Жүйеге кіру
ЕАЭО-ның бәсекелестік құқығын жетілдіру кезінде ЮНКТАД ұсынымдары пайдаланылатын болады

ЕАЭО-ның бәсекелестік құқығын жетілдіру кезінде ЮНКТАД ұсынымдары пайдаланылатын болады

31.07.2020
БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) сайтында Еуразиялық экономикалық одақтың бәсекелестік құқығын талдау нәтижелері туралы есеп жарияланды.

ЕАЭО бәсекелестік құқығын талдау ЮНКТАД-тың Үлгілік заңына, бәсекелестік құқық мәселелері бойынша ЮНКТАД-тың бұдан бұрынғы зерттеулеріне, сондай-ақ дамыған елдердің бәсекелестік заңнамасы саласындағы таңдаулы халықаралық практикаларына негізделген.

Талдау нәтижелері бойынша ЮНКТАД сарапшылары 2015 жылы ЕАЭО туралы шарт күшіне енген сәттен бастап Еуразиялық экономикалық одақта бәсекелестіктің тиімді өңірлік режімі қолданылады деген тұжырымға келген.

Сарапшылар дайындаған ұсынымдар бәсекелестік саласындағы Одақ құқығын жетілдіру кезінде пайдаланылатын болады.

Мысалы, сарапшылар Еуразиялық экономикалық комиссияға Еуразиялық нарықта жұмыс істейтін, шаруашылық қызметі ЕАЭО нарығына теріс әсер ететін кез келген шетелдік субъектілерді жауапкершілікке тарту мүмкіндігін беруді, сондай-ақ ұлтүсті деңгейде экономикалық шоғырлануды бақылау жүйесін әзірлеу мүмкіндігін қарауды ұсынды. Сондай-ақ, есепте Одақтың бәсекелестік ведомстволарының деңгейлес ынтымақтастығын жеңілдете отырып, тиімді құқық қолдану үшін маңызды болуы мүмкін іс жүргізу нормаларын үндестіруді жүзеге асырған орынды болар еді деген ой айтылады. Бұзушылықтармен жұмыс істеу тәртібін, нарықты трансшекаралық нарыққа жатқызу критерийлерін, бәсекелестіктің жай-күйін бағалау әдістемелерін, монополиялық жоғары (төмен) бағаларды айқындау, айыппұл салу есебі мен тәртібін, сондай-ақ бәсекелестік саласында Одақ құқығын құратын бірқатар басқа да құжаттарды жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірленді.

Анықтама

ЮНКТАД бәсекелестік заңнамасы мен саясатына жатқызылған барлық мәселеге қатысты БҰҰ Хатшылығында үйлестіруші орталық рөлін атқарады. Дамушы елдерге және ауыспалы экономикасы бар елдерге бәсекелестік заңнамасы мен саясатын, сондай-ақ тұтынушылар құқығын қорғау заңнамасы мен саясатын ендіруге және дамытуға, озық халықаралық тәжірибені пайдалануға, осы салаларда өңірлік саясат құруды қолдауға көмектеседі.​