Жүйеге кіру
Тигран Саркисян: «Шешімдер қабылдаудың жылдамдығы – біздің Одаққа, соның ішінде көлік әлеуетін іске асыру саласына сын»

Тигран Саркисян: «Шешімдер қабылдаудың жылдамдығы – біздің Одаққа, соның ішінде көлік әлеуетін іске асыру саласына сын»

1 (1).jpg
30.09.2019
Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің вице-премьерлері мен Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян «Еуразия континентінің көлік әлеуеті» халықаралық форумы шеңберіндегі панельдік сессияда көлік әлеуетін дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Іс-шара 30 қыркүйекте Ереванда «Тумо» креативті технологиялар орталығында өтті.

Форумды Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян ашты. Ол Арменияның ЕАЭО органдарына төрағалығы кезеңінде Еуразиялық интеграцияның оң серпінін одан әрі қамтамасыз ету үшін барынша күш-жігер жұмсалғанын атап көрсетті. Экономикалық өсуге және Одақ елдері азаматтарының әл-ауқатын арттыруға қосымша серпіліс берілді. Интеграциялық бірлестіктегі негізгі басымдықтардың бірі - Одақтың ішкі тауар айналымы өсімін қамтамасыз ететін көлік инфрақұрылымының дамуы мен әртараптандырылуы, сондай-ақ тауарлардың сыртқы нарықтарға экспорты болып табылады.

«Тарихи жағынан Еуразия континенті сауда-экономикалық және мәдени процестердің мозаикасын білдіреді, оларда Шығыс пен Батыстың қиылысында, Ұлы Жібек жолында орналасқан Армения айтарлық маңызды рөл атқарды», – деді Армения Премьер-министрі.

Никол Пашинянның пікірінше, Иранмен, Вьетнаммен, Қытаймен, Сингапурмен сауда келісімдеріне қол қою, сондай-ақ Сербиямен, Мысырмен, Үндістанмен, Израильмен келісімдер Одақтың экономикалық әлеуетін нығайтып, оның әлемдік экономикаға толық интеграциясын қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен бірге көлік дәліздерінің кеңеюін және континенттің көлік әлеуетінің іске асырылуын қамтамасыз етеді.

«Армения Республикасы таяу болашақта жүк және жолаушы тасқынының болмай қалмайтын артуы тұрғысынан жаңа нарықтарға, қажетті инфрақұрылым мен логистикаға қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерді жұмсауға дайын, – деп мәлімдеді Никол Пашинян. – Армения ЕАЭО-ның ортақ электр энергетика нарығын және Иранның энергия жүйесін біріктіретін өңірлік электрэнергетикалық хаб та бола алады».

Тигран Саркисян Еуразиялық экономикалық одақ арқылы тасымал әлеуеті толық шамасында іске асырылмайтынына форумға қатысушылар назарын аударды. Бұл ретте ол ЕАЭО елдерінің үкіметтерінде қай бағытқа қарай қозғалу жөнінде консенсус және түсінік бар екенін атап өтті. «Бізде орасан зор көлік әлеуеті бар. Біз Одақ аумағында салыстырмалы артықшылығымызды іске асыруға, осы кеңістікті цифрлауға тиіспіз», – деген сенімде Тигран Саркисян. 

ЕЭК Алқасының Төрағасы әлеуеттің әлсіз іске асырылу проблемасы – шешімдер қабылдаудың жылдамдығы мен заңнаманың имплементациясында екеніне сенімді. Оның сөзінше, Одақта басқару жүйесін жетілдіру мәселесін талқылаудың қажеттігі пісіп-жетілді. «Біздің пікірсайыстарымыз бен қабылдап жатқан шешімдеріміз әлемдегі өзгерістердің масштабы мен жылдамдығына сәйкес келуге тиіс. Жобаларды іске асыру процесінде түзетулер енгізу мүмкіндігі болуы қажет», – деп атап көрсетті Тигран Саркисян.
Цифрландыру мәселесінде солай болды. 2016 жылы Комиссия ЕАЭО туралы шартта оның көзделмегеніне қарамастан, мемлекеттер басшылары мақұлдаған ЕАЭО-ның цифрлық күн тәртібін іске қосты. Қазір жұрттың бәріне түсінікті: «цифр» – тіпті қазірдің өзінде болашақ емес, бұл өркениетті әлемнің бүгінгі таңы. Және осындай замани шешім Одақ экономикасына жаһандық трендтер арнасында дамуға мүмкіндік берді.

«Шешімдер қабылдаудың жылдамдығы – біздің Одаққа, соның ішінде көлік әлеуетін іске асыру саласына сын. Бұл ұлтүсті органның тез шешім қабылдау өкілеттігі бар болуы үшін интеграцияны тереңдетуді білдіреді. Келісілген саясат рәсімінің ұдайы жетілдірілгені жөн», – деп атап өтті Тигран Саркисян.

