Жүйеге кіру
Цифрлық күн тәртібі және ең жоғары интеграциялық әлеуеті бар салаларды қолдау: Еуразиялық үкіметаралық кеңестің қорытындылары

Цифрлық күн тәртібі және ең жоғары интеграциялық әлеуеті бар салаларды қолдау: Еуразиялық үкіметаралық кеңестің қорытындылары

07.03.2017

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) қызметінің негізгі бағыттарын 2017 жылы ЕАЭО елдері үкіметтерінің басшылары Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында 7 наурызда Бішкекте талқылады.  Цифрлық күн тәртібі, машина жасауды қолдау, өзара сауданың жай-күйі, жоғары интеграциялық әлеуеті бар нақты секторлар салаларын және көрсетілетін қызметтер салаларын бағалау мәселелеріне көп көңіл бөлінді. 

Отырысқа Армения Республикасының Премьер-министрі Карен Карапетян, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Андрей Кобяков, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Дмитрий Медведев және Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян қатысты.

Отырысты аша отырып, Үкіметаралық кеңестің төрағасы, Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Сооронбай Жээнбеков Одақтың барлық елдерінің ұлттық үкіметтерін Еуразиялық кеңістікте бизнесті дамытуға арналған жағдайлар жасауға өздерінің назарларын шоғырландыруға шақырды. «ЕАЭО елдерінің еңбекшілері мен олардың отбасы мүшелерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қол қою, Цифрлық кеңістікті қалыптастыру стратегиясын  қабылдау, өнеркәсіптік ынтымақтастықтың жобалары мен бастамаларын іске асыру, ЕАЭО көрсетілетін қызметтерінің нарығын ырықтандыру және басқалары сияқты мәселелер Одақ қызметінің басты аспектілері болуға тиіс. Бүгін үкіметтердің басшылары ЕЭК-ке ұлттық үкіметтермен бірлесіп қысқа мерзімде Жоғары кеңестің төрағасы  – Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаевтың бастамаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын дайындауды тапсырды», – деп хабарлады Сооронбай Жээнбеков.

ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян ортақ нарықтарды құру, өзара сауданы дамыту және барлық салаларда кооперацияға арналған мүмкіндіктерді іздестіру жөніндегі ЕЭК пен ЕАЭО елдері үкіметтерінің бірлескен жұмысы жаһандық қатерлер мен қауіптерді еңсеруге мүмкіндік береді, - деп атап өтті. «2017 жылы бірыңғай экономикалық кеңістікті одан әрі цифрлау, жоғары интеграциялық әлеуеті бар салаларды дамыту, бизнестің қызметі үшін кедергілердің санын азайту және Одақтың елдерінде өндірілетін өнімдерді үшінші елдердің нарықтарына экспорттау үшін жағдайлар жасау мәселелері Комиссияның жұмысындағы негізгі басымдықтар болып табылады. Қызметтің барлық осы бағыттары бизнесіміздің бәсекеге қабілеттілігін, оның технологиялық құзыретін арттыруға және біздің елдерімізде инвестициялық климатты жақсартуға мүмкіндік береді», - деп хабарлады Тигран Саркисян үкіметтердің басшыларына.

Цифрлық күн тәртібі  
ЕЭК жанынан ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисянның басшылығымен 2025 жылға дейін ЕАЭО-ның Цифрлық күн тәртібін іске асырудың негізгі бағыттарын дайындау жөніндегі жұмыс тобы құрылатын болады. Оған Одақтың әрбір елінен осы бағыттарды іске асыруға жауапты министрлер кіреді.  

Таяу уақытта мүше мемлекеттер ЕЭК-ке ЕАЭО-ның ортақ цифрлық күн тәртібінің шеңберінде қандай бағыттар басымдықтардың қатарына енгізілетіні және қандай жобалар іске асырылатыны туралы ұсыныстар береді.

ЕАЭО-ның интеграциялық әлеуеті  
Үкіметаралық кеңестің мүшелері жоғары интеграциялық әлеуеті бар экономиканың салаларын анықтау бойынша Комиссия мен Одақ елдерінің бірлескен жұмысының нәтижелерін қарады. Жұмыс мемлекеттер басшыларының тапсырмасы бойынша Одақтың Экономикалық дамуының негізгі бағыттарын іске асыру мақсатында жүргізілді.

