Жүйеге кіру
ЕАЭО елдері 2020 жылға қарай сыйымдылығы 200 млрд АҚШ долларынан асып түсетін органикалық өнімнің әлемдік нарығының 20%-ға дейінгі үлесін алуы мүмкін

ЕАЭО елдері 2020 жылға қарай сыйымдылығы 200 млрд АҚШ долларынан асып түсетін органикалық өнімнің әлемдік нарығының 20%-ға дейінгі үлесін алуы мүмкін

31.03.2017

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) бағалауы бойынша, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мемлекеттері өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру үшін жыл сайын үшінші елдерден 2 млрд АҚШ долларынан астам сомаға ресурстар сатып алуға мәжбүр. Импортқа тәуелділікті қалай азайтуға және өзіндік өндірісті, соның ішінде органикалық өнім өндірісін қалай арттыруға болатыны туралы мәселелер 30 наурызда «Өсімдік шаруашылығы саласындағы инновациялық технологиялар – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру факторы» атты дөңгелек үстелде талқыланды. Іс-шараны ЕЭК Агроөнеркәсіптік саясат департаменті ұйымдастырды.

ЕЭК Агроөнеркәсіптік саясат департаментінің директоры Станислав Бубен талқылауды аша отырып, ЕАЭО-ның барлық елдері үшін ауыл шаруашылығы дәстүрлі стратегиялық сала болып табылатынын атап айтты. ЖІӨ-дегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлес салмағы айтарлықтай жоғары: Арменияда –17,3%, Беларусьте – 6,7%, Қазақстанда – 14%, Қырғызстанда – 7%, Ресейде –3,9%-ға жуық. Бұл ретте оның жартысынан астамы – өсімдік шаруашылығы өнімдерінің үлесі.

ЕЭК болжамына сәйкес, 2017-2018 жылдары ЕАЭО бойынша ауыл шаруашылығында өндіріс өсімі 2016 жылмен салыстырғанда 8%, экспортта – 19%, өзара саудада – 15% құрайды. Импорт 15%-ға қысқарады. 

Сонымен бірге АӨК-те жалпы және атап айтқанда, өсімдік шаруашылығы саласында бірқатар шешімін таппаған мәселелер қалып отыр. Бұл, ең алдымен, техникалық-технологиялық жаңғыртуда артта қалу, өндірістің және ресурстардың: тұқымдардың, жемшөптің, өсімдіктерді қорғау құралдарының, ауыл шаруашылығы жабдықтар мен техникасының импорттың жоғары технологиялық құралдарына тәуелділігі. Соңғы бес жылда ЕАЭО елдерінде ауыл шаруашылығы тұқымдары импортының жылдық орташа көлемі құндық көріністе 750 млн.-нан астам АҚШ долларын құрады. 2016 жылы 859 млн. АҚШ долларына пестицидтер әкелінді.

«Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, импортты алмастыру мәселелері мүше мемлекеттердің экономикасы үшін стратегиялық басымдыққа айналды. Бұл ретте АӨК-те импорт алмастырудың базалық элементтері ЕАЭО елдерінде импортқа тәуелділігі сын көтермейтін тұқым шаруашылығын, химияландыруды, тамақ өнімдерін өзіндік өндіруді, техникалық және технологиялық құралдарды дамыту болып табылады, – деп атап өтті Станислав Бубен. – Біз бизнес пен ғылымның өзара тиімді ынтымақтастығын дамыту, бірлескен кооперациялық, соның ішінде шетел капиталы қатысатын жобаларды қалыптастыру мүмкіндігі жолдарын табуға тиіспіз. Бұл өзіндік инновациялық технологиялар мен жаңашыл шешімдер негізінде өндірісті арттыра түсуге мүмкіндік береді».

Дөңгелек үстелге қатысушылар Еуразиялық технологиялық платформалардың қатысуымен тиімділігі жоғары технологияларды әзірлеуге ғылымның күш-жігерін шоғырландыруды ұсынды. Мәселен, өсімдік шаруашылығында техниканы және технологияны басқаруға арналған спутниктік навигациялау жүйелерін пайдалана отырып инновациялық үнемдеуші технологияны қолдану, алқаптарды картаға түсіру, тыңайтқыштарды дәл енгізу өндіріс шығындарын едәуір азайтуға ықпал етеді.

