Жүйеге кіру
ЕЭК-те Ішкі нарықтар, ақпараттандыру және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөнінде жаңа министр тағайындалды

ЕЭК-те Ішкі нарықтар, ақпараттандыру және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөнінде жаңа министр тағайындалды

2ab83cfc-fbc2-43d0-935a-4565f6c64f57.JPG
31.01.2020

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Ішкі нарықтар, ақпараттандыру және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Гегам Левонович Варданян 2020 жылғы 1 ақпаннан бастап жұмыс істеуге кіріседі. Армения Республикасының бұл өкілін тағайындау туралы шешімді Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің басшылары 2019 жылғы 20 желтоқсанда Санкт-Петербургте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында қабылдады.

Гегам Варданян бұл лауазымда Карине Минасянды ауыстырады.

ЕЭК-тің жаңа министрінің мемлекеттік билік органдарында жинақтаған жұмыс тәжірибесі бар. Соңғы уақытта Гегам Варданян Армения Республикасының Жоғары технологиялық өнеркәсіп министрінің орынбасары, ал бұған дейін Армения Республикасының Көлік, байланыс және ақпараттық технологиялар министрінің орынбасары қызметін атқарды.

«Ішкі нарықтарды цифрландыру және дамыту ЕАЭО-ға мүше елдердің экономикасы өсуінің түйінді драйверлерінің бірі болып табылады. Цифрлық жобаларды іске асыру жаңа технологиялық салтқа көшуді жеделдетеді және Одақ ішінде интеграциялық процестерді дамыту үшін бұдан да қолайлы орта жасайды. Бірлескен күш-жігерімізбен тосқауылдарды алып тастау және ЕАЭО елдерінің цифрландыру процесін жеделдету мәселесінде айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізе аламыз деп сенемін», – деп атап өтті Гегам Варданян.

Оның ірі халықаралық компанияларда жұмыс істеген мол тәжірибесі бар. Он жылдан астам уақыт National Instruments басшылығы позицияларында болды. Бұл - автоматтандырылған тестілеу және модельдеу жүйелері үшін аппараттық және бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеудегі әлемдік көшбасшылардың бірі. Сондай-ақ Гегам Варданян әртүрлі салалардағы кешенді инженерлік шешімдер бойынша өнімдер мен қызметтер көрсету ұсынатын YEA Engineering жетекші армян компаниясының бизнесті дамыту бойынша бағытына басшылық етті.

Гегам Варданян Ресей-Армян (Славян) университетінің қолданбалы математика және информатика факультетін бітірген.​