Жүйеге кіру
ЕЭК-те зияткерлік меншік саласындағы проблемалық мәселелер бойынша жұмыс жүріп жатыр

ЕЭК-те зияткерлік меншік саласындағы проблемалық мәселелер бойынша жұмыс жүріп жатыр

30.09.2016

29 қыркүйекте Минскіде Еуразиялық  экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Тимур Сүлейменовтің төрағалығымен Зияткерлік меншік жөніндегі консультативтік комитеттің сегізінші отырысы өтті.

Отырысқа қатысушылар мүше мемлекеттерде зияткерлік меншік саласындағы халықаралық шарттардың, атап айтқанда Еуразиялық экономикалық одақтың  тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері мен тауарларының шығарылған жерінің атаулары туралы шарттың, Авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібі туралы келісімнің, 2010 жылғы 21 мамырдағы Кеден одағы елдерінің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізілімі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобаларына қол қоюға дайындық қалай жүріп жатқанын талқылады.

ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Одақтың тауар белгілері туралы шартына жыл аяғына дейін қол қою жоспарлануда. Тимур Сүлейменов – «Бүгін біз ЕАЭО-ның тауар белгісі институтын енгізуге байланысты мәселелерді талқыладық. Бұл аса маңызды және қажетті институт: тауар белгісін тіркеу жолымен осы институт арқылы бірден бес мемлекетте қорғалуға болады. Беларусьтің, Ресейдің немесе Қазақстанның патенттік ведомствосына барудың, патенттік сенім білдірілген тұлғаларға ақша, баж төлеудің, уақыт жоғалтудың қажеті жоқ. Тиісті шарт қазірдің өзінде дайындалған, ол мемлекетішілік рәсімдерден өтуде. Барлық бес мемлекет оларды осы жылдың аяғына дейін аяқтап, құжатқа қол қойылады деген үмітім бар», - деп хабарлады.  

Отырыста ЕАЭО тауар белгілерін және Одақ тауарларының шығарылған жерінің атауларын тіркеу, құқықтық қорғау және пайдалану процестерін ақпараттық-техникалық қамтамасыз етуге, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізілімінің енгізілуіне байланысты мәселелер қаралды.

 Бұдан өзге, Еуразиялық үкіметаралық кеңестің тауар белгісіне, Еуразиялық экономикалық одақтың тауар белгісіне айрықша құқықты сарқа пайдалану қағидатын қолдануға қатысты өкімінің орындалуы жөніндегі жұмыс талқыланды.

 ЕЭК министрі «Бұл мәселе бойынша тараптардың ұстанымдары сан-саққа бөлінеді, құқықтарды сарқа пайдалану халықаралық қағидатын енгізу арқылы бірқатар тауарлар бойынша бәсекелестікті ұлғайту жөнінде уәждер бар. Беларусь тарапының өз өндірушілерін қорғау, инвестициялық тартымдылықты сақтау мақсатында тек айрықша өңірлік қағидат болуға тиіс деген уәждері бар. Бізді Беларусьтік әріптестеріміздің пікірін зерделеу және ұстанымдарды келісу бойынша байыпты жұмыс күтіп тұр», – деп атап өтті.

Отырыста 2016 жылғы 19 шілдеде күшіне енген, 2015 жылғы 8 қыркүйектегі Зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіру туралы шартты іске асыру тетіктері де қаралды.

Мүше мемлекеттерде белгіленген патенттік баждардың мөлшерін жақындастыру перспективалары талқыланды.

Қырғыз Республикасының өкілі отырысқа қатысушыларды Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қосылуға байланысты қабылданған зияткерлік меншік саласындағы міндеттемелердің орындалуы туралы хабардар етті.

Консультативтік комитет Халықаралық «Антиконтрафакт» форумы туралы ереже жобасын мақұлдады. Зияткерлік меншік жөніндегі консультативтік комитет жанынан Сарапшылық кеңес құру туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар отырыс барысында Одақ мемлекеттерінде кәсіпкерлік қызметті жүргізу жағдайында франчайзингті дамыту саласындағы проблемалық мәселелер талқыланды.

Отырысқа Консультативтік комитеттің Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдары мен бизнес қоғамдастықтарынан мүшелері, ЕЭК қызметкерлері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Анықтама

Зияткерлік меншік жөніндегі  консультативтік комитет Комиссия Алқасының 2012 жылғы 25 қырқүйектегі №172 шешімімен құрылған. Комитеттің негізгі міндеттері Комиссия Алқасы үшін зияткерлік меншік саласында ұсыныстар әзірлеу, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өкілдерімен консультациялар жүргізу болып табылады. ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Тимур Сүлейменов Комитеттің төрағасы болып табылады. Комитеттің құрамына мүше мемлекеттердің министрліктері мен ведомстволарының басшылары және басшыларының орынбасарлары, бизнес қоғамдастығының өкілдері кіреді. Комитет құрылған кезден бастап Комиссия Алқасының зияткерлік меншік саласындағы жұмысы үшін, атап айтқанда  халықаралық шарттарды әзірлеу жөнінде ұсыныстар тұжырымдалып әзірленді.