Жүйеге кіру
ЕЭК министрі Татьяна Валовая: «ЕЭК АҚШ-пен және ЕО-мен экономикалық ынтымақтастық және көпформатты өзара іс-қимыл саласында кеңейтілген диалог жүргізуге дайын»

ЕЭК министрі Татьяна Валовая: «ЕЭК АҚШ-пен және ЕО-мен экономикалық ынтымақтастық және көпформатты өзара іс-қимыл саласында кеңейтілген диалог жүргізуге дайын»

31.03.2017

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Интеграция және макроэкономика жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Татьяна Валовая шетелдік іскер топ өкілдерімен кездесті. Ресейдегі Америка сауда палатасында 50-ден астам шетелдік компаниялар мен бизнес-қауымдастықтардың, сондай-ақ дипломатиялық миссиялардың, соның ішінде АҚШ, Финляндия, Швейцарияның өкілдері жиналды.

Татьяна Валовая өз сөзін Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің 2015-2016 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларына арнап, ЕАЭО шеңберінде Интеграцияны тереңдету жөніндегі комиссияның жұмысы туралы, сондай-ақ Одақтың үшінші елдермен және интеграциялық бірлестіктермен өзара іс-қимыл бойынша халықаралық қызметі туралы айтып берді. 

Татьяна Валовая шетелдік бизнес-қоғамдастығы өкілдерінің алдында сөз сөйлей отырып, Еуразиялық экономикалық одақ барлық халықаралық экономикалық қатынастар жүйесінің толық құқылы қатысушысы болып табылатындығын және көпнұсқалы форматта сындарлы ынтымақтастықты мақсат ететінін атап өтті. ЕЭК министрі кездесуге қатысушылардың назарын «ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер алғаш рет 2016 жылы Азия-Тынық мұхит өңірі елдерінен Еуропалық одақ мемлекеттеріне қарағанда көбірек импорттағанына» аударды.

Татьяна Валовая тауарлардың, қызметтер көрсетудің, капиталдың және жұмыс күшінің бірыңғай нарықтарын құруға байланысты мәселелерді қараудағы бизнестің маңызды рөлін атап өтті. Ол Комиссияның шешімдер қабылдау кезінде ЕЭК-тің диалог жүргізуге және кәсіпкерлік топтардың пікірлерін ескеруге мүдделілігін растады.

ЕЭК министрі ЕАЭО-ның америкалық және еуропалық іскер топтармен өзара қарым-қатынасты дамыту туралы сұраққа жауап бере отырып: «Біздің қызметіміз тек қана экономикалық мәселелерге қатысты және, бірінші кезекте, екі жаққа да тиімді ынтымақтастықты нығайтуға әрі дамытуға бағытталғандықтан, Еуразиялық экономикалық комиссия АҚШ-пен де, Еуропалық одақпен де кеңейтілген диалог жүргізуге дайын. Америкалық және еуропалық бизнес уәкілетті ұлттық органдардың тиісті шешімдер қабылдауын мүдделікпен қолдай алады. Еуразиялық экономикалық комиссия тарапынан біз ешқандай кедергілер көріп отырған жоқпыз», - деп мәлімдеді.

Бұдан басқа, шетелдік компаниялардың өкілдері ЕАЭО-ның жаңа Кеден кодексін енгізуге, техникалық регламенттерді әзірлеудің қолданыстағы жүйесіне, Қытаймен сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға, сондай-ақ ЕАЭО дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар нарығын ырықтандыруға байланысты сұрақтарға жауаптар алды.

Анықтама
Ресейдегі Америка сауда палатасы (АСП) – 1994 жылы құрылған, Ресей Федерациясындағы шетелдік бизнестің жетекші қауымдастықтарының бірі. Палата 500-ге жуық компанияның мүддесін білдіретін үкіметтік емес коммерциялық емес ұйым болып табылады. АСП мүшелері арасында Ресейде жұмыс істейтін аса ірі америкалық корпорациялар, сондай-ақ халықаралық нарықтарда операцияларды жүзеге асыратын ірі еуропалық және ресейлік компаниялар бар. АСП Ресейде кәсіпкерлік қызмет және инвестициялар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға және халықаралық іскерлік қоғамдастықпен оның сауда-экономикалық қатынастарын дамытуға жәрдемдеседі. АСП АҚШ-та бизнеспен және үкіметтік құрылымдармен тұрақты диалогты ұстанады.