Интеграцияның драйверлері болуы мүмкін, оның ішінде  импортты алмастыру әлеуеті, өзара сауданың және үшінші елдерге  экспорттаудың өсуі, қосылған құн тізбегін қалыптастыру, экономикаға арналған мультипликативтік тиімділікті қамтамасыз ету сияқты 300-ге жуық тауарлық позиция мен көрсетілетін қызметтер бірқатар критерийлердің негізінде бөлініп алынды.

Жоғары мультипликативтік тиімділігі бар салалардың қатарына  машина жасауды, металлургияны, химияны және мұнайхимияны, көлік пен байланысты жатқызуға болады. Дамуына Одақтың елдері ерекше мән беріп отырған  100-ден астам позиция – «болашақтың технологиясы» жекелеген санатқа бөлінген. Бұл ақпараттық технологиялар, жаңа материалдарды әзірлеу, нано- және биотехнологиялар, медицина және денсаулық сақтау саласындағы инновациялар, энергия үнемдейтін технологиялар, соның ішінде «ақылды» желілер және бірқатар басқалары.

ЕАЭО елдерінің өзара саудасы: оң болжам 
Үкіметаралық кеңес мүше мемлекеттер арасындағы өзара сауданың жай-күйі туралы Комиссия дайындаған баяндаманы қарады. Онда экономикалық белсенділіктің қалпына келтірілгені атап өтілді. Атап айтқанда, 2016 жыл өзара сауданың физикалық көлемінің өсуімен, құндық көрсеткіштер серпінінің, өзара сауда құрылымының жақсаруымен, оның үлесінің сыртқы сауда айналымында өсуімен, сондай-ақ үшінші елдерге тауарлар импорты көлемінің азаюымен сипатталады. Өткен жылы Армениядан  Одақ елдеріне тауарлар экспорты  1,5 есе, Беларуссиядан –  2,2%, Қырғызстаннан –  4,4% өсті.

ЕАЭО елдерінің машина жасауын қолдау 
Үкіметаралық кеңес үшінші елдердің нарықтарына ЕАЭО-да жасалған  тракторлардың, комбайндардың, аспалы механизмдер мен ауыл шаруашылығы техникасының басқа да түрлерінің  экспортын ынталандыру үшін бірлескен шараларды елдердің іске асыруы туралы шешім қабылдады. Экспорттық тәуекелдерді сақтандыру және қайта сақтандыру тетіктерін, экспорттық қаржыландыру бағдарламаларын дамыту,  техникалық қызмет көрсету жөніндегі ортақ сервистік желілерді қалыптастыруды ынталандыру ұсынылады. 

Импортты алмастыруды қолдау және Одақ елдерінде ауыл шаруашылығына арналған электрондық жинақтаушыларды, қозғалтқыштарды, трансмиссияларды,  гидравлика элементтерін, көпірлерді және басқаларын жинақтайтын өндірісті ұйымдастыру жөніндегі бағдарлама - Одақ елдерінің жаңа технологияларды меңгеруіне және бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Ұсынылатын шаралардың арасында – өндірістік қуатты түрлендіретін кәсіпорындарды қолдаудың әртүрлі нысандары, соның ішінде жеңілдік шарттарында жабдықтың лизингісі бар.

«Ауыл шаруашылығына арналған жинақтаушы жабдықтарды шығару жөніндегі өндірістерді ұйымдастыру сияқты шешімдер еуразиялық интеграцияның тиімділігін арттырудағы практикалық қадамдардың жақсы үлгісі болып табылады. Премьер-министрлер өзара саудадағы және үшінші елдерге экспорттың әлеуетін ұлғайту жөніндегі үйлестірілген іс-қимылдар туралы шешім қабылдады», - деп хабарлады Сооронбай Жээнбеков.

Үкіметаралық кеңестің келесі отырысы осы жылдың мамыр айында Қазанда өтеді.