Жүйеге кіру
ЕЭК Кеден одағының техникалық регламенттерін қолдану мәселелері бойынша Қырғыз Республикасына консультация береді

ЕЭК Кеден одағының техникалық регламенттерін қолдану мәселелері бойынша Қырғыз Республикасына консультация береді

31.03.2017

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Бішкекте Қырғыз Республикасының Экономика министрлігінде Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) Кеден одағының 18 техникалық регламентінің сәйкестігін бағалаудың және оларды қолданудың өзекті мәселелері бойынша семинар өткізді. Техрегламенттер тамақ өнеркәсібі, балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдердің қауіпсіздігі, теміржол көлігі, жиһаз өнімдері, жеңіл өнеркәсіп секілді және басқа салаларға қатысты болып отыр. 

Іс-шара өндірушілерді, экспорттаушыларды, мемлекеттік органдардың және сәйкестікті бағалау бойынша органдардың өкілдерін, елдің сынақ зертханаларының өкілдерін техникалық регламенттердің Қырғыз Республикасында қолданылу практикасы туралы хабардар ету үшін ұйымдастырылды.

Ел үкіметі бизнес-қоғамдастықты техникалық реттеу мәселелері бойынша хабардар етуге ерекше көңіл бөледі. «ЕАЭО-да интеграцияның базалық элементі және Еуразиялық экономикалық комиссия қызметінің аса маңызды бағыты техникалық реттеу болып табылады. Қырғызстан үшін де бұл маңызды мәселе, өйткені біз қауіпсіз және сапалы өнімге өте мүдделіміз», – деп атап өтті Қырғыз Республикасы Экономика министрлігінің сәйкестікті бағалау жүйесін реттеу бөлімінің бастығы Бакыт Шабданов.

Семинарда ЕЭК Техникалық реттеу және аккредиттеу департаментінің өкілдері Кеден одағының техникалық регламенттерін тамақ өнеркәсібінің, жаппай тұтыну тауарларының, машина жасаудың, шикізаттың қауіпсіздігі секілді салаларда қолдану туралы айтып берді, сондай-ақ Одақта өнімнің сәйкестігін бағалау туралы хабардар етті.

Өнімдердің техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігін бағалау рәсімдерінің ерекшеліктері туралы және Қырғыз Республикасында Кеден одағының (ЕАЭО) техникалық регламенттерін қолдану бойынша шарттар мен өтпелі ережелер туралы сұрақтарға жауаптар тыңдаушылардың аса көп қызығушылығын тудырды.

ЕЭК өкілдері осы техрегламенттер бойынша 2017 жылғы 12 тамыздан бастап бұрын Қырғыз Республикасының заңнамасында белгіленген міндетті талаптарға өнімдердің сәйкестігін бағалау туралы құжаттарды беруге немесе қабылдауға жол берілмейтіні жайлы хабардар етті.

Мұндай құжаттар 2017 жылғы 12 тамызға дейін берілуі немесе қабылдануы шартымен көрсетілген құжаттар бойынша тауарларды өндіруге және айналысқа шығаруға 2019 жылғы 12 тамызға дейін рұқсат етіледі.

Қырғызстанда көрсетілген техрегламенттердің техникалық реттеу объектісі болып табылатын және 2017 жылғы 12 тамызға дейін Қырғыз Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті талаптарға сәйкестікті бағалауға жатпайтын өнімдерді 2018 жылғы 12 тамызға дейін сәйкестікті міндетті бағалау туралы құжаттарсыз және ұлттық сәйкестік белгісімен таңбалаусыз өндіруге және айналысқа шығаруға болады.