Жүйеге кіру
Тигран Саркисян: «ЕАЭО елдерінің цифрлық трансформациясын бірге жүзеге асыруға тиіспіз»

Тигран Саркисян: «ЕАЭО елдерінің цифрлық трансформациясын бірге жүзеге асыруға тиіспіз»

31.01.2020

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерін цифрлық егемендікті қамтамасыз ету және деректерді қорғау мәселелерін бірлесіп шешуге шақырды. Бұл туралы ол 31 қаңтарда Алматыда (Қазақстан) өткен «Жаһандық экономиканың цифрлық болашағы» форумында мәлімдеді.

ЕЭК Алқасының Төрағасы Одақ елдерінің алдында тұрған басты сын-тез ретінде цифрлық трансформацияны басқаруды атады. Ол ЕАЭО мемлекеттерінің цифрлық егемендікті қамтамасыз ету және деректерді қорғау мәселелерін бірлесіп шешуі қажеттігін атап өтті.

«Жаңа цифрлық шынайылықта біз өзіндік экожүйемізді құруға міндеттіміз. Цифрлық трансформация мемлекеттік құрылымның логикасын өзгертеді және оны біз бірге жүзеге асыруымыз керек», – деп санайды Тигран Саркисян.

Ол Еуропалық одақтың мысалын келтірді. Бірнеше жыл бұрын Еуроодақ маңызды құжат - «Деректерді қорғау туралы жалпы ережелерді» (General Data Protection Regulation) қабылдады. «Құжатқа сәйкес Еуроодақ аумағында ЕО азаматтарының пайдаланушылық деректерін қорғайтын, жекеше, коммерциялық және заңи маңызы бар ақпараттың жайылып кетуін болдырмайтын сайттар мен платформалар жұмыс істей алады. Осыдан кейін бірнеше жүздеген сайт пен платформа осындай тыйымға тап болды. ЕАЭО шеңберінде, өкінішке қарай, ешқандай шектеулер жоқ және бұл компаниялар біздің Еуразиялық кеңістікте еркін жұмыс істейді», – деді ЕЭК Алқасының Төрағасы.

Оның пікірінше, өзіндік экожүйе ЕАЭО елдеріндегі компанияларға бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

«Біз трансұлттық компаниялар жасаған нәрселерді көшіруге тырыспауымыз керек. Біз өзіміздің жеке жүйемізді тұжырымдауға тиіспіз, ал мұның кілті - осы процесті басқарудың замани жүйелері. Мұны біз тек бірге жасай аламыз, біздің елдеріміздің ешқайсысы да цифрлық егемендігін жеке өзі іске асыра алмайды. Жалғыз мүмкіндік - мұны Еуразиялық жоба етіп жасау», – деп түйіндеді Тигран Саркисян.​