Жүйеге кіру
ЕЭК Алқасының отырысында демпингке қарсы шаралар қолдану туралы шешім қабылданды және техрегламент жобасы мақұлданды

ЕЭК Алқасының отырысында демпингке қарсы шаралар қолдану туралы шешім қабылданды және техрегламент жобасы мақұлданды

11.05.2017

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасы 11 мамырдағы отырысында қытайлық және украиндық металлургия кәсіпорындары өндіретін металл өнімдерінің кейбір түрлеріне қатысты демпингке қарсы шаралар қолдану туралы шешім қабылдады, өрт қауіпсіздігін және өрт сөндіруді қамтамасыз ету құралдарының техрегламенті жобасын мақұлдады, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріне ЕАЭО елдерінің кәсіби спортшыларын үшінші елдердің спорттық легионерлері деп аталатындарға теңестіретін шектеулерді жоюды ұсынды, тауарларды сыныптау бойынша шешімдер қабылдады.

ЕЭК Алқасы Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кедендік аумағына әкелінетін украиндық ыстықтай жатықталған болат бұрыштарға қатысты 37,89 % мөлшерінде алдын ала демпингке қарсы бажды енгізді. Демпингке қарсы шараның әрекет ету мерзімі – төрт ай. Одақ елдерінің кеден органдарына шешімнің орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Комиссияның ЕАЭО ішкі нарықты қорғау департаменті бірқатар ірі ресейлік металлургиялық кәсіпорындар: Батыс-Сібір, Төменгі Тагил, Магнитогорск металлургия комбинаттары, сондай-ақ «Северстальдің» екі ірі кәсіпорны берген өтініштерді қарау нәтижелері бойынша өткен жылы тамызда украиндық бұрыштарға қатысты демпингке қарсы тергеп-тексеруді бастады. Тергеп-тексеру ЕАЭО туралы шарттың үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану бойынша ережелеріне сәйкес жүргізілді. 

Нәтижесінде ЕЭК «Азовсталь», Енакиев металлургия зауыты және басқа да украиндық өндірушілер өндіретін тауарға ЕАЭО аумағына демпингтік импортын белгіледі. Одаққа бұрыштарды импорттау кезіндегі демпингтік маржа 37,89 % мөлшерінде айқындалды. ЕАЭО елдерінің металлургия саласына едәуір материалдық шығын келтірілді. Мысалы, салада өндіріс көлемі 14,4 %-ға, өткізу көлемі – 11, 8 %-ға, пайда – 50,3 %-ға, негізгі құралдарды пайдаланудан табыстылық – 2,5 есе төмендеді.

Бұдан басқа, демпингке қарсы тергеп-тексеруді қайта жүргізуге байланысты ҚХР өндіретін және ЕАЭО-ға әкелінетін полимерлік жабындысы бар металпрокатқа қатысты демпингке қарсы шараны 2018 жылғы ақпанның соңына дейін ұзарту туралы шешім қабылданды. Тергеп-тексерудің басталуы туралы хабарлама ЕАЭО ресми сайтында орналастырылған және мына сілтеме бойынша қолжетімді: https://goo.gl/Zq2pdo​.

ЕЭК Алқасының мүшелері Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) «Өрт қауіпсіздігі және өрт сөндіру құралдарына қойылатын талаптар туралы» техникалық регламенттің жобасын мақұлдады. Құжат өрт сөндіру автомобильдерінің, сатылардың, өрт автоматикасы жүйелерінің, өрт сөндіргіштердің, көбіктендіргіштердің, тыныс алу органдарын жеке қорғау құралдарының және басқа да өрт жабдықтары мен тетіктерінің қауіпсіздігі талаптарын белгілейді. Ол адамдардың өмірі мен денсаулығын, мүліктер мен қоршаған ортаны өрттен қорғау мақсатында әзірленді. Техрегламентті жауапты әзірлеуші – Ресей ТЖМ. Құжаттың жобасы бойынша ЕАЭО елдерінде мемлекетішілік келісуді және жария талқылауды қоса алғанда, Одақтың заңнамасында көзделген барлық рәсімдер өткізілді. Жоба метрологиялық және құқықтық сараптамадан өтті. Техрегламентті ЕЭК Кеңесінің таяу арадағы отырыстарының бірінде Одақтың бес мемлекетінің вице-премьерлерінің шешімімен қабылдау жоспарлануда.

Оларға қатысты Одақ елдерінде әртүрлі құқық қолдану практикасы қалыптасқан тауарларды сыныптау бойынша бірқатар шешімдер қабылданды. Айталық, бүріккіш принтерге арналған сия толтырылған картриджді ЕАЭО-ның сыртқы экономикалық қызметі Бірыңғай тауар номенклатурасының (СЭҚ ТН) 8443 99 900 0 кіші субпозициясына сыныптауға шешім қабылданды. Зерленген немесе зерленбеген қасбет керамикалық плиткасы ЕАЭО-ның СЭҚ ТН 6907 тауар позициясында сыныпталуы тиіс.

«Картоптық пәлекалыстатқы» тауарына қатысты ЕАЭО-ның СЭҚ ТН 8433 59  қосалқы позициясына сыныптау айқындалды. Киімге арналған тұрмыстық бумен жібіткіш ЕАЭО-ның СЭҚ ТН 8516 тауар позициясына, ал әртүрлі ингредиенттер қосып тұздап дайындалған тұздалып кептірілген балық – ЕАЭО-ның СЭҚ ТН 1604 позициясына сыныпталатын болады. 

Шешімдер ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді және ЕАЭО-ның барлық елдері аумағында қолдану үшін міндетті болады. Бұл шешімдер Одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарының санамаланған тауарларды сыныптау кезінде бірыңғай тәсілдемелерді қолдануына мүмкіндік береді.

ЕЭК Алқасының отырысында Одаққа мүше мемлекеттерді ЕАЭО елдерінің легионер спортшылары үшін белгіленген сандық шектеулерді жою бөлігінде ЕАЭО туралы шартты орындау қажеттілігі туралы хабардар ету туралы шешім қабылданды. Комиссия ЕАЭО елдері үкіметтерінің шешім күшіне енгеннен кейін он күндік мерзімде Одақ елдерінің кәсіби ойыншыларына қатысты анықталған шектеулерді жоюға бағытталған шаралар туралы хабарлауын өтінеді.

Қазіргі уақытта ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің барлығында Одақ елдерінің азаматтарына оларды үшінші елдердің спортшыларына теңестірілетін және «лимиттік шектеулер» деп аталатын ықпалға түсетін талаптар қолданылады.

Алайда, ЕАЭО туралы шартқа сәйкес, қатысушы елдер ЕАЭО-ның еңбекшілеріне ұлттық еңбек нарығын қорғау үшін енгізілген және шетелдік жұмысшыларға қолданылатын шектеулерді белгілемеуі және қолданбауы тиіс. ЕЭК шешімі туралы нақтырақ қараңыз: https://goo.gl/wZ3NT2​