Жүйеге кіру
ЕЭК ЕАЭО елдерінің электрондық саудасы саласында салық салудың ортақ тұжырымдамасын әзірлейді

ЕЭК ЕАЭО елдерінің электрондық саудасы саласында салық салудың ортақ тұжырымдамасын әзірлейді

30.06.2017

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің электрондық саудасы саласында келісілген салық саясатын әзірлеуге кірісуді жоспарлап отыр. Салық салудың ортақ тұжырымдамасы дайындалады деп бағамдалуда. Бұл туралы Парижде 13-ші Еуразиялық салық форумында ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Тимур Жақсылықов мәлімдеді. Халықаралық инвестициялар және салықтар жөніндегі орталық (ІТІС) ұйымдастырған іс-шара ЕАЭО салық заңнамасындағы өзгерістерге арналды.

ЕЭК министрі атап өткендей, жаһандану мен экономикалық процестерді ақпараттандыру, электрондық коммерцияны дамыту, инновациялық техникалық шешімдерге негізделген төлем құралдарының кең спектрін белсенді қолдану салықтық әкімшілендірудің жаңа механизмдерін қолдану қажеттігін талап етеді. Бүгінде бірыңғай цифрлық кеңістік құру ЕАЭО-ның күн тәртібінде тұр.

Тимур Жақсылықовтың пікірі бойынша, тұжырымдаманы іске асыру салықты жасыруды және негізсіз төмендетуді болдырмауға ықпал етуі тиіс. Сонымен бірге, ол салықтық кедергілерді төмендетуге және Одақ елдері арасында электрондық сауда үшін адал бәсекелестік жағдайларды жасауға мүмкіндік береді.

«Қарқынды дамып келе жатқан электрондық сауда саласы салық салуға, алымдарға (баждарға), өсімақыларға жататын объектілер тізбесін кеңейтеді және мәжбүрлі өндіріп алу шараларын қолдану мақсатында салық органдарының жедел ден қоюын арттыруды талап етедідеп есептейді ЕЭК министрі. – Осыған байланысты банктермен электрондық өзара іс-қимыл тәртібін жетілдіру маңызды міндет болып табылады. Бұл, әсіресе, электрондық ақшалар мен электрондық әмияндарға қатысты».

Комиссия мониторинг шеңберінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер жүргізетін электрондық саудаға салық салуды енгізу бойынша іс-шараларды талдауды жүзеге асырады. «Біз мұндай талдау ЕАЭО-да электрондық коммерцияға салық салуды жалпы ұлтүсті реттеуді әзірлеу үшін негіз болуы тиіс деп есептейміз. Сонымен бірге, Одақ туралы шартты және оған № 18 қосымшаны цифрлық салықтық құқықтық қатынастарды нақтылайтын толықтырулармен және өзгерістермен жұмысты бастау қажет», – деп хабарлады Тимур Жақсылықов.

Электрондық саудаға салық салу жанама да, тікелей де салық салу шеңберінде жүргізілуі мүмкін. Бүгінгі таңда Одақ шеңберінде салық салуды үндестіру бірінші кезекте жанама салықтарға (ҚҚС және акциздер) және аздаған дәрежеде ғана тікелей салықтарға, соның ішінде ішінара жеке тұлғалардың табыс салығына қатысты.

Электрондық саудаға салық салу тұжырымдамасында ЕАЭО-ның жанама салық салу саласындағы нормативтік құқықтық базасының өзгерістері ұсынылатын болады. Атап айтқанда, өзгерістер ЕАЭО туралы шарттың электрондық саудаға салық салу қағидаттары белгіленетін XVII «Салықтар және салық салу» тарауына қатысты болады. Құжатта ЕАЭО туралы шартқа № 18 қосымшадағы электрондық саудаға қатысты ұғымдарды реттеу көрініс табады. Бұл ретте «Электрондық сауда», «электрондық / цифрлық тауарлар», «электрондық / цифрлық қызметтер көрсету», «сервер», «бағдарламалық қамсыздандыру», «электрондық / цифрлық төлемдер», «электрондық ақша қаражаты» секілді терминдер және Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінде цифрлық тауарлар мен қызметтер көрсетуге салық салу үшін пайдаланылатын басқа да терминология туралы сөз болып отыр.

Сонымен бірге, құжатта шетелдік ұйымдар ЕАЭО елдерінде жеке тұлғаларға Интернет желісі арқылы қызмет көрсеткен кезде ҚҚС өндіріп алу бойынша ұлтүсті механизмін құру қажеттілігі атап көрсетілетін болады. Соның ішінде, осындай қызметтер көрсетудің бірыңғай тізбесін, оларды көрсету орындарын, ҚҚС төлеу және ҚҚС нөлдік мөлшерлемесін растау тәртібін және т.б. анықтау бағамдалуда. Тұжырымдамада тауарларды Интернет желісі арқылы жеке тұлғаларға сату кезінде ҚҚС өндіріп алу бойынша ұлтүсті механизмін құру мүмкіндігі қарастырылатын, цифрлық нысанда жүзеге асырылатын операциялардан салықтар өндіріп алу кезінде салықтық әкімшілендіру механизмін дайындау бойынша техникалық мәселелер және басқалар пысықталатын болады.

Электрондық сервистерді дамыту салық органдары тарапынан бақылауды жетілдіруге мүмкіндік береді. Бұл жалған кәсіпкерлік құрылымдардың қызметтерін, тіркелмеген бизнес-операцияларды, сондай-ақ акцизге жататын өнімнің заңсыз айналымын және «бұлыңғыр» импортты анықтауға және жолын кесуге, демек, көлеңкелі экономика көлемінің қысқаруына алып келеді, деп есептейді Тимур Жақсылықов.

Комиссияның басқа міндеттері ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ҚҚС бөлігіндегі салықтық заңнамасын үндестіру, салықтық әкімшілендіруді жетілдірудің және біріздендірудің мониторингін жүргізу, ЕАЭО елдерінің уәкілетті органдары арасында ақпараттық алмасу саласындағы жұмыс болып табылады. Сонымен бірге, ЕЭК министрі тікелей салық салу саласындағы ағымдағы қызмет және болашақ жоспарлар туралы  да хабарлады.