Жүйеге кіру
2020 жылға қарай ЕАЭО елдерінде аквадақыл өнімдерінің өндірісі 350 мың тоннаға дейін өседі

2020 жылға қарай ЕАЭО елдерінде аквадақыл өнімдерінің өндірісі 350 мың тоннаға дейін өседі

30.05.2017

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінде соңғы жылдары балық шаруашылықтарында балық өндірісінің орнықты өсуі байқалады. Жалпы ЕАЭО-да 2016 жылы 200 мың тоннадан астам өндірілген, бұл осыдан екі жыл бұрынғы көрсеткіштің шамамен бестен бір бөлігіне артық. Fish & SeaFood халықаралық саммиті және АӨК-ке арналған VIV Russia 2017 инновациялық технологиялар көрмесі шеңберінде Мәскеуде өткен дөңгелек үстелге қатысушылар Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріндегі істің бүгінгі жай-күйін және аквадақылды дамыту перспективаларын талқылады.

Іс-шараға Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК), ЕАЭО мемлекеттері ғылыми мекемелерінің, балық өсіру және балық өңдеу кәсіпорындарының өкілдері және т.б. қатысты.

ЕЭК Агроөнеркәсіптік саясат департаменті директорының орынбасары Айна Құсайынова ЕАЭО-да келісілген агроөнеркәсіптік саясат жүргізілетінін, Комиссия мүше мемлекеттерде аквадақылды дамыту тұжырымдамасының жобасын әзірлегенін атап өтті. Тоғандағы балық шаруашылығының негізгі объектілері тұқы, дөңмаңдайлар, ақ амур болып табылады. Индустриялық балық шаруашылығы бекірелер, албырттар, сиг балықтары, жайындар және т.б. өндірісін ұлғайту есебінен дамып келеді. Одақ елдерінде Аквадақылды дамыту тұжырымдамасын және осы саланы дамыту бойынша ұлттық жоспарларды іске асыру мемлекетаралық өзара іс-қимылды пайдаланған жағдайда 2020 жылға қарай аквадақыл өнімдерінің өндірісін 350 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

«Бүгінде мүше мемлекеттер балық шаруашылығында әлемдік балық өндірісінің шамамен төрттен бір пайызын және балық аулауда бес пайызын қамтамасыз етеді, – деп атап өтті Айна Құсайынова. – Арменияда аквадақылды едәуір дамыту орын алды, бұл халықтың балық өнімдеріне сұранысының 95 пайызын жабуға мүмкіндік береді. Ресей, керісінше, балық аулау өнімдері есебінен сұраныстың 96 пайызға жуығын қамтамасыз етеді және Беларусьпен, Қазақстанмен және Қырғызстанмен қатар осы саланы дамытуда елеулі әлеуетке ие».

Дөңгелек үстелге қатысушылар технологияларды дамыту, ресурстық және кадрлық қамтамасыз ету мәселелеріне, ғылыми әзірлемелерге, саланы мемлекеттік реттеу шараларына ерекше назар аударды, бұл ЕАЭО шеңберінде оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Пікірталас барысында жемшөппен қамтамасыз ету саласында инвестициялық жобаларды іске асыру, қолдан балық шабақтары материалдарын өндіру, инновациялық технологияларды пайдалана отырып бірлескен ғылыми әзірлемелер жүргізу қажеттілігі туралы ұсыныстар айтылды. Бұл саланың импортқа тәуелділігін төмендетуді де қамтамасыз етуі тиіс. 

Дөңгелек үстел аяқталғаннан кейін іс-шараға қатысушылар Мәскеу түбіндегі Бисеровский балық комбинатына барып, онда балық шаруашылығы саласындағы инвестжобалардың бірін іске асырудың табысты тәжірибесімен: тоғанда балық өсіру және жыл бойына сауда желілеріне жеткізу ерекшеліктерімен танысты.

Анықтама
«Еуразиялық экономикалық одақта аквадақылды дамыту әлеуеті» дөңгелек үстелін Еуразиялық аквадақыл альянсы мен «Асти Групп» көрме компаниясының қатысуымен ЕЭК Агроөнеркәсіптік саясат департаменті ұйымдастырды.