News

12.05.2021 (Обновлено: 20.12.2021 12:03)

ЕЭК Астық жөніндегі халықаралық кеңеспен ынтымақтастықты дамытады

12 мамырда Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян мен Астық жөніндегі халықаралық кеңестің атқарушы директоры Арно Пети ЕЭК пен Астық жөніндегі халықаралық кеңес (АХК) арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Құжат дәнді, бұршақ, майлы дақылдар мен күріш жөніндегі сұраныс пен ұсынысты болжау саласындағы тәжірибе мен деректерді, сол сияқты Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің және астықтың әлемдік нарығына ықпалын тигізуші АХК-ге қатысушы елдердің аграрлық саясатындағы өзгерістер туралы ақпарат алмасуды көздейді. Өзара іс-қимыл бірлескен консультациялар өткізу және талдамалы құжаттар дайындау шеңберінде жүзеге асырылады.

«Меморандумға қол қою азық-түлік қауіпсіздігі үшін маңызды тауар – астықтың халықаралық саудасы саласында ЕЭК пен АХК арасындағы жүйелі ынтымақтастықты құруға мүмкіндік береді. Бұл ЕАЭО-ның келісілген агроөнеркәсіптік саясат шеңберінде тиімді шешімдер тұжырымдауына ықпал етеді», — деп атап көрсетті ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян.
Анықтама:

Астық жөніндегі халықаралық кеңес — 1949 жылы Лондонда (Ұлыбритания) негізі қаланған үкіметаралық ұйым. Оның қызметі 1995 жылғы Астық саудасы туралы конвенцияға сәйкес дәнді дақылдар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған және астық, майлы тұқымдар мен күріш саудасына қатысты. ЕАЭО елдері ішінен Қазақстан мен Ресей АХК мүшесі болып табылады.