Навіны

23.12.2021 (Обновлено: 12.04.2022 11:34)

ЕАЭО елдері еңбекшілердің пандемия кезіндегі еркін қозғалысын қамтамасыз ету жөніндегі жалпы тәсілдемелерді тұжырымдайды және денсаулық сақтау саласында кооперациялық жобаларды дамытады

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Одақтағы жұмыс күшінің пандемия кезіндегі еркін қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған ұсыным қабылдады.


Құжатты ұсына отырып, ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Руслан Бекетаев COVID-19 жағдайындағы Одақтың бірыңғай еңбек нарығының тез өзгермелі ахуалы ЕАЭО елдері азаматтарының жұмысқа орналасуына жәрдемдесудің икемді механизмдерін жасау қажеттігін талап ететінін атап өтті.

Ұсынымда пандемия кезінде бірыңғай интеграциялық кеңістікте еңбек көші-қоны процестерін реттеу мәселелерінде жалпы тәсілдемелер тұжырымдауға айқындап көңіл аударылған.

ЕАЭО елдеріне басқа мүше мемлекеттердің жұмысқа орналастыру мемлекетінің жұмыс берушісі және құзыретті органдары берген жұмысқа қабылдау туралы расталған уағдаластықтары бар азаматтарын өз аумағына кіргізуге рұқсат беру ұсынылады.

Бұдан басқа, ұсынымда шығу мемлекетінің және жұмысқа орналастыру мемлекетінің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарын сақтау мәселелері ескерілген.

Алқа отырысы барысында сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы, бәрінен бұрын ғылыми зерттеулер мен жұқпалы аурулардың профилактикасы, диагностикасы және емдеу бойынша инновациялық әзірлемелерді ендіру саласындағы кооперациялық жобалар бойынша ұсыныстар қаралды.

Бұл ұсыныстар Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарының денсаулық сақтау саласындағы шаралары мен механизмдерін іске асыру шеңберінде әзірленген.

Руслан Бекетаевтың сөзінше, денсаулық сақтау саласында бірлескен бастамалар мен кооперациялық жобаларды іске асыру ЕАЭО елдері ғылымының өзара интеграциясы үшін жағдайлар жасауға, жаңа білім алуға, жаңа технологияларды игеруге және барлық ел үшін ауқымды теріс әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соқтырған жаңа COVID-19 коронавирус инфекциясының пандемиясы сияқты жаһандық қатерлер жағдайында айрықша маңызды ғылыми байланысуды жолға қоюға ықпал етеді.

«Мұндай жобалар ЕАЭО шеңберінде білімнің бірлескен генерациясына ықпал ететін болады, өйткені бүгінде денсаулық сақтаудың неғұрлым маңызы бар проблемаларын бірлесіп қана шешу мүмкін болады», — деді Руслан Бекетаев.