Жүйеге кіру
ЕЭК аудит, есептілік және бухгалтерлік есеп бойынша ырықтандыру жоспарларының жобасын мақұлдады

ЕЭК аудит, есептілік және бухгалтерлік есеп бойынша ырықтандыру жоспарларының жобасын мақұлдады

31.08.2016

30 тамызда Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасы екі бағыт - аудит, есептілік және бухгалтерлік есеп бойынша қызметтер көрсетудің бірыңғай нарығын қалыптастыру жөніндегі ырықтандыру жоспарларының жобаларын мақұлдады.

Аудит саласындағы ырықтандыру жоспарының бірінші кезектегі іс-шарасы Еуразиялық экономикалық одақ аумағында Аудиторлық қызмет туралы келісім жобасын әзірлеу болып табылады. Құжат аудиторлық қызметтер көрсетудің бірыңғай нарығын қалыптастыруға бағытталған. Осылайша, ол Одақтың кез келген мемлекетінің тұлғаларына шектеулерсіз және алып қоюларсыз аудиторлық қызметтерді көрсету және алу құқығын беруді көздейді. Бұдан өзге, бұл тұста Еуразиялық одақтың барлық елдерінің аумағында аудиторлардың біліктілік аттестаттарын тану туралы және Одақтың бір мемлекетінің аудиторлық ұйымы берген аудиторлық қорытындыларды (есептерді) Одақтың екінші елінің аумағында тану туралы сөз болып отыр.

Қазіргі кезде Келісім жобасы бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Ол 2017 жылы аяқталады деп болжануда.

Есептілік және бухгалтерлік есеп бойынша ырықтандыру жоспарының жобасы Одақ елдерінің осы саладағы ұлттық нормативтік құқықтық актілері ережелеріне салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізуді көздейді. Алшақтықтарды анықтау қорытындысы бойынша мүше мемлекеттердің тиісті нормативтік базасын үндестіру бойынша, оның ішінде халықаралық қаржы есептілігінің стандарттарын (ХҚЕС) қолдану бөлігінде ұсыныстар әзірлеу болжанады.

Таяу уақытта ырықтандыру жоспарларының жобалары Комиссия Кеңесінің қарауына шығарылатын болады. Ырықтандырудың түпкілікті жоспарларын ЕАЭО елдерінің президенттері Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында мақұлдайды.

Қызметтер көрсету нарықтарын ырықтандыру нарықтарды ұлғайту үшін мүмкіндіктер жасау арқылы Одақ елдерінің бизнесі үшін жағдайларды жақсартуға  арналған.

Бұрын қызметтер көрсетудің жекелеген секторларын ырықтандырудың 18 жоспары қаралып, мақұлданғанын еске саламыз. Одақ шеңберінде бірыңғай нарық қалыптастыру ырықтандыру жоспарларына сәйкес жүзеге асырылатын қызметтер көрсету секторларының тізбесі   ЖЕЭК-тің  2015 жылғы 16 қазандағы №30 шешімімен бекітілген.