News

06.08.2021 (Обновлено: 10.01.2022 10:46)

ЕЭК пен «Сколково» қоры өнеркәсіптегі және АӨК-тегі ынтымақтастықты күшейту туралы уағдаласты

Еуразиялық экономикалық комиссия Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің инновациялық орталықтармен ынтымақтастығының бірқатар өнеркәсіптік және аграрлық бағыттары бойынша кооперацияны ынтыландыруға ниетті. Бұл туралы ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян «Сколково» инновациялық орталығына жұмыс сапары барысында «Жаңа технологияларды әзірлеу және коммерцияландыру орталығын дамыту қорының» төрағасы Аркадий Дворковичпен кездесуінде мәлімдеді.
«Ғылым мен білім беру аса маңызды элементтер болып табылады, олар болмаса, интеграция процесін елестету қиын және «Сколково» алаңында ғылыми жетістіктер мен олардың практикалық қолданылуының ұштасуын қадағалау Одақтағы әлеуетті мүмкіндіктер туралы бұдан да дәл түсінік қалыптастыруға көмектеседі», — деп атап өтті Артак Камалян.


Сапар барысында ЕЭК министрі «Сколково» инновациялық орталығының мүмкіндіктерімен және білім беру мен кадрларды даярлау жүйесіндегі виртуалды шынайылық құралдарын пайдалану саласындағы, ірі өнеркәсіптік объектілеріндегі әртүрлі процестердегі атқарымдармен танысты. Артак Камалян орталықтың базасындағы зертханалардың, Сколково ғылым және технологиялар институтының, соның ішінде ауыл шаруашылығы жануарларының асыл тұқымдық құндылығын геномдық бағалау әдістері желісі, жаңа композитті материалдар дайындау мен аддитивті технологиялар әзірлеу жөніндегі атқарымдарын зерделеді.

Артак Камалян мен Аркадий Дворкович академиялық ұтқырлықты қалыптастыру, ауыл шаруашылығында тұқым шаруашылығының проблемаларын шешу, ЕАЭО елдері нарығына стартаптар мен жобалық өнімді ілгерілету жөніндегі ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайындықты атап көрсетті. «Сколково» қорының жұмыс тәжірибесін ескере отырып, Одақ елдерінде инновациялық орталықтар құру мүмкіндігі талқыланды.

Тараптар өнеркәсіптегі және агроөнеркәсіптегі ынтымақтастық мәселелерін ЕЭК-тің «Сколково» қорымен қазір әзірленіп жатқан келісімі жобасына кірістірудің орындылығы туралы пікір алмасты.

Анықтама

«Сколково» қоры - Ресей Федерациясында 2010 жылы құрылған және «Сколково» инновациялық орталығының басқарушы компаниясының функциясын атқаратын коммерциялық емес ұйым. Қордың мақсаты - Ресейдегі технологиялық кәсіпкерлікті қолдау және ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелерін коммерцияландыру. Қордың миссиясы - экожүйені құру, инновациялық процесс үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыру: ғалымдар, конструкторлар, инженерлер мен бизнесмендер білім беру жобаларына қатысушылармен бірлесіп, бірқатар басым бағыттар бойынша әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті ғылымды қажетсінетін әзірлемелерді жасау бойынша жұмыс істейді.