News

27.04.2021 (Обновлено: 29.12.2021 16:44)

ЕАЭО мен Колумбия 2021 жылы ынтымақтастық күн тәртібін кеңейту туралы уағдаласты

Еуразиялық экономикалық комиссияның Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев пен Колумбияның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Лопес Альфонсо Кабальеро Еуразиялық экономикалық одақ мен Колумбия Республикасы арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Кездесу 27 сәуірде ЕЭК штаб-пәтерінде болып өтті. Тараптар ынтымақтастықты дамытуды бұдан да кең тұрғыда – Колумбия мүшесі болып табылатын Тынық мұхит альянсымен және Анд қоғамдастығымен ЕЭК-тің өзара іс-қимылы шеңберінде талқылады.

«Тынық мұхит альянсы – Латын Америкасындағы, биыл құрылғанына он жыл толу мерейтойы аталып өтетін, серпінді дамып келе жатқан интеграциялық бірлестіктердің бірі. Біздің ынтымақтастығымыздың күн тәртібін кеңейту үшін дербес «ЕАЭО — Тынық мұхит альянсы» іс-шарасын ұйымдастыруды ұсынамыз. Ол ЕАЭО мен Тынық мұхит альянсын дамытудың ағымдағы жай-күйін ғана емес, қазіргі заманғы жаһандық геоэкономикалық проблемаларды талқылаудың тұрақты алаңы бола алар еді», — деді Сергей Глазьев.


Колумбия Елшісі өз кезегінде мүндай іс-шараны өткізу бастамасын құптады және 2021 жылы Тынық мұхит альянсында төрағалық ететін Колумбия мәселелердің кең тобы бойынша осындай форум ұйымдастыруға барынша жәрдемдеседі деп мәлімдеді.

ЕЭК-тің Интеграцияны дамыту департаментінің директоры Гоар Барсегян Колумбия өкілдерін ЕАЭО елдерінде өтетін түйінді форумдар мен конференцияларға – Еуразиялық форумға және Астана экономикалық форумына қатысуға шақырды. Бұдан басқа, ол 2021 жылы Нью-Йоркте ЭКОСОС Орнықты даму жөніндегі жоғары деңгейдегі саяси форум (ОДСФ) алаңында өңірлік деігейдегі Орнықты даму мақсаттарын іске асыруға арналған дербес іс-шара ұйымдастыруды, сондай-ақ осы мақсаттарға жетудегі ЕАЭО мен Тынық мұхит альянсы шеңберіндегі интеграциялық іс-шаралардың үлесін бағалауды ойластыруды ұсынды.

Тараптар жедел «сағат салыстыру» үшін тұрақты жұмыс байланыстарын ұстап тұруға уағдаласты.

Анықтама
Еуразиялық экономикалық комиссия 2015 жылы Чилимен және Перумен, 2020 жылғы 11 желтоқсанда ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесіне ие болған Кубамен 2018 жылы өзара түсіністік туралы меморандум жасасты.

Колумбия Республикасымен Комиссияның ресми екіжақты қатынастары орнатылмаған, ынтымақтастық ЕЭК-тің ол мүшесі болып табылатын Анд қоғамдастығымен (ЕЭК пен Анд қоғамдастығы Бас хатшылығының арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға 2017 жылғы 23 наурызда ЕЭК делегациясының Лимаға сапары барысында қол қойылды), сондай-ақ Тынық мұхит альянсымен (ЕЭК пен Тынық мұхит альянсының Негіздемелік келісіміне қатысушы мемлекеттер арасындағы әріптестік туралы декларацияға 2019 жылғы 5 шілдеде Лимада Тынық мұхит альянсы 14-саммиті барысында мемлекет басшылары деңгейінде қол қойылды) өзара іс-қимылы шеңберінде дамуда.