Оның пікірінше, көлік әлеуетін іске асыру стратегиясында тез шешім қабылдайтын, жаңа замани инфрақұрылым, жүрдек жолдар салатын елдер көшбасшылық позицияда болады. Ұлтүсті орган бұған көмектесуге тиіс. Жекелеген үкіметтің ұлттық бағдарлама әзірлеп, кейін оны келісуді жүргізуі бір басқа да, шешімдер қабылдаудың жылдамдығын артыруға ықпал ете алатын және солай етуге тиіс Комиссияның бар болуы – бір басқа.

ЕЭК Алқасының Төрағасы статистика келтірді. ЕАЭО-дағы транзиттің құны тауардың түпкілікті құнының шамамен 30%-ын құрайды. Еуропалық одақта, АҚШ-та бұл - шамамен 10%. «Басқарудың мұндай жүйесі кезінде біз бәсекелестікке шыдай алмаймыз. Әрине біз жүк тасқынын өсірерміз, көлем де өсетін болар, бірақ ескі жүйе ең жоғары талаптарға сәйкес келуге және жаһандық өзгерістердің қарқынына ілесуге мүмкіндік бермейді. Транзиттік тасымалдардағы сыбағалы салмағымыз қысқара түсетін болады», – деді ол.
Ұлтүсті органға шешімдер қабылдау өкілеттігін беру қажет. Еуразиялық интеграциялық күн тәртібінің маңызды міндеті шешімдер қабылдаудың, оларды келісудің жеделдігі және одақтық реттеуші актілерге имплементациясының тездігі болуға тиіс. «Келісілген саясат – ЕАЭО туралы шартта жазып қойылған нәрсе. Заңнаманы, нормативтік актілерді үндестіру қажет», – деп түйіндеді Тигран Саркисян. 

Оның сөзінше, ұлттық нормативтік-құқықтық актілерді тиімді үндестіруге қол жеткізудің мысалы Одақтың Кеден кодесі болып табылады. Осы құжатты әзірлеу кезінде бизнестен 1000-нан астам ескерту түсті, оның 70%-ы ЕАЭО КК-де ескерілді. Нәтижесінде жүктерді кедендік тексеруден өткізу уақыты бірнеше рет қысқарды. Алайда бизнес-қоғамдастық ЕАЭО Кеден кодексіне салынған ілгерімпаз механизмдер баяу ендірілетінін атап өтуде.

Панельдік сессияның модераторы, ЕАЭО Іскерлік кеңесінің президенті Виктор Христенконың пікірінше, Одақ басымдықтарының арасында көлік әлеуеті, оның мүмкіндіктерін кеңейту мемлекеттер арасындағы сенімді арттыру екені сөзсіз. Әрі бұл тауарлар мен көлік құралдарының цифрлық бақылануына, ЕАЭО-да болып жатқан барлық процесс туралы сенімді түсінік беретін элементтерге сүйенуге тиіс. Виктор Христенконың пікірінше, инфрақұрылымдық жол түйісулері, көлік-логистика құрылымдары – Еуразиялық интеграциялық процестердің өте маңызды құраушылары.

«Егер Одақ елдері ішкіодақтық көлік саясатын тиімді іске асырса, өз көлік әлеуетін неғұрлым толық аша алады, – деп атап көрсетті Виктор Христенко. – Тиімді – демек, түсінікті, ашық әрі тосқауылсыз деген сөз». 

Ол замани әлемнің, соның ішінде транзит мәселесіндегі маңызды трендтердің бірі цифрлық трансформация мәселесі болып табылады деп санайды: «Айтарлықтай дәрежеде цифрлық трансформация бірқатар сын-қатерге жауап беруге қабілетті – бұл транзитті бақылау, тауарлардың және көлік құралдарының бақылануы. Мұның құралдары бар. Бұл жерде бірыңғай біріздендірілген тәсілдемені қатаң жүргізу қажет. Бұл бізге ЕАЭО ішінде жоғары көлік әлеуетін іске асырып қана қоймай, оның тиімділігін Одақтан тысқары әріптестеріміз үшін де көрсетуге мүмкіндік береді».

Армения Республикасының вице-премьер-министрі Мгер Григорян: «Армения - ЕАЭО елдерімен ортақ шекарасы жоқ Еуразиялық экономикалық одақтың жалғыз мемлекеті. Бұл бір жағынан біздің бәріміз үшін қосымша күш-жігерді талап етеді. Екінші жағынан, Одақ үшін – бұл басқа елдермен халықаралық ынтымақтастықты дамытудың мүмкіндігі», – деп атап өтті.

Беларусь Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Игорь Петришенко транзит бойынша көліктік құраушылары мен жоғары жылдамдықтары болмаса, ЕАЭО әлемдік саудада лайықты орнын ала алмайды деген сенімде. «Сол себепті біз өз инфрақұрылымымызды кеңейтіп, жетілдірудеміз, – деді ол. – Біз үшін ЕАЭО шеңберіндегі халықаралық автомобиль тасымалдары өте маңызды. Мұны біз бұрын белгілеп қойғанбыз, тиісті жоспарларды президенттер бекітті. Өкінішке қарай, бұл арада біз баяумыз және каботаждық тасымалдар мәселесін шешкен жоқпыз, бұл қосымша қиындықтар тудырады».

