News

19.11.2021 (Обновлено: 29.03.2022 10:47)

ЕЭК: 2022 жылы ЕАЭО-дағы ауыл шаруашылығы өнімінің өзара саудасының өсімі 16% құрайды

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің Премьер-министрлері Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында Комиссия дайындаған және Одақ мемлекеттерімен келісілген 2021-2022 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың бірлескен болжамдарын, мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы өнімі, азық-түлік, зығыр талшығы, тері-былғары шикізаты, мақта талшығы және жүн бойынша сұраныстары мен ұсыныстарының теңгерімін мақұлдады.

«Құжат ауыл шаруашылығы өндірісінің динамикасын ізеуіртті талдауды, тұтастай ЕАЭО-дағы және әрбір мемлекет бойынша агроазық-түлік тауарларының сыртқы және өзара саудасының көлемін қамтиды», — деп атап көрсетті ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян.

Болжам бойынша, 2022 жылы ЕАЭО-да ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісі 2019 жылғы деңгейге қарағанда долларлық баламасында 2% артады деп күтілуде.

Астық, өсімдік майлары, сүт, шошқа еті, сиыр еті, көкөністер мен жемістер өндірісі неғұрлым тез қарқынмен өсетін болады.

Өзара сауданың өсуі 16% құрайды, үшінші елдерге экспорт 9,5% өседі, импорт 3% қысқарады, соның себебінен сыртқы сауданың теріс сальдосы 5,8-ден 2,5 млрд долл.дейін азаяды.

Экспорт бойынша сүт өнімі 2,6 есе, құс еті 1,7 есе, сиыр еті 1,6 есе, шошқа еті 1,4 есе және қант 1,8 есе өседі деп күтілуде. Сондай-ақ дәнді дақылдар экспорты 23%, көкөніс 21%, картоп экспорты 7% артады.

Болжамға сәйкес, 2019 жылмен салыстырғанда импорт бойынша астық 1,7 есе, қант 1,8 есе, сүт өнімі 29%, жұмыртқа 23%, қой еті 16%, картоп пен сиыр еті 8%, шошқа еті 6% қысқарады.

«Одақ өзінің астық, өсімдік майлары, тауық жұмыртқасы, қой еті мен шошқа еті өндірісі есебінен ішкі тұтынуды толық қанағаттандырады. 2022 жылы ЕАЭО көкөніс-бақша дақылдары бойынша өзін-өзі толық қамтамасыз етуге қол жеткізе алады.Өз өндірісімен қамтамасыз етілу құс еті мен картоп бойынша 99%, сүт бойынша 98%, сиыр еті бойынша 93% деңгейінде күтілуде. Сонда да, таяудағы перспективада Одақта жемістер бойынша өзін-өзі қамтамасыз етудің төмен деңгейі (47%) сақталады, бұл ЕАЭО-дағы бақша шаруашылығын дамыту жөніндегі алдағы жұмыстың маңызды векторын аңғартады», — деп атап өтті ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян.

Артак Камалянның сөзінше, бірлескен болжамдар — АӨК-ті дамыту жөніндегі жүйелі құжат, ол өзара жеткізілімдердің әлеуетін, АӨК салаларын дамыту перспективаларын, Одақ нарығының сыйымдылығын ескере келе, олардың инвестициялық тартымдылығын бағалау және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін негіз болып табылады.