Селекция саласында мамандар сорттарды селекциялық жетістіктердің ұлттық тізілімдеріне енгізуге қатысты заңнаманы біріздендіру, сорттық және егістік сапаны растайтын құжаттарды өзара тану, сондай-ақ Одақ шеңберінде селекционерлердің өсімдік сортына құқықтарын қамтамасыз ету қажеттілігін атап өтті. Бұл жаңа өнімділігі жоғары сорттар мен жоғары сапалы тұқымдарды шаруашылық айналымға ендіруді жылдамдатады. 

Бұдан басқа, осы саладағы зерттеулердің қайталануын болдырмау, жетістіктер туралы ақпаратқа қолжетімділік алу үшін Одақта күнбағыс, жүгері және қант қызылшасы бойынша бірыңғай селекциялық бағдарламаларды қалыптастыру қажеттілігі атап өтілді. 

Климаттың өзгеруі жағдайында жеміс-жидек дақылдарын өндірудің перспективалық инновациялық агротехнологияларын талқылау барысында дөңгелек үстелге қатысушылар географиялық ақпараттық жүйені пайдалана отырып нақты егіншілік жүйесін ендіру бойынша кооперациялық жобаны құруға дайын екендерін білдірді. Бұл жеміс-жидек көшеттерін ұтымды орналастыруға, сөйтіп, шығымдылығын 2-3 есе арттыруға, өндірістің орнықтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы бағыттағы алғашқы қадамдардың бірі ЕАЭО елдерінің ғылыми ұйымдары арасында өзара іс-қимыл жөніндегі меморандумға жоспарланып отырған қол қою болмақ.

Картопты қайта өңдеу және жемшөп өндіру бойынша өндірісті дамыту мақсатында Одақ шеңберінде картоп және топинамбур бойынша индустриялық агротехнопарктер құрудың перспективалы болатындығы атап өтілді. 

Іс-шараға қатысушылар органикалық аграрлық саланы дамытуға және дәстүрлі ауыл шаруашылығын биологизациялауға ерекше назар аударды. Сарапшылардың бағалауы бойынша, Одақ мемлекеттері 2020 жылға қарай сыйымдылығы 200 млрд АҚШ долларынан асатын органикалық өнімнің әлімдік нарығының 20% дейінгі үлесін алуы мүмкін. Бұл үшін ғылыми ұйымдар мен өсімдіктерді қорғаудың микробиологиялық құралдарын, негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғаудың биологизацияланған және интеграцияланған жүйелерін өндірушілердің ынтымақтастығын дамыту қажет. ЕАЭО елдерінде әзірленген өсімдіктерді қорғаудың инновациялық құралдарын, атап айтқанда жәндіктердің феромандарын, наноөлшемді препараттарды, сондай-ақ микротыңайтқыштардың жаңа нысандарын пайдалану өсімдік шаруашылығын экологияландыруды қамтамасыз етуге және нарықта сұранысқа ие органикалық өнімді өндіруді арттыра түсуге мүмкіндік береді.

Одақ шеңберінде көпфункционалды биопрепараттарды, сондай-ақ өсімдіктерді қорғаудың микробиологиялық құралдарын мемлекеттік тіркеудің үндестірілген жүйесін әзірлеу де органикалық егіншілікті дамытуға ықпал етеді.

Іс-шараға Одақ елдерінің мемлекеттік органдарының, салалық ведомстволарының, қауымдастықтарының, ғылыми және білім беру ұйымдарының, бизнес-қоғамдастықтарының 100-ден астам өкілдері, сондай-ақ БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) Еуропа және Орталық Азия елдеріне арналған өңірлік бөлімшесінің, Еуропалық бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.

Анықтама: 
Еуразиялық технологиялық платформалар ғылыми-техникалық, инновациялық және өндірістік салалардағы мүдделі тараптарды кооперациялау механизмі болып табылады және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бизнестегі, ғылымдағы, мемлекеттегі алдыңғы қатарлы ұйымдары, қоғамдық ұйымдары арасындағы ынтымақтастық үшін жағдай жасау жолымен қалыптастырылады.