттарының жекелеген түрлері, сондай-ақ тоңазытқыш және мұздатқыш жабдықтар, шаштараз креслолары және олардың бөліктері, барлығы 11 тарифтік желі) Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) Бірыңғай кедендік тарифінің кедендік әкелу бажының мөлшерлемелері белгіленді. Осылайша, Ресей Федерациясының Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) шеңберіндегі міндеттемелері орындалды.

Баж мөлшерлемелерінің құрамдастырылған форматы 2017 жылғы 31 желтоқсанға дейін әрекет ететін болады. Бұл ретте кедендік әкелу бажы мөлшерлемелерінің адвалорлық құрамдас бөлігі ДСҰ шеңберіндегі баждың түпкі байланысты мөлшерлемесіне сәйкес келеді.

ЕЭК Алқасының шешімі 2017 жылғы 1 қыркүйекте күшіне енеді.

Бірыңғай ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға өзгерістер енгізілді. Мәтінде генетикалық материалды ЕАЭО аумағына әкелу және мүше мемлекеттер арасында тасымалдау шарттарын анықтайтын тарау пайда болды. Бұдан басқа, тиісті ветеринариялық сертификаттың талаптары көрсетілген және нысаны айқындалған. Қабылданған шешім селекциялық-тұқымдық жұмысты және репродуктологияны, соның ішінде қызметтік иттерді өсіруде жаңғыртуға ықпал ететін болады және ветеринариялық клиникалардың жұмысын ретке келтіреді.

ЕЭК Алқасының мүшелері мемлекетаралық электрондық құжат айналымы жүйесін құрумен байланысты мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, ЕАЭО бірыңғай ақпараттық жүйесі үшін негізгі тәуекелдерді анықтауға және ЕЭК куәландыру орталығын құруға мүмкіндік беретін ақпарат қауіпсіздігінің қатерлері моделі бекітілді. 

Қабылданған шешім – электрондық цифрлық қолтаңбаны өзара тану механизмін қамтамасыз ететін үшінші тараптар сенім білдірген сервистерді пайдалана отырып, мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының және Комиссияның мемлекетаралық электрондық құжат айналымын қамтамасыз ету бойынша пилоттық жобаны тәжірибелік пайдалануға іске қосу дайындығын аяқтауға жасалған тағы бір қадам. Мемлекетаралық электрондық құжат айналымы жүйесін алғашқы тестілік пайдалану жүргізілді және қазірдің өзінде оң нәтижелер берді.

«Құжат айналымында «G2G» пилотын іске асыру заңдық мәні бар трансшекаралық құжат айналымын ұйымдастыруда маңызды кезең болып табылады, – деп атап өтті ЕЭК Ішкі нарықтар, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Карине Минасян. – Келесі кезеңде бизнестің мемлекеттік органдармен электронды өзара іс-қимылы рәсімін іске асыру жоспарланып отыр».