Жүйеге кіру
Еуразиялық үкіметаралық кеңес: ЕАЭО елдерінің назары тосқауылдарды, алып қоюлар мен шектеулерді жоюға шоғырландырылатын болады

Еуразиялық үкіметаралық кеңес: ЕАЭО елдерінің назары тосқауылдарды, алып қоюлар мен шектеулерді жоюға шоғырландырылатын болады

31.01.2020

31 қаңтарда Алматыда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің (ЕҮАК) отырысына Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Сергей Румас, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин, Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Мухаммедкалый Абылгазиев, Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустин, Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян, сондай-ақ ЕАЭО-дағы байқаушы елдің өкілі - Молдова Республикасының Премьер-министрі Ион Кику қатысты.

Отырысты аша отырып, ЕҮАК төрағасы, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Сергей Румас Беларусь тарапы Еуразиялық интеграцияны одан әрі үдемелі дамыту үшін барлық күш-жігерді қабылдауға ниетті екенін мәлімдеді. «Ең алдымен, біздің назарымыз ЕАЭО нарықтарындағы тосқауылдарды, алып қоюлар мен шектеулерді жоюға, сондай-ақ кедергілердің жаңа түрлерінің пайда болу мүмкіндігін болдырмауға бағытталады. Осы мақсатқа қол жеткізу құралдарының бірі - Еуразиялық экономикалық комиссияның ұлтүсті құзыретін, бірінші кезекте техникалық реттеу, санитариялық және фитосанитариялық шараларды қолдану, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру, субсидия беру сияқты салаларда күшейту болып табылады», – деді Сергей Румас.

Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян да ортақ экономикалық кеңістікті қалыптастыруға кедергі келтіретін қалған тосқауылдарды, алып қоюлар мен шектеулерді жоюдың маңыздылығын атап өте келіп, «ЕАЭО-да ортақ энергетикалық және көлік нарықтарын қалыптастыруға бағытталған күш-жігерді ерекшелеп көрсету, тариф белгілеу және табиғи монополиялардың қызметтер көрсетуіне қол жеткізу саласында кемсітпеушілік тәсілдемелерін қамтамасыз ету қажет» деген сенім білдірді.

«Одақ органдары жұмысының тиімділігін арттыру және көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту біздің ұдайы назарымызда болатын тағы бір бағыт болып табылады», – деді ол.

Никол Пашинян атап өткендей, Армения ЕАЭО цифрлық күн тәртібін іске асыруды дәстүрлі түрде белсенді қолдайды. «Цифрлық көлік дәліздерінің экожүйесін қалыптастыру тауарлар мен қызметтер көрсетуді тұтынушының, өндірушінің және сатушының арасындағы қашықтықты қысқартуға мүмкіндік береді деп есептейміз. Бұл нарықты бұдан да жетілдіре отырып, жеткізу уақытын айтарлықтай қысқартады».

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин өтініштерді қарау процесін үш айға дейін жеделдетуге мүмкіндік беретін Тосқауылдарды жою тәртібіне түзетулерді жедел келісу қажеттігін ерекшелеп көрсетті. Ол 2021 жылдың соңына дейін ЕАЭО елдерінде өткізілетін мемлекеттік сатып алуды толығымен электрондық форматқа көшіруді ұсынды.

«Электрондық цифрлық қолтаңбаларды өзара тану арқылы электрондық форматтарда өткізілетін мемлекеттік сатып алуға қатысуды қамтамасыз ету мемлекеттік сатып алу нарығын дамыту мақсаттарының бірі болып табылады», – деп атап өтті Асқар Мамин.

Қырғызстанның Премьер-министрі Мухаммедкалый Абылгазиев тосқауылдарды жою бойынша тиімді жүйе құру үшін бірқатар шаралар қабылдау қажет екендігіне сенімді. Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық комиссияға мүше мемлекеттердің ЕАЭО құқығын бұзатын ұлттық актілерінің күшін жою туралы шешім қабылдау жөнінде қосымша өкілеттіктер беру. «Бұдан басқа, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының шешімдерін орындамаған жағдайда ЕАЭО Сотының белгілі бір санкциялар салу және өтемақы өндіріп алу механизмін ендіру өте маңызды», – деді Мухаммедкалый Абылгазиев.

Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустин Еуразиялық интеграцияны дамытудың бірнеше түйінді бағыттарын атады. Оның сөзінше, ортақ нарықтың ашықтығын арттыратын механизм - тауарлардың қадағалануы мен таңбалануы маңызды. «Ресей тарапы оны тауарлардың кең тізіміне таратуды ұсынды. Естеріңізге сала кетейік, біз әріптестерімізге түсіністікпен қарадық және елімізде аяқ киім таңбалауды ендіру мерзімін 2020 жылғы 1 наурызға ауыстырдық. Екіншісі - түрлі салаларда қағидатты түрде жаңа мүмкіндіктер ашатын экономиканы цифрландыру», – деп атап көрсетті Михаил Мишустин.

Ол сондай-ақ фитосанитария және ветеринария мәселелері бойынша цифрлық өзара іс-қимылды «теңшеуді» жеделдету, карантиндік және ветеринариялық бақылауға жататын тауарлар мен жүктердің орнын ауыстыруының қадағалануына мүмкіндік беретін бірыңғай жүйе құру қажет екендігіне сенімді. «Біз белорустық әріптестерімізбен ветеринариялық сертификаттау желісі бойынша осындай жұмысты іс жүзінде аяқтап келеміз. Қазақстанмен карантинге жатқызылған өнім бөлігінде осындай процесс іске қосылды. Егер біз күш-жігерімізді біріктірсек, онда адамдарды сапасыз өнімдерден қорғап, осы саладағы бақылаудың тиімділігін арттыра аламыз», – деп мәлімдеді РФ Үкіметінің Төрағасы.

ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян Еуразиялық экономикалық комиссияның түйінді жетістіктеріне назар аударды. «Біз қолайлы бизнес-орта құрдық. Жаңа Кеден кодексін қабылдадық, соның арқасында кедендік операциялар мерзімі екі есе және тауарларды шығару мерзімі алты есе қысқарды. 53 секторда бірыңғай қызметтер көрсету нарығының режимі жұмыс істейді, бұл өндірілетін қызметтер көрсету көлемінің 55%-дан астамын құрайды. Одақта жалпы қағидалар бойынша айналысқа түсетін өнімнің 85%-ы үшін техникалық регламенттер қабылданды. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың ортақ нарығы іске қосылды», – деді Тигран Саркисян.

Ол 2025 жылы энергетика, көлік, қаржы саласында ортақ нарықтарды іске қосу үшін ЕАЭО туралы шартта көзделген барлық қажетті құжаттар қабылданғанын да атап көрсетті. «Қадағалану және таңбалау туралы келісімге қол қойылды. Біз Одақ ішіндегі тосқауылдармен күресті институцияландырдық.2016 жылдан бастап 51 кедергі жойылды. Соңғы төрт жылда Одақ ішіндегі өзара тауар айналымы 32% өсті», – деді ЕЭК Алқасының басшысы.

«ЕЭК елдердегі цифрлық күн тәртібінің жол көрсетушісі болды. 80 бастама қаралып, бес жүйе құраушы цифрлық жоба іске қосылды. Өнеркәсіпте 16 Еуразиялық технологиялық платформа құрылды. Мүше мемлекеттер арасындағы өңдеуші өнеркәсіп өнімдерін кооперациялық жеткізу көлемі тек 2018 жылы 44% артты», – деп атап өтті ЕЭК Алқасының Төрағасы.

Бұдан басқа, Тигран Саркисянның сөзінше, Одақтың имиджі елеулі түрде артты. «Бірнеше ондаған ел мен бірлестік бізбен жұмыс істейді және жұмыс істегісі келеді. Біз Еуропалық одақпен техникалық диалогты бастадық. АСЕАН, МЕРКОСУР, Африка одағы сияқты түйінді өңірлік интеграциялық бірлестіктермен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Қытаймен сауда-экономикалық келісімге қол қою арқылы Еуразиялық одақ пен Жібек жолының Экономикалық белдеуін ұштастыру жолында маңызды қадам жасалды. Одақтың еркін сауда аймақтары желісі кеңейді, ол неғұрлым экономикалық қолайлылық режимімен әлемдік жалпы өнімнің 22%-ын қамтып отыр», – деп түйіндеді ЕЭК Алқасының Төрағасы.​