Игорь Петришенко көліктің барлық түріндегі транзиттік құраушыны цифрландырудың маңызын атап көрсетті. «Теміржолда қазірдің өзінде белгілі бір жылжу бар. Бірінші кезекте бұл құжаттарды ресімдеуді цифрландыру, электрондық қолтаңбаны тану және пайдалану. Аса маңызды құрауыш – авиация. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру керек».

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов соңғы онжылдықта Қазақстанда көлік инфрақұрылымы 30 млрд доллардан астам инвестицияланғанын мәлімдеді. «Қазақстан аумағында біз 11 халықаралық – бес темір жол, алты автомобиль маршрутын құрдық, – деп атап өтті Әлихан Смайылов. – Транзиттік-контейнерлік жүк тасымалы саны жыл сайын еселеніп келеді. Үстіміздегі жылы біз 2,5 млрд доллар табыс табуды жоспарлап отырмыз, келесі жылы бұл цифр тағы 30 %-ға артады».

Алайда оның пікірі бойынша Одақтың әрбір елінің нәтижесі бұдан да жақсы болуы мүмкін. Бұл үшін кедендік шекарадан өтуді тездету, рәсімдерді оңайлату қажет. Тауардың шекарада аз тоқтатылуы үшін тәуекелдерді басқару жүйесін пайдаланған жөн. 
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі атап өткендей, әзірге ЕАЭО-ның ортақ логистикалық дәліздерін құруды үйлестіру жеткіліксіз. Осыған байланысты ол Еуразиялық экономикалық комиссияға ЕАЭО-ның көлік инфрақұрылымын цифрлау мәселесін пысықтауды және жалпы үйлестіруді күшейтуді ұсынды. «Бұған қоса, бәрінен бұрын, Азия- Тынық мұхит өңірі мен Еуропалық одақтағы әріптестерімізбен диалогты кеңейту қажет. Тұтастай алғанда біздің көлік дәліздеріміз әріптестеріміз үшін тартымды болуы үшін көліктік құрауыштарды азайтуға қол жеткізуіміз қажет», – деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Қырғыз Республикасының вице-премьер-министрі Жениш Разаков Қырғызстанның ЕАЭО-ның барлық интеграциялық жобаларына, атап айтқанда, автомобиль тасымалдарын дамытуға белсене қатысатынын атап көрсетті. Республикада, транзиттік механизмдерді пайдалануды қоса, тауарлардың, қызметтер көрсетудің халықаралық айырбасы белсенді ынталандырыла түсуде. «Бүгінгі таңда Одақтың сыртқы контурындағы Қырғызстанның бақылау-өткізу пункттері тиісті инфрақұрылыммен, пайдалану-тексеріп қарау кешендерімен, тауарларды тездетілген режимде тексеруге және оларды сыртқы шекарадан өткізуге мүмкіндік беретін барлық қажетті нәрселермен жарақтандырылған».

Жениш   Разаков Қырғыз Республикасының бәсекелестік артықшылығы ретінде пайдалы географиялық орналасуын, ел арқылы жүк тасқынының тұрақты өсуін, ЕАЭО нарықтарына тікелей қол жеткізуді, елдегі қолайлы инвестициялық ахуалды бөліп көрсетті. Ол сондай-ақ Қырғызстан үшін транзит мәселесі өте маңызды екенін және республика Одақтың осы саладағы барлық бастамасын ілгерілететінін мәлімдеді.

Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары – Ресей Федерациясы Қаржы министрі Антон Силуанов Одақ елдері экономикасының табысы көп жағдайда логистика мен көлік дәліздерін ұйымдастыруға байланысты деген пікір білдірді.
«Егер ЕАЭО-ны тұтастай алатын болсақ, біз экономика көлемі жағынан кішкентай емеспіз және біздің өз ішімізде әбден жолға қойылған, тиімді жұмыс істейтін барлық түрдегі көлік жүйесі болуы керек», – деп атап өтті Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары. – Ресей туралы айтатын болсақ, оның аумағын ескере отырып, онсыз елеулі транзиттік процестер бола алмайтынын есте ұстаған жөн. Оның масштабы транзит саласында айрықша шешімдер қабылдауға мәжбүр етеді және Үкіметтің айрықша күш-жігерін талап етеді».

Сөзінің соңында Антон Силуанов былай деп атап көрсетті: «Көлік қызметтерін көрсету – кез келген мемлекеттің ЖІӨ-нің маңызды элементі. Үлкен өнеркәсіп болмағанның өзінде, жақсы көлік логистикасы бар болса, мемлекетке бұл көп кіріс әкелетін болады. Егер біз бизнестің тиімді жұмыс істеуін қалайтын болсақ, онда Одаққа жүктердің бақылануы қамтамасыз етілген, шектеулері жоқ тосқауылсыз орта қажет екені айқын».